Жетістіктерді баянды ету керек

Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында жылдағы дәстүр бойынша Көкшетау қаласы  білім қызметкерлерінің  тамыз кеңесі өтті.  Кеңес жұмысына қала әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, сөз сөйлеп, білім беру саласында жақсы жетістіктерге қол жеткізген оқу орындары басшыларын, мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерін  Алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапаттады.  

Келелі жиынға қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса, сала басшылары,  ардагер ұстаздар, білім қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов   өзі басқарып отырған саланың жетістіктері мен олқы тұстарын ортаға салып, алдағы оқу жылында атқарылар міндеттерді баяндады.
– Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы күнінен бастап білім беру саласын басты назарда ұстап келеді. Қазақстандық білім берудегі маңызды және негізгі өзгерістердің барлығы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеялары және атқарған істерімен тығыз байланысты, – деп бастады баяндамасын қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Әйтімұлы.  Қазіргі заманда білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы болып табылады.     Көкшетау қаласында бұл мәселе оңтайлы шешіліп келеді. Өткен оқу жылында облыс орталығында   240  орынға лайықталған «Мирас» және  280 орындық «Көктем» мемлекеттік балабақшалары пайдалануға берілді. Бұдан басқа «Білім әлемі» атты жекеменшік балабақша да кеңейтіліп балабақша кезегінде тұрған бала санын азайтуға септігін тигізді.  Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік тілде оқимын деген балалар саны артуда. Мәселен, қалада барлығы 300 топ болса, оның 193-і қазақ тілінде білім беретін топтар. Ағымдағы жылы «Мейірім» атты балаларды дамыту коррекциялық орталығы ашылды. Сонымен қатар, сөйлеу қабілеті дұрыс дамымаған балаларға арналған 240 балаға шақталған балабақша құрылысы жоспарда бар. Ұлт болашағына жанашырлық танытып, осы бас-тамаларды қолдап, мәселенің оң шешілуіне септігін тигізіп отырған қала басшысы Ермек Боранбайұлына алғысым шексіз.  
Қазіргі таңда Көкшетау қаласында барлығы 26 мектеп бар. Қала мектептерінде барлығы 22325 оқушы оқиды. Олардың 10502-сі мемлекеттік тілде білім алады. Өткен оқу жылдарымен салыстырғанда «Алтын белгі» иегерлерінің саны үш есеге артқан. 11 сыныпты тәмамдаған 838 түлектің 739-ы жоғары оқу орнына түссе, олардың 374-і білім гранттарын жеңіп алды. Ал, 99 бала орта кәсіптік колледждерде оқитын болады. 2016-2017 оқу жылында  Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық лицейінде 5-ші сынып мемлекеттік тілде оқытылатын болады. Жалпы, жыл санап қазақша оқимын деген балалар саны   артып келеді. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері бар.
Жаңартылған білім мазмұнына орай, 361 мұғалім қайта даярлаудан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Әрине, өзінің кәсіби деңгейін арттыру үшін әр педагог үнемі шығармашылық ізденісте болуы керек. 2016-2017 оқу жылының қорытындысы бойынша «Орта білім беретін ең үздік мекеме» байқауында қала мектептері ішінде №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясы үздік деп танылып, Гран-При иеленіп,  сертификатпен марапатталды. Білім беру ұйымдарының жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыты мұғалімдердің беделін көтеру болып табылады. Біздің мақсатымыз – әдістемелік кабинеттер, электрондық порталдар, бұқаралық ақпарат құралдары, педагогикалық шеберлік сайыстары арқылы жұмыс істеп жатқан мұғалімдерді шығармашылық  тұрғыдан қолдау көрсету және олардың озық тәжірибелерін тарату. Бірқатар мектеп асханаларына, спорт залдарына, қазандықтарға, жаңа пән кабинеттеріне қажетті құрал-жабдықтар алынды,– дей келіп, алдағы оқу жылында оқушылардың білім сапасына басты назар аудару керек екендігін баса айтты.
Жарыссөзге   Көкшетау қаласындағы №11 орта мектептің  бастауыш сынып мұғалімі  Татьяна Чмеленко, «Үздік педагог-2017» байқауының жеңімпаздары Серік Қошанов пен Әсел Қалиева, №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының директоры  Дина Башарова  сөз сөйлеп, білім биігін бағындыру үшін жеңіс пен табанды еңбек қажет екендігін баса айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.     
Тамыз кеңесін қорытындылаған қала әкімі Ермек Маржықпаев алдағы уақытта да білім саласын қаржыландыру мәселесінде еш кедергі болмайтынын екпін түсіре айтып, бірқатар жас педагогтар мен биік білім нәтижелерімен көзге түскен ұстаздарға ақшалай сыйлықтар табыс етіп, алдағы оқу жылында да барлық қала педагогтарына осылай білімнің биік асуларынан көріне берулеріне тілектестігін білдірді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар