Жолдар жайлы бола түсуде

Биылғы жылы бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, аудан орталығындағы және бірқатар елді мекендердегі көше жолдары күрделі, орта және ағымдағы жөндеуден өткізілуде. 

Жалпы, аудан бойынша жолдардың ұзындығы бес жүзге жуық шақырымды құрайды. Оның екі жүзден астам шақырымы аудандық және үш жүзге жуық шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар. Биыл облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Шортанды кентіндегі Пушкин көшесіндегі 1,1 шақырым жол жөнделді. Алдымен, арнайы техникамен ескі асфальт қырылып алынып, асфальт төселді. Кентішілік жолдарды ауыр жүк көліктерінің жарамсыз етуіне жол бермеу үшін көше бұрылыстарына арқалықтар орнатылды. Сөйтіп, ауыр жүк көліктерінің қозғалысы шектелді.  Бүгінгі таңда бұл жұмыс толық аяқталды. Аудан орталығындағы Дзержинский көшесінің 1,6 шақырым жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін 20 миллион теңге бөлінді. Қазір бұл жұмыс жақсы жүргізілуде.
Шортанды кентінің Пионер көшесіндегі су құбырлары жүйесі қалпына келтірілгеннен кейін 900 метр жолға жаңа асфальт жамылғысы төселді. Сондай-ақ, су құбырлары жүйесін қалпына келтіру аясында Октябрь көшесінің жолы жақсарды. Жол жаңа материалдармен тегістелді. Бүгінгі таңда аудан орталығындағы Пролетар мен Степной көшелерінің жолына асфальт төсеу жұмысы қолға алынды. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша Новокубанка селосы көшесінің жолы жөнделуде. Андреевка мен Новоселовка селоларындағы бірнеше көшенің асфальт жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Әсет ҚАШЫҚОВ,
Шортанды аудандық тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар