Жыл құсындай жылы леп

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» атты мемлекеттік бағдарламасы аясында «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде толыққанды жүзеге асырылу үстінде. «Мәңгілік Ел» мақсаттарымен байланыстырылған жоба оңтүстік облыстар жастарының еліміздің солтүстік, батыс және шығыс аймақтарында білім алуына мүмкіндік береді.

Жобаның мақсаты – еңбек нарығында талап етілетін мамандықтар бойынша білім кеңістігін кеңейтуге, республиканың солтүстік және орталық өңірлерінде ашылып жатқан мүмкіндіктерді ескере отырып, оңтайлы көші-қон үдерісін үйлестіруге, студенттердің таңдаған мамандықтарына деген ынтасын арттыруға және олардың еңбек және жұмыспен қамту саласында шарттар жасасуына жол ашу.
– Университетімізде «Серпін-2050» әлеуметтік жобасын қолдау мақсатында оқытушылар арасында арнайы штаб құрылған, – дейді ректордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аманбай Сейітқасымов. – Оның мүшелері бес облысқа бөлініп, оқуға түсетін талапкерлермен нақты жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-де «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облыстарының 1070 талапкері оқу ордамызда педагогикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алуда. 2018 жылы «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқып жатқан 135 студент оқуларын аяқтайды.
Әңгіме барысында университетте «Серпін-2050» грант иегерлерінің штабы құрылып, оның төрағалығына аталған жоба түлегі, техника және технологиялар факультетінің 3 курс студенті Әсет Ибраевтың сайланғанын білдік. Бұл өзін- өзі басқару қағидаттарына құрылған өте жақсы шешім. Өйткені, мұның астарында көптеген мәселелер қарастырылған. Мәселен, бұл күні кеше мектеп бітіріп, туған елінен ұзап шықпаған балалардың жарасымды қауымдастығын, жергілікті түсінік-танымдардың жылдам қалыптасуын қамтамасыз ететіні анық. Сонымен бірге, «Серпін» штабына университеттің бас ғимаратынан арнайы кабинет бөлініп, талапқа сай жабдықталғаны да құптарлық. Білім ордасының басшысы серпіндіктермен жиі-жиі кездесу өткізіп, емен-жарқын әңгіме өрбитіні тәрбие тәлімінің баяндылығын байқатады. Тағы бір айта кетерлігі, уни-
верситет басшылығы былтырғы оқу жылының басында барлық жатақханаларда тұратын студенттерге дастарқан жайып, дәм бергенін қала жұртшылығы жақсы дәстүрдің бастамасындай қабылдағаны есімізде.
Қазіргі уақытта бұл штабтың мүшелері университеттің қоғамдық жұмыстарын үйлестіруге септесуде. Бүгінгі күні барлық грант иегерлері жатақханамен қамтамасыз етіліп, оларға қажетті тұрмыстық жағдайлар жасалған. Білім ордасында ән-би, домбыра, шахмат, жас таланттар, көркемөнерпаздар үйірмелері, «Жауқазын» театры жұмыс істейді. Сонымен бірге, КМУ-де студенттік деканат, университет жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанаты, «Жастар» педагогикалық отряды, студенттер кеңесі де өнегелі қырларымен танылуда. «Сер-пін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша оқуға түскен студенттер аталған ұйымдардың негізгі құрамының мүшелері. Яғни, шығарма-шылық үйірмелеріне 189, спорт жағына 162 студент қатысады екен.
Мұнда жас ақындар мен тілшілер клубы құрылғанын да білеміз. Бұлардың қатарындағы жастар балауса жыр мүшәйраларына қатысып, қалалық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанып жүр. Әсіресе, талантымен тәнті етіп жүрген Күләш Нысанбек Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ұйымдастыруымен өткен Мұқағали Мақатаевқа арналған «Жазба ақындар мүшәйрасында» бас жүлдені, Түркістан қаласындағы Ғани Мұратбаевтың 100 жылдығына арналған «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты республикалық жыр мүшәйрасында ІІІ орынды, Ақмола облыстық «Студенттік көктем» фестивалі мен «Мәңгілік Ел – мәртебелі тіл» атты ақындар мүшәйрасында ІІІ орынды иемденуін үлкен жетістік деп бағалаймыз.
Сондай-ақ, Керімбек Бексұлтанның Көкшетау қалалық «Көңілділер мен тапқырлар» байқауында І орынды жеңіп алғанын, Назерке Жақсылықованың қалалық «Наурыз Аруы» байқауында ІІІ орынды иемденіп, «Күз Аруы» байқауында топ жарғанын бөлектеп айтуға болады. Ал, «Күз Аруы-2015» байқауына қатысқан филология факультетінің студенттері Қараман Ардақ ІІ орын, Қалқаман Айнұр ІІІ орындарды еншіледі. Осы орайда, «Қазақ күресінен» республикалық, қалалық көптеген турнирлердің жеңімпазы атанып жүрген Жоламан Ұлықбектің атына жылы лебіздер білдіргіміз келеді.
Бүгінгі күні «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша оқуға түскен студенттер университеттегі және қалалық, облыстық, республикалық деңгейде өткізілетін барлық іс-шараларға белсенді түрде қатысуда. Солардың біразын санамалап өтсек дейміз.
Серпіндіктердің ұйымдастыруымен №1 және «Арасан» жатақханасында «Біз жалынды жастармыз» атты мәдени кеш өткізілді. Қалалық «Денсаулық фестиваліне» бес факультеттен 1000-ға жуық студент қатысты. Соның тең жартысынан көбі – серпіндіктер. Өздері шептік қамқорлыққа алған Бұқпа тауының бөктерін көкорайға бөлеудегі белсенділігі үшін қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандар да солар. «Жастардың жеті қазынасы» форумында, факультетаралық «Жайдарман» ойыны, «Шоқан Жұлдыздары» фестивалінде жарқырай көрінгендердің ішінде де сер-піндіктер бар.
Әртүрлі интеллектуалдық, спорттық жарыс-
тарда Көкшедегі жетекші білім ордасының беделін көтеріп жүргендердің арасынан серпіндіктерді көбірек көре бастауымыз да ғанибет. Мәселен, Астана қаласында өткен Серпін сардарларының слетіне Керімбек Бексұлтан қатысып, Ақмола облысының «Серпін сардары» атанып қайтқан болатын.
Университет студенттері арасынан «Жалын» қоғамдық ұйымы құрылып, қайырымдылық шаралар ұйымдастырылуда. Нақтылай кетсек, қаладағы соғыс және тыл ардагерлерінің үйлеріне барып үлкен қайырымдылық көмектер жасалды. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі балалар үйлерінде де концерттер қойылып жүр. Студенттер арасындағы аймақтық «Аламан» бәйгесін ұйымдастырушылар қатарында да серпіндіктер айрықша белсенділік танытуда.
Өткен жылдары «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшелері, «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» республикалық жобасы үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов арнайы келіп, серпіндіктермен кездесу өткізуі әлеуметтік жобаның әлеуетті екендігін айғақтайды. Сондай-ақ, былтырғы жылы Табатаева Күлзия Қадырқызы келіп, университеттің хал-ахуалымен танысып, студент-жастармен кездесу өткізді.

Бақберген Амалбеков.
Көкшетау қаласы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *