Желтоқсан оқиғасы ұрпақтар жадында

«Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 жұлдызды күн» акциясы шеңберінде «Достар» мәдениет сарайында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына арналған дөңгелек үстел шарасы болып өтті.

 

Ұлттық сананы өзгертіп, тоталитарлық жүйенің сірескен сеңін жібітуге игі ықпалын тигізген қазақ жастарының көтерілісі өз бағасын тарих алдында әлі де толық алған жоқ. Ашылмаған ақиқаттар, көлеңкеде қалған жайлар әлі де бар. Дегенмен, бүгінде 25 жылдығын тойлап жатқан тәуелсіздігіміздің келуіне елеулі ықпалын тигізген бұл оқиғаны жастарымыз білуі және коммунистік жүйенің өктем саясатына КСРО елдерінде алғаш болып ашық қарсы шыққан қазақтың батыл ұл-қыздарының есімдерін есте сақтауы тиіс. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл ойын осылай өрбітіп, желтоқсан оқиғасына қатысты өзі куә болған біраз жайларды ортаға салды.
– Ол кезде мен Зеренді аудандық газетінде қызмет етуші едім. 1987 жылдың ақпанында, желтоқсан оқиғасы өткен соң екі-үш айдан кейін Алматыға Журналистер одағының 7-ші съезіне қатыстым. Сонда халық алдында сөйлеген Геннадий Колбинге журналистер тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Соның бірі: «Сіз қазақ тілін, бұл елдің менталитетін, экономикасын мүлдем білмейсіз, сонда қалай республиканы басқармақсыз?» деген сауал болды, – деп есіне алды Ғосман Төлеғұл.Қазақ тілін бір жылда үйреніп, келесі пленумда қазақша баяндама жасаймын деген уәдесін орындай алмаған Колбин қазақ тілін білмеген қалпы арада үш жыл өткенде Мәскеуге ауысты. Оның аты еліміздің тарихында қазақ жастарына қарсы қару қолданған қиянатшыл басшы ретінде қара әріппен жазылып қалды. Республикалық «Желтоқсан» қозғалысы ұйымының облыстық филиалының төрағасы Ерден Төлеген де желтоқсан оқиғасына қатысты қуғын-сүргінге ұшырап, біраз тауқымет тартыпты. Ол кезде ҚазПИ-ді бітіріп келіп, Зеренді ауданында қызмет етіп жүрген жас маман Алматыдағы оқиғаны естігенде шыдай алмай аудандық құзырлы органдардың қабырғаларына  компартияның өктем саясатына қарсы сөздер жазылған плакаттар іледі. Осы әрекеті үшін комсомолдан шығарылып, қызметінен қуылған ол біреулердің ақылымен бой тасалап, екі жыл бойы Теңіз ауданындағы шалғай кеңшарға барып қой бағады. Еңбек кітапшасындағы мемлекеттік саясатқа қарсы шыққаны үшін жұмыстан шығарылды деген жазу кейін қызметке қайта кіруіне біраз кедергісін келтіріпті. Қынжыларлығы сол, Ерден Төлеген әлі күнге дейін саяси қуғын-сүргіннен ақталды деген анықтама алмаған. Бұған бүгінгі заңдағы түрлі кедергілер қиындық келтіріп отырған жайы бар. Ақталу үшін сот шешімі қажет екен. Аудандық сот мың түрлі сылтау айтып, желтоқсан ардагерінің ісін қарамай келе жатқан көрінеді.
Бүгінгі күні облысымызда 32 желтоқсан оқиғасына қатысты қуғын-сүргінге ұшыраған адам бар. Олардың тек 2-уі ғана ресми түрде ақталған. Шара барысында осы мәселе ашық айтылып, оны шешуге құзырлы органдардың назарын аудару қажеттігі атап өтілді. Облыс прокурорының көмекшісі Ибрагим Кленовтың айтуынша, желтоқсан оқиғасына қатысты қуғынға ұшыраған азаматтарды ақтау үшін, егер ол сотты болып, түзеу мекемесінде отырса соны айғақтайтын құжаттар болса болғаны. Ал, жұмысынан, оқуынан шығарылғандарды ақтау үшін қолданыстағы заңға сай сот шешімі қажет.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Рауза Абдуллина «Ұлтшылдық пен шовинистіктің арасын айыру қажет, ұлтшылдық дегеннен шошымауымыз керек. Желтоқсан оқиғасына қатысқандар өз ұлтын сүйетін ұлтшыл жас-тар болды», – дей келе, қазақтардай толерантты халық жоқ деді. Сонау қиын шақта жер аударылған ондаған ұлттың өкілдерін жатсынбай бауырына басқан қазақтарды 86 жылғы оқиғадан кейін компартия «ұлтшыл» атандырғаны әділетсіздіктің ең үлкен үлгісі болған еді.
– Унитарлы мемлекетте басқа ұлттарды топтастыратын бір ғана ұлт болады, басқалардың бәрі диаспора. Қазақстанда өзге ұлттарды топтастырып отырған қазақ ұлты. Кеңес үкіметінің өктем саясатының салдарынан қазақтар өз ана тілі мен дәстүрінен айырылып қала жаздады. Тәуелсіздігіміздің арқасында сол жоғалтып ала жаздаған құндылықтарымызды тауып жатырмыз, – деген облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов Елбасының бастамасымен дүниеге келген «Мәңгілік ел» идеясының мәні де елімізде өмір сүріп жатқан барша ұлттар мен ұлыстарды бір тудың астына біріктіріп, дамыған өркениетті мемлекет құру екендігін атап өтті.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова бүгінде әлем таныған елге айналған мемлекетіміздің ширек ғасырда қол жеткізген ең үлкен жетістігі – тұрақтылығымыз бен бірлігімізді сақтаудың маңыздылығына тоқтала келе, «Алматыда желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына орай шеру өтпекші. Осы айтулы датаға орай арнайы мерекелік медаль шығарылмақ. Облысымыздағы қуғын-сүргін көрген 32 желтоқсаншылардың бәрі сол медальге марапаттауға ұсынылатын болады», – деді. Сондай-ақ, шара барысында көтерілген түйткілді мәселелерді шешуге құзырлы органдардың назарын аудару үшін алдағы уақытта желтоқсаншылармен арнайы шаралар өткізу керектігін атап өтті.Шара соңында желтоқсаншылар ескерткіш суретке түсті.

Қалкөз Жүсіп.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *