Жергілікті өнім жетекші орында

Әлемді кеулеген жаһандық қаржы дағдарысы төрткүл дүниені әбден әбігерге салып-ақ тұр. Дағдарыстан шығар жалғыз жол істің көзін тауып өндірісті өрге жүздіру. Ендігі арада қажетті өнімді өзімізде өндірсек қана көкейдегі ой жүзеге аспақ. Құрылыс саласы қарқын алса көптеген түйткілді мәселелер шешімін таба алар еді. Сондықтан, жергілікті жерде құрылысқа қажетті материалдарды өндіру өте маңызды шаруа.

Қазақтың асығы алшысынан түсетін сәт туғандай. Алғашқы тәуелсіздік алған күндері-ақ экономиканы жаңа индустриалдық бағытта дамытамын деп құлашты кеңге сермегесін шығар, көп көрсеткіштерімізбен біз едәуір алға кеттік. Бұған жер-жерде көптеп ашылып, тасы өрге домалаған жаңа өндіріс орындары да айқын мысал бола алады.
Біз бүгін әңгіме еткелі отырған  Көкшетау қаласындағы «Енки» қаптамалы керамикалық кірпіш шығаратын зауыттың 2006 жылы алғашқы құрылысы бастау алған еді. Жылына 60 миллион кірпіш шығаруды межелеген бұл инвестициялық жобаға «Астана-қаржы» акционерлік қоғамының компаниялар тобы қаржылай қолдау білдірді. Сөйтіп, айналасы төрт жылдың ішінде бұл зауыт толықтай іске қосылды.
Жоғары сапалы құрылыс материалын шығаруды мақсат еткен зауытқа осы заманғы технологияларды жүзеге асыратын испандық «SOLINCER S.L»  және «TALLERES FELIPE VERDES» компанияларының  құрал-жабдықтары орнатылды. Бүгінде өндіріс процесінің барлық сатылары толықтай автоматтандырылып,  компьютерлік техникамен қадағаланады.
–Жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен болған телекөпір көрсетілімінде  өңірдегі толық қуатында жұмыс істеп тұрған кәсіпорын ретінде біздің зауыт жайлы жан-жақты ақпараттар ұсынылды,–деді бізбен әңгімесінде «Енки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұритдин Сәмпиев.–Елбасының осы заманғы технологияларға негізделген зауыттың жетістігін көрсетіп, ұсынудың өзі біздерді мақтаныш сезімге жетелегенін айтар едік.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет» деген болатын. Ал, «100 нақты қадам» ұлттық жобасында да елді жаңа заманға лайықтап дамытудың  бағыт-бағдары анықталып, белгіленді.
Бұл қазіргі әлемде болып жатқан қаржылық қауіптердің белең алған кезеңінде елімізді қарышты дамытудың негізгі мақсатына айналып отыр. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу саясатының астарында да осы жайлар жатқанын білеміз. Елбасының «100 нақты қадам» ұлттық жоспарында кәсіпкерлердің мүдделерін қорғап, олардың өнімдерін әлемдік нарыққа шығару мәселесі басты назарға алынады. Осы арқылы Қазақстан экономикасының инновациялық негізде дамуы арқылы жаңа өнім түрлерін көбейту көзделеді.
Міне, «Енки» кірпіш зауытында да экономикалық өрлеуге негізделген жаңа жобалар жетерлік. Бұл ең алдымен Елбасының 100 нақты қадам арқылы жаңа саясат ұстана отырып, ортақ мүддеге жұмылу арқылы ел еңсесін көтеруге деген ұмтылысты аңғартады.  Оны Елбасы өз сөзінде  де айтты. Мұндай заман тезінен  мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өте алады деді. Сондықтан, біздің еліміз өзінің еңселі істерімен көрініп, аяққа оралған қандай қиындықтар болса да, оны еңсеруге барынша күш салуға тырысады. Бұл әр өңірлердегі озық технологияға негізделген өндіріс орындарының сыртқы қауіптерге қарамай, бәсекеге қабілетті тауарларын шығаруы арқылы да көрініс табуы тиіс. Нарықтың талабы да осыған саяды. Өрісіңді кеңейтіп, өрелі биіктерді бағындыру үшін де экономиканы дамытуда жаңаша белсенділік қажет етіледі. Қазір барша жұрт мұны түсінді,  көшіміз ілгері жылжуы үшін жаңа экономикалық саясатқа деген  мүдденің де ортақтығы өз ықпалын тигізеді. Біз осы сипатымызбен де өзгелерден озық тұрмыз.
Қазір зауыт құлашын жайып, өнім сату жағырапиясын да кеңейте түсті. Еліміздің солтүстік өңірі ғана емес, батыс, оңтүстік және шығыс аймақтарына да дайын өнімдеріміз сатылуда. Ал, Ресей Федерациясының Омбы және Түмен облыстарында да біздің керамикалық кірпіштерімізге сұраныс артып келеді.
Өздеріңізге белгілі, жаңа жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастады. Бұл да бізге өнімдерімізді сыртқа шығаруға жол ашатын болады. Құрылыстың қарқын алатын кезеңі де кірпішке деген сұранысты арттыратыны сөзсіз.
Жаңа одақ жаңа мүмкіндіктер береді деп сенеміз. Бұл екі жаққа да өте тиімді келісім-шарттар болмақ. Біздің өнімімізді сатып алатындарға да, оны өткізетін өзімізге де салықтық жеңілдіктер пайдалы екендігін баса айтар едім. Сондықтан, Президент алдында айтылған уәде-сөздеріміздің орындалатынына бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз…
Біз зауыттың ішкі тыныс-тіршілігімен де танысуды жөн көрдік.  Кәсіпорынның бас инженері Владимир Бурикин өндіріс ошағындағы жұмыс ырғағымен таныстырды. Бүгінде еліміздегі ғана емс, Орта Азиядағы ең іргелі кірпіш зауытына қалай айналғанын сұрағанымызда, бұл жыл сайынғы инвестициялық қолдаудың  нәтижесі екенін айтты. Бұрнағы жылы ғана жүздеген миллион теңге қаржы жұмсалып,  немістің жаңа сипатты құралдары орнатылған екен. Осының арқасында мұнда кірпіштің сыртқы қалыбының сапасы әлемдік талаптарға сай жақсара түсті. Сөреде тұрған кірпішті қолға да ұстап көрдік. Шынымен, бір мін таба алмадық. Сыртқы пішін әрлеуі шыныдай жылтырағанына қарағанда сапасы да жоғары екенін дәлелдей түседі.
–Біздің зауыттың жылдық өнім шығару қуаты – 60 миллион дана кірпіш болса, қазірдің өзінде 95 пайыздық көрсеткішке қол жеткіздік,–дейді кәсіпорын басшысы Нұритдин Сәмпиев. –Алғаш іске қосылған жылдары жылына 30 миллион кірпіш шығарсақ, бүгінде бұл меже 57 миллоннан асты. Өткен жылы осынша көлемде кірпіш сатылып, 2 миллиард 553 миллион теңге қаржы қоржынымызға түсті. Егер зауыт толық қуатына енсе, жыл сайын 2,7 миллиард теңге кіріс алатын боламыз.
Бір жағынан, кәсіпорын басшысының айтқан сөздерінің жаны бар екенін зауыттың өндірістік процесімен танысу барысында да көз жеткіздік. Сөйтсек, даладан балшықты әкеліп, оған қоспа қосып, дайын өнім алады деген пендешілік ойдың шындыққа сай еместігіне де қаныға түстік.
Өндіріс цехының басшысы Ербол Шәкенов шикізаттан дайын өнімді қалай жасап шығару барысымен жан-жақты таныстырды. Негізінен, қыш құйып, кірпіш жасау мұнда оннан аса кезеңдерден өтеді екен. Алдымен, балшық өндіріс алаңына жеткізіліп, біраз уақыт жерсіндіріледі. Сосын барып, арнайы үгіткіш диірменде ұнтақталады да,   кірпіш қалыптарға құйылады.
Кесіліп, бөлшектелген өнім кептіріліп, күйдіріледі. Біз қышты күйдіретін туннелдік пешпен де таныстық. Ұзындығы 180 метр пеште бір сәтте 248 мың 976 кірпіш күйдіріліп, дайындалады. Автоматтандырылған пештің ішіндегі қызу 900 градус-ты құрайды. Қызу аталған 900 градустық межеге жеткенде өзінен-өзі сөнеді де, қызу сәл басылғасын қайтадын қосылады. Ал, кірпіш өзінің сапалық деңгейіне жету үшін 38 сағат бойы пеште күйдірілуі тиіс екен.
Пешті компьютер арқылы бақылайтын технолог маман Азамат Әлімовтың айтуынша, мұндай жоғары қызу кірпіштің түр-түсіне қарай әртүрлі берілетінін жеткізді. Мысалы, өнімнің «шабдалы» түстесі – 900, ал «сәбіз» түстесі 860 градуста күйдірілетінін де білдік. Экологиялық таза өнім дегеннің астарында қоспасыз шикізат қана емес, пештің де газбен жұмыс істейтіні басты негіз болса керек.
Кірпішті дайындау осымен де бітпейді екен. Дайын өнім шығарылғанға дейін оның өн бойында әртүрлі технологиялық қадағалаулар жасалады. Бұған арнайы технологиялық бақылау бөлімі қадағалау жүргізеді. Мәселен, өнімнің ылғалдылығы, салмағы және аязға төзімділігі ең басты талаптардың бірі ретінде қарастырылады. Бізге сапалы өнімнің көрсеткіштері әлгіндей техникалық процестермен ғана шектелмейтінін  зауыттың  бас инженері Владимир Бурикин  атап өтті. Ең бастысы, шикізаттың сапасы кірпіштің нарықтық талаптарына тікелей әсерін тигізеді. Қасиетті  Көкшетаудың топырағы да қыш шығаруға таптырмас шикізат көрінеді.  «Ивановский», «Александровский» және «Березовский»  кен орындарының саз балшығы да іске жарап, сапалы құрылыс материалына айналып отыр.
 Шынымен, қазір бүкіл әлем экологиялық таза өнімге деген сұранысты өте жоғары бағалайды. Әсіресе, адам өміріне еш зияны жоқ бұл қыш кірпіштерге қызығушылықтың жоғарылап отырғаны  да содан.  Себебі, жоғары төзімділік пен аязға тұрақты бұл кірпіштердің  жарты ғасырға дейін сыртқы пішінін жоғалтпайтынын да мамандар жоққа шығармайды. Қышта табиғи балшықтан жасалғандықтан  демалу сипатын иеленіп, қыста жылуды өзінде сақтап, ал жазда қоңыр салқын
ауаны ұстай алатыны қауіпсіз өнімнің сапасын арттыра түседі.
Зауыт директоры Нұритдин Сәмпиевтің тағы бір айтқаны, ол өнім сапасына жұмысшы күшінің де ықпалын тигізетіні дегені еді. Оны негізгі өндірістік буындардың жекелеген қызметкерлері шетелдерде арнайы білімдерін ұштап қайтқаны да айғақтай түседі. Себебі, білікті маман сапалы жұмыс кепілі екенін жоққа шығаруға болмайды.
Жаңа технологиямен жұмыс істейтін зауытымыздың  мүмкіндігін одан әрі арттыра түсу негізгі міндеттердің бірі. Биылдың өзінде жаңа өндірістік  алаңдар құру негізінде қосымша 8 жұмыс орны ашылды. Ал, кәсіпорында барлығы  үш жүзге тарта адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы 115 мың теңгені құрайды. Өткен жылдың өзінде жергілікті бюджетке 410 миллион теңге салық төледік.
Елбасы Үкіметтегі отырыста жұмыс орнының қысқаруына жол бермеу керектігін де баса айтты ғой. Осы тұрғыдан алғанда бізде ешқандай қысқару туралы сөздің болуы мүмкін емес. Қайта өндіріс қуатын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мақсат ұстанатын  боламыз. Одан кейін жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету шараларына да баса көңіл бөлінеді. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмысшыларға бір айлық жалақылары көлемінде сыйақы бердік. Қазіргідей қиын кезеңде қаржыны үнемдеу керек те шығар. Бірақ, біз оны жұмысшылардың жалақысы есебінен емес, басқа көздерден қарастыруды жөн көрдік. Еңбек адамына қамқорлық жасалғанда ғана,  жұмыстың тиімділігі болады.
Бір айтарлығы, мұнда жұмысшы күшін сырттан тасу деген мүлде жоқ. Барлығы осы жердің тумалары болып табылады. Мысалы, технологиялық бақылау бөлімінің жас маманы Салтанат Сағындықова  Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледжді бітірген екен. Соңғы курсында зауытта өндірістік тәжірибеден өтеді.  Басшылардан ұсыныс түскенде оны қуана қабыл алыпты.  Еңбекақысына да дән риза екенін байқадық. Ең бастысы, жұмысшы мамандығын игеріп, өзінің туған жерінде елге еңбек етіп жүргенін мақтаныш тұтатыны қуантты.
Ал, технолог Азамат Әлімов Абай Мырзахметов университетін инженер-эколог  мамандығы бойынша бітіріп, жұмыс таба алмағасын осында қара жұмысқа тұрған екен. Кейін өзін жақсы қырынан көрсетіп, қызметі де сатылап өскенін айтты ол.
Зауытты аралап, өндіріс процесімен танысқаннан кейін директор Нұритдин Сәмпиев   «Орталық Азиядағы бірегей кірпіш зауыты» деген пікір жайлы да өз ойын ортаға салды. Шынында, мұндай зауыттар Орта Азияны былай қойып, Қазақстанның өзінде жетіп жығылады. Бірақ, «Енкидің» олардан басты ерекшелігі зауыттың өнім шығару процесінің барлығы осы заманғы құрал-жабдықтармен автоматтандырылғаны. Шикізатты ұнтақтаудан бастап, оны арнайы поддондарға салғанға дейін техниканың күшімен, яғни, компьютер арқылы атқарылады.
Осының да мол ықпалы болуы керек, дайындалған кірпіш өнімінің сапасы шетелдік қыштардан еш айырмасы жоқ екенін көресің. Іргедегі елордасы – Астана қаласының алып құрылыстарында да «Енкидің»  қыш кірпіштерінің пайдаға асуы бұл кәсіпорынның тасы өрге домалағанын көрсетсе керек. Біз де зауыттан шығып бара жатып осындай ойға қалдық.
Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар