Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халықтың игілігіне қызмет етуі керек - АРҚА АЖАРЫ

Халықтың игілігіне қызмет етуі керек

Қазір қоғамда жер реформасы жөнінде қызу талас жүріп жатыр. Себебі түсінікті. Қазақстандықтар үшін жер тек материалдық ресурс қана емес, тәуелсіздікке тең рухани құндылық. Сондықтан, Президент Жер кодексінің даулы нормаларына мораторий жариялады.

 

Жерді жекеменшікке беруден толық бас тартудан ауыл шаруашылығы маңызы бар  жерлерді шетелдіктер мен шетелдік компанияларға жалға беру құқығын шектеуге дейін әртүрлі көзқарастар айтылып жатыр.  Ауыл шаруашылығы саласын көтеру керектігін, жерге ұқыпты қожайын керек екендігін түсінетін барлық пікір айтушылармен мен келісемін. Қазіргі қиын уақытта халықтың жақсы өмір сүруіне, ел экономикасының нығаюына  қатысты үміттеріміз алдымен осы ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Менің ойымша, осындай сәттерде мәслихат депутаттары да өз ойларын бүкпесіз білдіруі тиіс.
Жер біздің халқымыздың, біздің қоғамымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Бұл үшін ол біздің отандық шаруалардың ұқыпты қолында болуы керек. Әлемде, барлық дамыған мемлекеттерде осылай қалыптасқан.  Егер біз әлемнің 30 дамыған елінің қатарына кіргіміз келсе, бізде де осылай болғаны жөн. Экономиканы және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жер реформасының мәні де осында.
Қазіргі қиын уақытта халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету әлемдегі ең жаһандық мәселелердің бірі болып табылады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімдеріне қажеттілік барған сайын артып келеді. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатындықтан, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту бағытында зор әлеуетке ие. Ол үшін аграрлық секторға ауқымды инвестициялар қажет. Аграрлық өндірісті дамыту үшін шет елдік компанияларды тарту жаңа өңдеуші кәсіпорындар салуға, инновациялық технологиялар енгізуге, ең жақсы деген заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде тек өзімізді ғана азық-түлікпен қамтамасыз етіп қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемдік нарыққа басты шығарушылардың бірі болуға болады.
Қазір біздің ауданымыздың жер қоры
467 564 гектарды құрайды, оның  386 289 гектары ауыл шаруашылығы маңызындағы жерлер болып табылады. Тәуелсіздік алған жылдары жеке қолға тек 6 784 гектар жер ғана сатылған. Бұл жалпы жер көлемінің 1,7 пайызын ғана құрайды. Сондықтан, ауыл шаруашылығы жерлері баяғыда сатылып кеткен деген әңгімелер шындыққа жанаспайды. Енді жерді жалға беруге келейік.  Бүгінгі күні ауданда  333 702 гектар жер  жалға берілген. Оның тек 6 гектары ғана шетелге жалға беріліпті. Бұл – жалға берілген жердің   0,0017 пайызын  құрайды. Міне, статистикалық дерек осындай.
Жер – еліміздің байлығы ғана емес, үлкен капиталы, мемлекет табысының бір бөлігі. Жалпы, кез-келген жалға алушы жалға алған жерге мұқият, есеппен қарау керек. Ондай болмаған жағдайда мемлекет оны қайтарып алуға тиіс. Егер жер мақсатты пайдаланылмаса, тыйым салынған зиянды химикаттар  қолданылса, онда мемлекет кез-келген шетелдік жалға алушыдан да бірден бас тартуы керек.  
Қазір қазақстандық  аграршылар Жер кодексіне қабылданған түзетулерден қорқақтайды. Өз әріптестерімді бұл орайда, тыныштандырғым келеді, сіздерді қазір  жалға берілген жерлерді  сатып алуға ешкім мәжбүрлемейді. Сонымен қатар, бізге жерді жекеменшікке сатып алу үшін  50 пайыздық  жеңілдікпен  мүліктік құқық беріледі. Қоғамда шетелдіктер жалған некеге отырып,  азаматтық алып, кейін жерімізді сатып алады деген де сыбыстар бар.  Бұған әрине, мүлдем жол беруге болмайды.
Жер реформасы – ауыл шаруашылығын ілгерілету мүмкіндігі.  Оның мақсаты – жерді экономикалық  айналымға тарту, жаңа жұмыс орындарын  құру, ауылдарды дамыту және халықтың тұрмысын  көтеру. Осыны да естен шығармаған абзал.  Ең бастысы, осы мәселелердің барлығын бірлесіп, егжей-тегжейлі пысықтау және мән-жайды толық халыққа жеткізу.  Біздің Президентіміз  дұрыс шешім қабылдап, бүкілхалықтық  талқылауға жол ашқаны дұрыс болды.      
Өйткені, жер реформасы мәселесі жан-жақты ойлануды талап етеді, бұл мәселеде ұсақ-түйек болмауы керек. Біздің елімізде миллиондаған гектар құнарлы жерлер  айналымсыз жатыр. Жерге деген мұндай  көзқарас дұрыс емес. Баяғыда-ақ осының алдын алуымыз керек еді. Қанша жер  мемлекетпен жалға берілмей,  ондаған жылдар бойы  иесіз тұр. Егер ол айналымда болмаса, онымен ешкім жұмыс істемесе, онда тез арада жағдайды түзеп, бұл жерлерді пайда  әкелетіндерге берген жөн. Бұл орайда, Үкімет шұғыл түрде халықтың жағдайын ойламаған жауапсыз фирмалар екінші деңгейдегі банктерден несие алу үшін кепілдікке қойған, сөйтіп, ауылға дым бұйыртпай отырған қаншама жерлердің тағдырын толық шешкені абзал.   Менің ойымша,  Жер кодексінде барлық тараптардың  құқықтары мен міндеттері  нақты көрсетілуі  керек. Мәселенің халықтың мүддесін көздей отырып шешілгені жөн болады.  

Яков БЕЛЬЦ,
«Новокубанский» серіктестігі директорының  өндіріс жөніндегі орынбасары,  аудандық мәслихаттың депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар