Жазылар әлі талай естеліктер

Бүгін белгілі журналист, ақиық азамат Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаевтың бір жылдық асы. Өткен жылдың 1 қарашасында мезгілсіз өмірден озған аяулы әріптесіміздің жарқын бейнесі көз алдымыздан кетер емес. Іздейміз, сағынамыз. Сосын да соңында қалдырған айшықты ізін естеліктер кітабында жаңғыртып, жақсы атын мына жарық дүниеде тағы бір әйгілеп отырмыз!

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

 Уақыт шіркіннің өлшеміне сыйып кете барар адам ғұмырының өлшемі де, шексіздігі де бар екен. Өлшемі санаулы жылдарың мен жер басып жүрген күндерің болса керек-ті. Ал, ғұмырыңның  шексіздігі санаулы жылдарың мен жер басып жүрген күндеріңнен кейінгі өзіңсіз жалғасар өмірің болар, бәлкім?!
Осы бір ойлар қайран да, қайран Дәкеңді… Дәуренбек Ақбекұлын есіме алған сайын санамда беки түсері бар. Мына жарық дүниеде алпыс бес жас қана жасап кете барған Дәуренбектің өлшемі шексіз ғұмырының енді өзінсіз жалғас тапқандығына қуандым. Айналайын Дәкеңнің шексіз ғұмырының жалғастығының айғағы мына қолыңыздағы кітап, естеліктер жинағы болса керек-ті.
Дүниеден озған адам баласының соңынан бір ауыз жақсы сөз айту барша пендеге абзал борыш болса етті. Абай хакімнің «қазақтың өлгенінің жаманы жоқ» деген бір аталы сөзі бар еді, соны алға тарта отырып сөйлеуден аулақпыз. Бір Жаратқанның сүйікті перзенті  болған Дәуренбек Ақбекұлы өз тіршілігінде де жақсы адам болды. Жаны адал. Ниеті түзу. Көңілі таза. Пейілі кең. Міне, жан сарайы осы бір адамшылықтан құралған Дәуренбекті білген, көрген, сыйлас болған, бірге қызмет жасаған әркім осылай бағаларына да бек сенімдімін. Өйткені, ол әрқайсымыздың жадымызда өзінің сол адал жанымен, түзу  ниетімен, таза көңілімен, кең пейілімен әрдайым күлімсіреп тұрары анық.
Кез-келген адам баласының жақсылығын тіршілігінде тани алсақ етті. Өлместей жүреміз. Ертеңгі күні әйтеуір, бір қайтар сапарға кебінімізді жиыстырар кез келіп жеткенде, арғы-бергіңді ойлауға да мұршаңның келмесі бар. Соны білген даналар «тіршілігіңде сыйлас» дегенді де айтып кеткен. Сол бабалар өсиетіне сәйкес, тіршілігімізде сыйласқандығымыздың куәсіндей болып жарық көріп отырған естеліктер жинағында әркімнің Дәуренбек Ақбекұлына деген ыстық ықыласы, қимас көңілдері бар екендігін таныдық. Соны таныдық та, адам баласының жадында жақсы болып қалудың өзі тіршілігіңдегі өз қолыңнан салған бақытыңның мәңгі гүлдеп тұрар шынары ма деп ойладық. Сол шынарға біткен Дәуренбек ғұмырының бақ гүлінің ешқашан солмасына да бек сенімдіміз. Өйткені, Дәуренбек ғұмырының бақ гүлі әрқайсымыздағы жүрек тамырымен жалғасып, нәр алып тұр.
Дәуренбектің дидарын көз алдымызға қайра бір елестетіп, жарқын бейнесі мәңгіліктің сиясына малып жазылған осы естеліктер кітабын қолымызға тигізіп отырған Ақмола облыс-
тық «Арқа ажары» газетіне, осы басылымның басшылары Қайырбай Зейноллаұлы Төреғожа мен Байқал Қайырлыұлы Байәділовке шынайы ризашылығымды білдіремін де, неміс ақыны Генрих Гейненің «адамгершіл болу – жүректің парасаты» дегенін алға тартқым келеді. Әрдайым жүрек парасаты сөйлесін!

(Кітаптың алғысөзінен).

 

 

Біз үшін әркез қымбат

 

Сұм ажалмен санаспайтын кім бар?!.  Дәкеңдей абзал азамат туралы да енді өткен шақпен сөйлеуге көндігіп келеміз. Есімізге жұмыстағы өткен-кеткен бір қызық қылығы түсіп, соны ауызға ала бастасақ та,  тұрған бойы, жүріс-тұрысы көз алдымызға елестей қалады. Сондайда жүрек шым еткендей, өз-өзімізден біртүрлі болатынымыз бар.
Бұл әрине, енді жоқ деген сөзге иланғымыз келмейтіні, мына жер бетінен әлі де бір қылаң беріп қалатындай, елең-алаң күй кешетініміз.  Жай күннің өзінде редакцияға бір соқпай кетсе, қарайлап, тосып жүретін аяулы ағалардан бұлай біржолата көз жазып қалуың шынымен ауыр екен. Ғұмыр-ғайып екенін білсең де,  шектен  тыс бір ырық бой бергісі келмейді.
Мерзімдік баспасөз саласында қаламымен ой қазып, оның басшылық лауазымдарында да шыңдалған Дәуренбек Шөрентаев көзі тірісінде өз жазғандарын кітап етіп шығаруды елеп, ескере қоймаған жан. Сондықтан, былтыр қырық күндік дұғасына дейін соңында қалған мұрасынан бір жинақ құрастыруды ұйғардық. Ағамызға деген ақ көңіл, адал ниетімізден шығар, бұл біздің қолымыздан келді! Сөйтіп, аяулы әріптесіміздің баспасөздегі қажырлы еңбегі сол аста таратылған «Өмір өрнегі» кітабы болып әрі қарай жалғасты.
Сол жолы жылдық асына дейін  тағы бір естеліктер кітабын шығарғымыз келетіні туралы да айтып едік. Енді міне, сәтін салып, ол ойымыз да оңынан оңғарылып отыр. Алдыңғысы «Өмір өрнегі» болса,  бұл кітапты «Дәуренбектің дидары» деп атадық. Осы жинақты баспаға дайындау барысында абзал азамат туралы жылы лебіздерін қағаз бетіне түсіріп берген авторларымыздың бәріне мың алғыс. Мінезі биязы, жаны жұмсақ, жүрегі таза, қазақ журналистикасында алар өз орны бар Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаевтың  аз болса да, ажарлы ғұмырының бар өрнегі мен мәні, жарқын бейнесінің дидарлы шуағы енді осы кітаптар мен біздің жүрегімізде мәңгі жасай бермекші. Рухына адалдығымызды о дүниеде өзі де сезіп, біліп жатқан шығар!..  

Қайырбай Төреғожа.

 

 

«Әшім» деп атаушы едік

 

Менің әжем Меруерт Қонарбайқызы Ортағаш елінің тумасы еді. Ағалары Қали, Мұқажан, інісі Қажығожаның өмірлері осы елде өтті. «Мен Қырғызалының қызымын» деп отырушы еді әжем. Демек, менің әкеме, немерелері – бізге Ортағаш-Қырғызалы нағашы ауыл. Ел ішінде «Қырғызалы» екінші атауы. Біз сөз еткелі отырған азамат Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаев осы елде туып өсті. Әкесі Ақбек ақсақал ұзын бойлы, қара торы кісі болды. Бертінде көргенімде әлі қартаймаған кезі еді. Анасы Дәмелі кішкене бойлы ақсары адам тұғын. Дәукең, анасы пішіндес, жаратылысы, ақсарылығы ұқсайтын. Бұлар ата-анасынан Думанбек, Дәуренбек, Серікбай, Қарашаш, Болатбек, Сұлушаш – төрт ұл, екі қыз.
Ағасы Думанбек пен інісі Болатбек ертеректе дүние салды, екі қыз Қарашаш пен Сұлушаш тұрмыста болды да, оларды көре алмадым. Дәуренбектің інісі Серікбай (Шопат) біздің жиен Сәулеге (әкесі Қазез Ақылбайұлы Ортағаштың тумасы, шешесі Шәрипа маған немере апа болып келуші еді) үйленіп, бірнеше ұл-қыздың әкесі болды.      
Дәуренбекпен құдандалығымыз осындай. Біздің ел Қанай Қарабұлағы Ортағашқа таяу ел. Әуелден аралас-құралас, құдандалы, баталы-дұғалы елдер. Бәтия деген апайымыз да осы елге ұзатылып, сексеннен асып қайтты. Барып топырақ салып қайтқанымызға екі жылдай ғана уақыт өтті. Осындай жағдайлардан кейін Дәукеңмен іштей татулығымыз, ортақ әңгіме-дүкеніміз бар еді. Екеуіміз де мен үш жас кіші болсам да жетпісінші жылдардың басынан студент атандық. Ол журналистік факультетте, мен орыс филологиясында оқыдық. Заманымыз бір, ауылдағы тұрмыстың түзу кезі еді. Көне көздердің де көбі тірі, солардың аузынан дұрыс әңгіме тыңдап өстік. Дәуренбек онжылдық мектепті бірыңғай қазақ ауылы Қарашілікте бітірді, Дәукеңмен бірге оқығандардың ішінде сондағы жиен ағам Бақыт Молдабеков, көрші ағам Мұрат Ерғалиевтер болды. Ортағаш елі Дәуренбекті көбіне Әшім дейтін. Көкшеде жүргенімізде мен де кейде «Қырғызалы, ассалаумағалейкум!» – дегенімнен, одан гөрі, Әшеке, аманбысың! – деуім жиі еді. Кәсібіміз орталықта болғасын екі күннің бірінде кездесіп, аман-саулық сұрасып, шұрқырасып қалатынбыз.
Алматыдағы оқуын бітіргесін бар саналы өмірі осы Көкшеде өтті ғой. Күнделікті ақпарат сүзіп, газет бетін ұйымдастырып, алыс-жақынмен байланысып, өмірдің күнгейі мен көлеңкелі тұстарын ашып айтты. Көкшенің жақсы мен жайсаңын елге таныстырды. Ер-азаматтың еңбегін тілге тиек етті. Заң, медицина, спорт. Дәуренбек қалам тартпаған сала бар ма, редакцияға ерте келіп, кеш қайтып жүрсе де, шаршағанын білдіртпей. – Ой, Кәке, қал жақсы ма, батыр! Сыра-пыраны қашан ішеміз, саған баруға қол тимей жатыр,– деуші еді. Есіктің алдында темекісін шегіп болғанша әңгіме айтып, менің де әңгімемді тыңдап үлгеретін.
Мен көрген Дәуренбек қашанда ұстамды, жеңіл әзілді, әр сөзін таңдап айтатын, бейпіл, боқтық сөзге жоқ, аузы да, үсті-басы да таза жігіт еді. Өмірінің аспаны бұлтсыз болды деп айта алмаймын. Өмір болғасын қызық-қуанышпен бірге қайғы-қасірет те жүретіні рас. Сексенінші жылдары ма екен, Дәукең жары Балжан екеуі кезегі келіп су жаңа «Москвич» көлігін алды.

 

Ол кезде жаңа көліктің қолға түсе бермейтін кезі, амал не, гаражда тұрған жерінен ұрылар қолды етті. Бұйырмады. Бірақ, қыңбады ғой сабаз. Өмір өтіп жатты, Балжан да еңбек етіп, екеуі балаларды тәрбиелеп өсірді.
Ұлының әлдебір есердің қолынан мерт болғаны Дәукеңді есеңгіретіп кетті, ағасы Думанбек, інісі Болатбектің қайғысы торланып келе жатқанда санаға ауыр салмақ түсті. Төтеп беріп көр. Дәукең ауыр қайғыны көтере білді. Балжанды да жұбата алды. Өзге балаларына сүйеу болды. Жұбанышты еңбектен іздеді. Редакция ұжымына да беделді еді. Жабал да, Қайырбай да Дәуренбектің жағдайын түсіне білді, қолдап-демеді. Дәуренбек Балжанның да жас туыстарына көмек қолын созды. Барға қанағат етіп, жоққа жасымады. Аман-есен зейнет жасына жетіп, тәуір зейнетақыға қолы жетті. Өмірден үміті әлі көп еді. Амал не, жүрек шіркінге көп салмақ түсіп кеткен. Аяқ-астында Дәукеңнен көз жазып қалдық, қоштаса да алмадық. Ортағаш-Қырғызалы ауылың, Қарабие жұртың еді. Хош Әшім, хош Дәуке, жылы жүзің, әзіл сөздерің есімізден кетпес, көп жылғы еңбегің халық санасында қалар.
Тән – топырақ, жан – мәңгілік, еліңнің үстінде ұшып жүрерсің, ұрпағыңды желеп-жеберсің. Артыңда сөз қалдырдың, ұрпақ қалдырдың. Сенің ғұмырың – мәнді ғұмыр, жақсы ғұмыр аяулы Дәке, өкінбе!
Бақұл бол!

Қаркен Жарылғасов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар