Жиырма бес ұсыныс жасалған

 

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен «Жасыл көпір» серіктестігінің бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары қолға алынды.

 

Аудан әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысқан мәжілісті ашып жүргізген «Энергиялық тиімділік пен ресурс үнемдеудің қоғамдық палатасы» заңды тұлғалар бірлестігі басқармасының төрағасы Елдос Абақанов ақпараттық турдың мақсатын айтып өтті.
– 2012 жылы БҰҰ «РИО+20» саммитінде барлық шетелдер құптаған бағдарлама ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ілгері жылжыту тұғырнамасына айналды,–деді басқарма төрағасы. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Көшекбай Біржекеев өз мекемесінің жасыл экономика қағидатын енгізу бойынша алға қойған міндеттерді кезең-кезеңмен атқарып жатқандарын айтып берді. Елбасы Ақкөл ауданынан Щучинск-Бурабай курортты аймағына дейін ағаш көшеттерін отырғызуды міндеттеген болатын. Осы орайда, Астана-Щучинск тас жолы бойындағы 1828 гектар алқапқа жасыл желек отырғызылды. Алдағы екі-үш жылда 747 гектар алқапқа ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Ақкөл орман шаруашылығы 50 гектар алқапта орналасқан орман қорығы қалпына келтіріпті. Мұнда ағаш көшеттері тамшылап суарылады. Осының арқасында судың 70 пайызы үнемделеді. Сегіз су сорғыш қондырғысы жел арқылы алынатын электр қуатымен жұмыс істейді. Мұндай тәжірибе Маралды орман шаруашылығының қорығында да пайдаланылады. Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жоғары технологияны дамыту жөніндегі кураторы, облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Сұлтанов өңірде энергиялық тиімділік пен жоғары технологияны қолдану жөнінде сөз қозғады. Оның айтуынша, бір жылға жуық жұмыс істейтін комиссия жеті отырыс өткізіп, жасыл экономика жөнінде республикаға 25 ұсыныс жасаған.
– Өңірдің білім және денсаулық сақтау салаларына облыстық бюджет қаржысының 54 пайызы жұмсалады. Ал, бұл бюджеттік ұйымдарда жаңа технология қолданылмайды. Мәселен, биылғы жылы 11 бу қазандығы мектеп ғимаратының сыртына шығарылса да бірде-бір жаңа технология пайдаланылмаған. Көмір 2002 жылдан бері алты есе қымбаттады. Көмірді тасымалдау да қымбаттап отыр. Соған қарамастан әмбебап бу қазандықтары орнатылмауда. Мектептерде су жылыту үшін күні бүгінге дейін «Аристон» пайдаланылады. Бұл суды бу қазандығының қосалқы қондырғысы арқылы жылыту қиын шаруа емес. Сондай-ақ, әлеуметтік мекемелерде энергия үнемдеу технологиясына назар аударылмайды. Көшеге күн энергиясы арқылы жарық берілмейді, – деді Қайрат Сұлтанов. Қазақстан Республикасы жасыл экономика мен «Жасыл көпір» серіктестігінің бағдарламасына өту бойынша тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін Қазақстанда БҰҰ дамыту бағдарламасы жобаларының үлесі жөнінде менеджер Айман Омарбекова айтып берді.
– Тұжырымдаманың бағытына су ресурстарын үнемдеу, ауыл шаруашылығындағы энергия тиімділігі, энергетикалық саланы дамыту, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, судың лайлануын азайту кіреді. Жасаған бірқатар ұсыныстарымызды ҚР Энергетика министрлігіне тапсырдық. Қазір кейбір ауыл шаруашылық құрылымдары күн батареясы мен су жылытатын күн коллекторын пайдалануда. Мәселен, Ақкөл ауданындағы психоневрологиялық ауруханада су жылытатын күн коллекторы орнатылған. Келешекте электр қуатынсыз отырған елді мекендерге күн батареясын орнату жоспарымызда бар. Сондай-ақ, балық шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Жарты жылдың ішінде балық өсіріп, кіріс алуға болатын тәжірибелерді насихаттап жүрміз. Астананың іргесінде орналасқан Арнасай ауылының оқу зертханасында балық өсіріледі. Бүгінгі таңда ауа рфайының өзгеруіне байланысты БҰҰ жасыл технология жөніндегі агенттіктері құрылуда. Агенттік су ресурстары мен пайдалы қазбаларды тиімді пайдаланумен айналысатын болады. Мәселен Токио қаласында жағылатын көмір ауаны ластайтын газ шығармайды. Облыс үшін көмірдің осындай жаңа технологиясын енгізу қажет. Ерекше қорғалатын аумақта тұратын ауыл тұрғындарының мал және құс шаруашылығымен айналысуы үшін БҰҰ дамыту бағдарламасында шағын несиелік жобалар қарастырылған. Мұндай шағын несие 37 тұлғаға берілді, – деді Айман Омарбекова.
Іс-шара барысында өңірдің ауыл шаруашылығы саласында тамшылап суару мен органикалық тыңайтқыш қолданылмайтыны айтылды. Соның салдарынан астықтың сапасы төмендеген. Осы орайда, өзен мен көлдер түбіндегі органикалық тыңайтқыштарды пайдалану керек. Соңғы жылдары өңірде су тасқыны жиіледі. Су тасқынын болдырмау үшін өзен мен көлдерді тазалап, әртүрлі мақсаттағы су қоймаларын салу қажет. «Жасыл экономика үшін коалициясы және G-Global дамыту» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Асыл Оқапова «Жасыл көпір» серіктестігінің бағдарламаларын жүзеге асырудағы қоғамдық ұйымдардың үлесі жөнінде айтып берді. Бұл бағытта Аршалы ауданындағы Арнасай жасыл технология орталығында бірқатар жұмыстар атқарылған. Халықаралық және отандық жаңа технологияларды пайдаланудың арқасында орталықта 1,5 миллион теңге, Вячеслав орта мектебінде бюджеттің 3 миллион теңгесі үнемделген. Жасыл экономика аясында грант ұтып алған 31 әйел 60 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ақпараттық тур жұмысын қорытындылаған басқарма төрағасы жасыл экономиканы дамыту жұмысы одан әрі жалғасатынын айтты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар