Жігіт сұлтаны – Темірхан

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде ұйымдастырылған «Жігіт сұлтаны-2017» байқауында Темірхан Ғайып жеңімпаз атанды. 

 

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, өнерпаз жігіттердің тартысты додасына ауданымыздың кіл мықты әскери қызметкерлері, жас ұрпақты өнер-білімге, тәлім-тәрбиеге баулып жүрген ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.  
Өскелең ұрпақтың бойындағы отансүйгіштікті, туған елге, жерге деген құрметті арттыру, ерік-жігерді, батырлықты, алғырлықты, парасаттылықты насихаттау мақсатында  өткізілген байқау «Таныстырсам өзімді», «Сегіз қырлы, бір сырлы», «Күш атасын танымас», «Білімді мыңды жығар» атты кезеңдері бойынша өтті. Шара барысында сайыскерлер өздерін әр қырынан таныта алды.
«Жігіттің сұлтаны» – талантты да сымбатты және күшті, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болуы шарт. Үміткерлердің әрқайсысы осы үдеден шығуға тырысып бақты. Жарыс болған соң жеңімпаз да болады. Байқау қорытындысы бойынша Михайловка орта мектебінің ұстазы Темірхан Ғайып жеңімпаз атанып, алдына жан салмады. Екінші орынды Сары-
оба орта мектебінің 11-сынып оқушысы Жандос Аманхан, үшінші орынды Қойгелді орта мектебінің ұстазы Рамазан Оғадиев иеленді. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
«Жігіт сұлтаны» байқауын өткізу арқылы қазақ халқының сал-серілік дәстүрін жаңғыртқандаймыз. Байқау қатысушылары да, көрермендер де өткізілген іс-шарадан тағылымды тәрбие алды деген сенімдеміз.

Руслан МАХАНОВ,
аудандық тілдерді оқыту
орталығының директоры.
Аршалы ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *