Жемқорлыққа жол берілмесін десек

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында мемлекеттік қызметшілерге қызметтік пәтер берудің жай-жапсары мен бірқатар облыстық басқармалардың және Жарқайың ауданының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы есептері тыңдалып, ұсыныс түріндегі тиісті шешімдер қабылданды.

Ұлт жоспарының 8-қадамында мемлекеттік қызметшілерге арналған ведомстволық тұрғын үй қорын құру жайы қарастырылған. Мемлекеттік қызметшілерді қызметтік пәтермен қамтамасыз ету сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға игі ықпалын тигізетін шаралардың бірі болып табылады. Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қайыржан Сұлтанғазиевтің айтуынша, биылғы жылы «А» корпусындағы үш мемлекеттік қызметкер қызметтік баспана алған. Өкінішке орай, қызметтік пәтерге мұқтаждардың бәрі бірдей баспанаға қол жеткізуі әзірге мүмкін болмай отыр. Бұған қолданыстағы заңда мемлекеттік қызметкерлерге арналған қызмет пәтерлерін беру тетіктерінің нақтыланбағаны үлкен кедергісін келтіруде. Осы орайда, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері өкілетті органдарға ұсыныс түріндегі шешім қабылдап, жолдау қажеттігін атап өтті.
Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Асылхан Әлжанов аудандағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Ауданда бес адамнан тұратын тәртіптік кеңес құрылып, жұмыс істейді. Тәртіптік кеңес мемлекеттік қызметшілер арасындағы жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды қарап, тәртіптік шара қолданады. Жыл басынан бері 41 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында қала әкімінің орынбасары, аудандық бөлім басшысы сияқты лауазым иелері бар.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Амангелді Смайылов жемқорлық заң бұзушылықтарға бару тәуекелі жоғары саладағы алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұрынырақта құрылыс басқармасы басшысынан бастап, бірқатар жа-уапты қызметкерлердің жемқорлыққа қатысты заң шеңберінде жауапқа тартылғаны белгілі. Содан болар, басқармада жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылады. Жемқорлыққа кең жол ашатын ең басты нәрсе – мемлекеттік сатып алу болса, оның бәрі бүгінде электронды жүйеге көшірілген. Басқарма сайтына кез-келген адам кіріп, мемлекеттік сатып алуға байланысты барлық ақпараттарды алуына болады. Яғни, бұл жұмыстардың бәрі ашық жүргізіледі. Мұның өзі жемқорлыққа жол бермеудің тиімді тәсілі екенін тәжірибе
көрсетіп отыр.
Сондай-ақ, облыстық  мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Мәрзият Тохаеваның, тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Мусинаның және облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімованың  да жемқорлық заң бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты есептері тыңдалды.
Шара соңында  кеңес мүшелерінің ой-пікірлері негізінде жемқорлықтың алдын алу, жемқорлық заң бұзушылықтарға жол бермеуге қатысты ұсыныс түріндегі шешім қабылданды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар