Жігітке кәсіпсіз жүрген жараспайды немесе

жалданбай да жұмыс табуға болар еді-ау…

Қазақ намысшыл халық. Ал, қазіргілерде намыс қайда?!. Тепсе темір үзетін, жап-жас жігіттердің базарда арба сүйреп жүргені қалай? Оны айтасыз, қоқыс аралап кеткендердің де дені жастар. Ұят-ау! Қыңқ етсе заманды, нарықты кінәлаймыз. Барлығымыз да «дайын асқа тік қасық» болсақ дейміз. Талпыныс қайда? Ата-бабамыз «талаптыға нұр жауады» демеуші ме еді?!.
Шын кіріссе тау қопаратын, он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін қос замандас кездейсоқ ұшыраса кетті. Жөн сұрастық. Олардың бірі облыс орталығындағы Абай мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы жұрт өзара «пятачок» деп атап кеткен жерде тұратындарын айтты. «Е, әйтеуір жұмыс істеп жүрсеңдер болды. Қызметтерің қайырлы болсын, боталарым»,– деп әжем екеуін мақтап қояды. Қандай жұмыс істейтінін қайдан білсін.  Десек те, әжем қалаға жұмыс істеймін деп кеткен балаларының жағдайы мәз еместігін іштей сезетін сияқты. Тек қолдан келер дәрмен бар ма? Осы кездесу аталмыш мақаланы жазуға түрткі болды. Былайғы жұрттан сұрап білсек, жалданбалы жұмысшылар жиналатын орынды «пятачок» деп атайды екен.  
Осы маңда осындай екі жер бар екен. Анадайдан қазыққа іліп қойған ала дорбалар бірден көзге түсті. Бірі «Шанхай» дүкенінің жанында болса, енді бірі осыған қарама-қарсы «Сабыр» сауда үйінің жанында. Біз сауда үйінің жанына жиналған бір топ жігіттерді сөзге тарттық.
– Осы жерден он бес жылдан бері нәпақа тауып келемін. Кәдуілгі қызметім. Таңертең келем, кешке дейін тұрамын. Басқа жұмыстан айырмашылығы бірде жұмыс болады, бірде жоқ. Бұл орын сонау 1987 жылдан бері бар. Жігіттер осында жүріп-ақ отбасыларын асырап жүр, –дейді Нұрлан есімді орта жастан асқан қазақ жігіті.
– Ақша береміз деп алдап, кейін келісімді ақысын төлемей қоқан-лоқы көрсететіндер бар ма?–дейміз сөзге тартып.
– Жоқ, ондайлар болған емес. Әйтеуір, өз басым кездестірмедім.
– Жастар көп пе араларыңызда?
– Иә, бар. Арамызда Қайрат деген студент жігіт бар. Ата-анасы ауылда, ақшасы не оқуға, не пәтерге жетпегесін бізге қосылды.
– Топтың өз бригадирі бола ма?..
– Иә, онсыз болмайды. Тапсырушылар келгенде кезекпен кетеміз.
– Көбінесе қандай жұмыс атқарасыздар?
– Ақша төлейтін кез-келген жұмыстан қашпаймыз. Көбіне қара жұмыс қой біздікі. Күн ұзақ тұрамыз. Осында тұратындардың дені қалаға жақын ауылдардан келгендер. Таңнан кешке дейін нәр татпай тұрамыз. Себебі, тапқан-таянғанымызды түскі тамаққа жұмсасақ, несі қалады?
– Сонда күніне қанша ақша табасыздар?
– Бір мың, екі мың, әртүрлі…
– Қалада қанша «пятачок» бар?
– Әр жерде бар. Элеватордың жанында да жалдамалы жұмысшылар тұрады. Базарда да бар.
– Басқа жұмыс іздеп көрдіңіздер ме?
– Ол болмайтын іс, – деп кесіп айтқан Нұрлан ағаның сөзін бөліп, әңгімемізге араласқан жігіт өзін Жанат деп таныс-тырды. Жұмыс іздеп талай кеңсенің табалдырығын тоздырыпты. Елуден асқан адамды кім жұмысқа алсын. Жас-тар да жұмыссыз жүр. Зейнеткерлікке әлі ерте. Балалар өсіп, өздері өз алдына бір шаңырақ, олардың нанына қалай ортақтасасың. Кезінде мал дәрігері болыпты.  Бір кездері ондай мамандыққа сұраныс жоғары болған. Қазір әркім өз күнін өзі көреді.
– Бізді сынайтындар көп. Жұмысқа жалдайтындар байлар ғой, бізге менсінбей қарайды. Тап бір құлағын кескен құлындай көреді. Шетелдік көлікпен шіреніп келіп, балаңдай бозбала әкесіндей адамға дөрекі сөйлеп, мән айтады. Біздікі қайбір жетіскендік дейсің. Ұрлық жасамаймыз, адал еңбегімізбен ақша табамыз. Жұрт осыны ұқса дейміз, – деді ол.
Жасыратыны жоқ, біз біреуге кінә арта салуға шеберміз.  Байқағанымыздай, жөн сұрасып, сөзге тартқан жігіттердің бірде-бірі мемлекеттік бағдарламалар туралы мүлде білмейді. Мәселенки, сол Қайратты алайық. Жасы енді ғана жиырмадан асқан жас жігіт неліктен жастар тәжірибесі бо-йынша жұмысқа орналаспаған? Облыстық жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, жаңа мамандықты меңгеретіндер үшін мамандарды кәсіби даярлайтын курс-тар ұйымдастырылған. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жастарға лайықты жұмыс ұсынудан басқа, алты ай бойы арнайы белгіленген мөлшерде жалақы төленеді. Мамандардың айтуынша тапшы мамандықтарды анықтау үшін, арнайы мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда еңбек нарығында техникалық және құрылыс мамандарына, сондай-ақ, өнеркәсіптің түрлі салаларындағы инженерлер, даяшылар, аспазшылар, монтаждаушылар, электриктер, газэлектр дәнекерлеушілер, темір ұсталарына сұраныс жоғары. Алайда, жасырары жоқ, мектеп бітірген түлектер мұндай мамандықтарды менсініңкіремейтіні бар. Барлығы да бастық болғысы келеді-ақ. Себебі, кәсіптік білім игергендердің жұмысы ауыр, ал, ақшасы аз. Бұл мамандықтарға көбінесе ҰБТ тапсыра алмағандар, ақылы оқуға қаражаты жоқтар түседі. Десек те, жігітке кәсіпсіз жүрген жараспайды. Қазақ «жігітке жеті өнер де аз» демеуші ме еді?!
Еңбек етемін дегенге кәсіп көп. Қазіргі таңда кәсіпкерлікті дамытуға арналған түрлі бағдарламалар да бар. Бастапқы қаражат жоқ немесе тым аз, алайда, сіздің бизнеспен айналысқыңыз келеді, онда жұмыспен қамту орталығына баруды ұмытпаңыз. Ол жерде түрлі консультация-дан бастап тренингтер, курстар өткізіледі. Олар өз бизнесіңізді ашуға көмек көрсетіп, жол сілтейді.

 

Р.S. Біреуі өмірге ызалы, енді бірі адамдарға өкпелі, тағдырына налыған ағаларымызды көргенде жүрегің ауырады екен. Ел дамуына қандай да бір үлес қосуды емес, қарын тойса болғаны деп жүрген  жастарды көргенде қынжыласың. Ел аман, жұрт тынышта қара күшін сатқандар, ертең ақша үшін қара басын сатпасына кім кепіл?! Құдай содан сақтасын!..

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар