Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сапалы медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі артып келеді - АРҚА АЖАРЫ

Сапалы медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі артып келеді

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жос-парында  халықтың денсаулығын жақсарту бағытында атқарылатын міндеттер жан-жақты айқындалған. Халықтың денсаулығын сақтау мемлекеттік маңызы бар мәселе болып табылады. Облыстың медицина қызметкерлері өздеріне жүктелген осындай ауыр да жауапты міндетті нық сезініп, қызмет көрсету сапасын көтеру бағытында аянбай еңбек етіп келеді. 2015 жылы «Саламатты Қазақстан» бесжылдық бағдарламасының аяқталғаны белгілі. Осы бағдарлама шеңберінде облысымызда көптеген игі істер жүзеге асырылды.
Сондай игі істердің қатарында күрделі жөндеуден өткізілген ауруханалар мен шетелдік заманауи құрылғылар сатып алып орнату, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жаңа ауруханалар мен емханалар салу, денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізу  сияқты саланың дамуына  үлкен ықпалын тигізетін өзгерістер бар. 2015 жылы 10 денсаулық сақтау нысаны салынады деп жоспарланған болса, 6-уының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ал, биылғы жылы 8 денсаулық сақтау нысаны салынбақшы. Оның 2-еуі емхана және Жарқайың ауданынан  70 орындық аурухана кешені пайдалануға берілетін болады. 2015 жылы 11 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл жұмыстар үшін бюджеттен 558,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Салаға бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де артып, өткен жылы ол 29,4 миллиард теңгені құрады.
Биылғы жылдың сәуір айында Ақкөл ауданында тәулігіне 250 адамды қабылдайтын жаңа емхана ашылды. Емхананың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева қатысты. Бұрын ескі, тар ғимаратта жұмыс істеп келген емхана дәрігерлері заман талабына сай салынып, жабдықталған жаңа ғимаратқа кіріп, қуанышқа бөленді.
Денсаулық сақтау саласын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің қосатын үлесі аз емес. Осы бағытта атқарылған игі іс ретінде Көкшетау қаласында ашылған амбулаторлық диализ орталығын атап өтуге болады. Ол «жасанды бүйрек» қызметін атқаратын 9 аппаратпен қамтамасыз етілген. Бұл мекеме мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынып, пайдалануға берілді. Дәрігерлердің пікірінше, жеке компаниялармен бірлесе жұмыс істеу қызмет көрсету сапасын арттырады. Бүгінде облысымызда бүйрек ауруымен ауыратын екі жарым мыңдай науқас барлығын ескерсек, бұл орталықтың науқастарға қаншалықты көмегі боларын түсіну қиын емес.
Қандай істі де ең алдымен маман шешетіні белгілі. Осы орайда, білікті мамандармен қамтамасыз ету жайы да әрдайым ерекше назарда ұсталады. «Дип-ломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында шалғай ауылдарға жас мамандарды тарту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Өткен жылы облыстың медициналық мекемелеріне 338 жас маман келсе, олардың 102-сі жоғары білімді дәрігерлер,  236-сы орта деңгейлі медицина қызметкерлері. 48 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, 82 маманға көтерме сыйақы төленді, 34 маман тұрғын үй үшін несие алды. Осы мақсатқа бюджеттен 99,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатын болады. Қазір жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары жоғары медициналық оқу орындарында болып, оқу бітіретін жас мамандарды тарту ісімен айналысуда. Биыл да облысымыздың көптеген медицина мекемелері, оның ішінде шалғай ауылдардағы дәрігерлік амбулаториялар жас мамандармен толығатын болады.  
Мамандардың біліктілігін арттыру мәселесі де күн тәртібінен түспейтін маңызды міндет болып отыр. Бүгінгі таңда дәрігерлердің 50,6 пайызы, орта буынды мамандардың 45,7 пайызы жоғары санатты мамандар. Қызметкерлеріміз ұдайы білім жетілдіру курстарында оқып, еліміздің іргелі медицина орталықтарында, одан қалды шетелдерде тәжірибеден өтіп тұрады. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақылары жылдан жылға өсіп келеді. Биылғы жаңа жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы белгіленген заң шеңберінде көтерілді. Қазіргі күні дәрігерлердің жалақы деңгейі өзге сала мамандарымен салыстырғанда біршама жоғары болып табылады.
Қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері де толық шешімін тауып отыр. Ауруханалар мен емханаларды, ауылдық жердегі дәрігерлік амбулаторияларды медициналық құралдармен жабдықтауға қажетті қаржы бөлініп тұрады.  Ауруды емдеу мен анықтаудың жаңа технологиясын пайдалану жергілікті тұрғындарды жоғары деңгейлі медицина қызметімен қамтуға мүмкіндік беруде. Өткен жылы шалғай ауылдарда тұратын 600-ден астам науқас жоғары деңгейлі медицина қызметін пайдалануға мүмкіндік алды. Аурудың алдын алу, дер кезінде анықтау шараларына да жете назар аударылады. Флюорографиялық тексеруден өту мәселесі қатаң бақылауда ұсталып, шалғай ауылдардың тұрғындары үшін көшпелі рентген құрылғылары қызметі көрсетілуде.
Әр жұмыстың нәтижесі болатыны белгілі. Медицина қызметкерлерінің еңбегінің нәтижесі – халықтың денсаулығының жақсарып, өмір сүру жасының ұзаруы, медициналық қызмет көрсету сапасының артуынан көрінеді. Бүгінгі күні облыс тұрғындарының орташа өмір жасының ұзақтығы 69, 84 жас болып отыр. 2011 жылы бұл көрсеткіш 66, 69 жас болатын. Ана өлімінің көлемі 19,8 пайызға кеміп, әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда  25,9 болды. Нәрестелер өлімі де өткен жылдармен салыстырғанда біршама азайды. Сөйтіп, ол әрбір мың сәбиге шаққанда 9,8 адамды құрады. Адам өміріне қауіпті дерттердің бірі саналатын туберкулезден қайтыс болғандар қатары да жыл санап азайып келеді. Қазір осы дерттен қайтыс болғандар саны  әрбір 100 мың адамға шаққанда 4,5-ті құрайды, ал 2011 жылы ол 8,1 адам болған еді.
Биылғы жылы денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру басталмақ. Осы бағдарламаның негізгі пункттерінің бірі – міндетті мемлекеттік сақтандыру. Міндетті мемлекеттік сақтандыру 2017 жылдан жүзеге асырыла бастайды. Мемлекет әлеуметтік жағдайы нашар халықтың 15 тобының жарнасын төлеуді мойнына алып отыр. Жалданып еңбек ететіндердің жарнасын жұмыс беруші төлесе, өзін-өзі қамтамасыз ететіндер мен кәсіпкерлер жарналарын өздері төлейтін болады.
«Адам жанының арашасы» атанып жүрген медицина қызметкерлерінің жұмысы ауыр және жауапты. Дәрігерлер уақытпен санаспай, кейде демалыс, түн мезгілдерінде жұмыс істеп жатады. Міне, сондай ауыр міндетті абыроймен атқарып жүрген әріптестерімді бүгінгі төл мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына береке-бақыт, еңбектеріне жеміс тілеймін.

Гүлнәр ҚҰЛЫШЕВА,
облыстық денсаулық сақтау
 басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар