Жемқорлықпен күресте белсенді болайық

Қызмет бабында кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың өкілдерімен тұрақты өзара қарым-қатынас орнатуға, сөйтіп, өздерінің бастамаларын ұсынуға, сұрау салуға, кездескен түрлі қиындықтар мен шешімін күткен шетін мәселелер туралы мәлімдеуге мәжбүр.

Берген БЕСПАЛИНОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы
бойынша департаментінің басшысы

Осыған орай, мемлекет тарапынан мемлекеттік қызмет саласын дамыту, мемлекеттік аппараттың жұмысын ақпараттандыру және электронды үкіметті енгізу бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынуда. Қазіргі күні мемлекет пен қоғам өмірінің түрлі салаларында жемқорлықты тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға қабілетті превентивтік сипаттағы кешенді шараларға жетекші рөл беріледі. Яғни, бас-ты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күреске емес, оның алғышарттарын жоюға аударылуда.
Отандық және шетелдік кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау қазіргі күні мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатының ең басты бағдарларының бірі болып табылады. Бұл бағытта біздің облысымызда да мақсатты жұмыстар қолға алынып, жемқорлықтың алдын алу шаралары белсенді жүргізілуде. Бұл ретте, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бірлескен тиімді және жемісті жұмысын атап өткен жөн. Өзара қарым-қатынас аясында палатаның сарапшылары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауға белсенді қатысады.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында департамент тарапынан 15 мемлекеттік мекеме қызметінің 7 саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы талдауы жүргізілді. Талдау нәтижелері бойынша жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі 142 ұсыныс жасалды. Бұл ұсыныстардың 48-і мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты нормативтік-құқықтық актілер, ал, 94-і ұйымдастыру-басқару қызметі мәселелері көрініс тапқан. Атқарылған осы жұмыстар өз кезегінде бизнеске тосқауыл болатын қосымша әкімшілік кедергілерді жоюға айтарлықтай мүмкіндік беріп келеді.
Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жол ашатын Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім сияқты бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруға да жете көңіл бөлінуде. Аталған құжаттарда бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға, іскерлік ортадағы әкімшілік кедергілерді жоюға және оны сапалы жүргізуге ынталандыруға айрықша назар аударылған.
Жемқорлықтың ең тұнып тұрған жері мемлекеттік сатып алу конкурстары десек, осы орайда, мемлекеттік тапсырыс алу, тендерді жеңіп алу үшін түрлі айлалы жолдарды іздеп жүрген кәсіпкерлер белгіленген «сыйақы» үшін «көмектесуге» дайын тұратын шенеуніктердің келтіретін пайдасынан зияны көп болатынын түсінулері тиіс. Бұл заңға қайшы келісім-шарттарды айқындау және оның күшін жою шараларының уақыт өткен сайын белсенді жүргізіліп келе жатқанын мәселені пара беру арқылы шешуге болады деп санайтын кәсіпкерлер естерінде мықтап ұстаулары қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қарапайым жұртшылықты барынша жұмылдыру үшін азаматтық қоғам институттары да тартылуда. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерін шешу бойынша ашық талқылау және ұсыныстар әзірлеу, іскерлік ортада құқық бұзушылықтардың барлық түрлеріне төзбеушілікті және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру бағытында мақсатты шаралар қолға алынуда. Бұл ретте, түрлі диалог алаңдарында еңбек ұжымдарымен, облыс тұрғындарымен еркін пікір алмасу түріндегі кездесулер өткізіп жүрген департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді тобының жұмысын ерекше атап өткен артық болмас.
Мемлекет қоғам мен іскерлік ортаны тарта отырып, бүгінде тамырын тереңге жайған осы қоғамдық кеселмен күресуге жете назар аударып отыр. Жемқорлықты осы іспен айналысатын құзырлы органдардың ғана күшімен жеңе алмаймыз, оған қарсы барша қоғам, халық бірлесе әрекет еткенде ғана жұмыс нәтижелі болатыны анық.

 

 

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *