Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел боламын десең – бесігіңді түзе - АРҚА АЖАРЫ

Ел боламын десең – бесігіңді түзе

Қазақ жастарының біразы бұрыш-бұрышта темекі шегіп, арақ-шарапқа үйір болып, кафе-барлардың тұрақты қонағы, түнгі клубтар мен басқа да би алаңдарының басты кейіпкеріне айналғаны қашан. Осыған орай, облыстық «Арқа ажары» газетінің редакциясы мен Көкшетау қалалық жастар ресурстық орталығы бірлесіп, қалалық қазақ кітапханасында жастардың тәрбиесін талқыға салған «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» атты дөңгелек үстел өткізді.

Оғаш қылықтардың қайдан, қалай жабысқаны, жастарды дұрыс жолға салу үшін не істеу керектігі және жеткіншектердің мұндай жолға түспеуінің алдын алу шаралары қалай жүргізілу қажеттігі сөз болған дөңгелек үстелге Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова, колледж мұғалімдері мен ішкі істер органдарының өкілдері және орта
арнаулы оқу орындарының белсенді оқушылары қатысты.
Дөңгелек үстел Көкшетау қалалық қазақ кітапханасы әзірлеген бұрынғы қыздар мен бүгінгі қыздарды салыстырған бейнебаянмен басталды.  Шараны «Арқа ажары» газетінің руханият бөлімінің шолушысы Мерген Тоқсанбай жүргізіп отырды.
Тілші:
– Армысыз, ел ертеңіне атүсті қарай алмайтын ардақты әлеумет!  «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген кешегі ұлы Мұхтар Әуезовтың сөзінің астары терең. Тәрбие тал бесіктен басталатыны ақиқат. Бүгінгі қоғамның бет-бейнесін көріп, шүкіршілік айтып та, шошынып та жүрміз. Бірақ, жастардың көз қуантқанынан гөрі, көңіл қуартқан тұстары басым түсіп жатқаны қынжылтады. Осы салада біраз жыл қызмет атқарып, келеңсіз жәйттардың куәсі болған аға инспектор Анаргүл Ыбыраеваға алдымен сөз берсек.
Анаргүл Ыбыраева, Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы:
– Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің тәртіп-тәрбиесіне қанша көңіл бөліп, олардың ойнақтап жүріп от басып қалмауына қанша күш жұмсасақ та, қапы қалып, сан соғып, бармақ тістеген кездеріміз әлі де көп. Қала халқының басым көпшілігі жастар екені мәлім. Сондықтан, осы жағынан атқаратын шаруа ұшан-теңіз.
 Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жасөспірімдердің қолымен жасалған төрт қылмыс тіркеліп отыр. Былтыр бес қылмыс тіркелген болатын. Облыстық перинаталдық орталықтың бізге берген ақпаратынан да көңіліміз су сепкендей басылды. Өткен қаңтар айының өзінде 15-18 жас аралығындағы 5 қыз жүкті болып қалған. Олардың төртеуі «Арна», «Бурабай», №1 қалалық сервистік-техникалық колледж оқушылары болса, біреуі орта мектептің 15 жасар оқушысы. Тергеу барысында анықталғаны, бұлардың бәрі де жігіттерімен әлеуметтік желі арқылы танысып, кездескен. Ал, отбасы жағдайына келсек, әлеуметтік жағдайы төмен, толық емес отбасылар және ата-анасы азаматтық некеде тұрып жатқаны белгілі болды.
Жәнібек Қалиев, облыстық гендерлік комиссияның хатшысы:
– Кешіріңіз,  жаңағы 15 жасар қызды сіз айтқан жағдайға жеткізген жігіт табылды ма?
Анаргүл Ыбыраева:
– Иә, табылды. 22 жасар жігіт екені анықталды. Оның үстінен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 122 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тілші:
– Ал, жастардың ішкілікке салынуы жайлы не айтасыз?
Анаргүл Ыбыраева:
– Ішкілікке байланысты қаңтар айында Қазақтан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 442 бабы
бойынша 9 факті тіркелген. Және осы  442 баптың бірінші тармағы бойынша ата-аналар өз міндетін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынады. Биыл төрт ата-ана осындай жауапкершілікке тартылды. Құжаттары облыстық балалар мен жасөспірімдер ісі жөніндегі сотта жатыр.  Мұндай жағдайлар орын алмау үшін біз әр сенбі, жексенбі сайын «Түнгі қаладағы балалар» атты рейдке шығамыз. Сіздер білесіздер, балаларға түнгі 22.00-ден таңғы 6.00 аралығында ата-аналарынсыз жүруге болмайды. Бұл – бір. Екіншісі, балалардың ойын-сауық орталықтарында түнгі 23.00-ден кейін де ата-анасыз жүруге болмайтыны. Биыл мұндай 54 факті тіркелген.
Осындай жағдай орын алғанда алғашында ескерту жасаймыз да, екінші ретте айыппұл салынып, материалдары жинақталып, сотқа жіберіледі. Тағы бір айта кетерім, мұндайда ата-аналар ғана емес, ойын-сауық орталықтарының әкімшілігі де жауапқа тартылады. Бізге бұл жағынан былтырдан бері қалалық жастар ресурстық орталығының жанынан ашылған жедел оперативтік отрядтың мүшелері көп көмегін тигізіп жатыр.
Тілші:
– Гүлім Тұяққызы, мұндай отряд туралы естімеппіз. Ол қашан ашылып еді? Құрамында кімдер бар?
Гүлім Бегалина, Көкшетау қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:
– Жедел оперативтік отряд жоғары оқу орындарының ерікті студенттерінен құрылған. 2013 жылы ашылып, жұмысы тоқтап қалып еді, былтыр қайта қолға алынып, біраз шаруа атқарылды. Биыл бұл отрядқа мүшелікке кірсек деп 150 студент өтініш білдірді. Олар өз жұмысын келесі аптада бастайды.
Анаргүл Ыбыраева:
– Біз былтыр осы жедел оперативтік отрядтың күшімен көп қылмысты әшкереледік. Биыл да солай болатынына сенеміз. Ішкілікке қатысты мәселеге тағы бір қосайын дегенім, дүкендерде көп жағдайда 18 жасқа толмаған балаларға кешкі 21.00-ден кейін арақ-шарап өнімдері сатыла береді. Биылдың өзінде 11 дүкенші осылай беймезгіл арақ пен темекі сатқаны үшін жұмысынан шығарылды.
Зере Қиықова, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы:
– Әрине, қоғамның келеңсіздіктерін осылай талқылап жатқанымыз дұрыс. Сіздердің осындай шара ұйымдастырғандарыңыз үшін қуанып отырмын. Бірақ, ылғи да көкейде бір сұрақтың басы қылтиып шығып тұрады.
Жоғарыда айттыңыздар, бәлен қыз жүкті болып қалыпты, түген бала арақ ішіп ұсталды деп. Солар ішкенше, бойжеткеніміз от басып қалғанша қайда қарадыңыздар?
Міне, осы жерге қаншама қыздар келіп отыр. Бәрі де ибалы, инабатты екені жүздерінен көрініп тұр. Ал, сіз бен біз сөз етіп отырған жастар көшеде жүр. Алдымен осы араға соларды әкелу керек. Жаңа аға инспектор Анаргүл Олжабайқызы айтып өткен «Арна» колледжінің қасынан ылғи өтемін. Үзіліс уақытында оқушы қыздар топтанып алып, темекі шегіп тұрады. Олардан ер балалар арланбай келіп, оттық, темекі сұрап тұрғанын да көргем. Көрген сайын ақылмен де, ұрысып та айтып жүрмін. Әзір өзгерген бірі жоқ. Жалғыз мен айта бергеннен түк өнбейді. Бір ауық мұғалімдері де тексеріп, шәкірттерінің жағымсыз әрекеттерін тыюы керек.
Анаргүл Ыбыраева:
– Зере Еспайқызы, осы аталған колледж-дер мен жоғары техникалық мектептерге біздің қызметкерлер үзіліс сайын барып тексеріп, темекі шекпеуін қадағалап тұрады. Олар бізді тіпті көлеңкемізден таниды. Біз бұл жағынан жұмыс атқарып жатырмыз.  
Тілші:
– Сөз болып отырған «Арна» колледжінің көркемдік жетекшісі Бақыт Байманова ортамызда отыр. Бақыт апай, студенттеріңіздің тәртібі нашар деп жатыр. Сіз бұған не дейсіз?
Бақыт Байманова:
– Бұған тәрбие бөлімінің меңгерушісі жауап беруі керек. Оның уақыты болмаған соң, мен келдім. Мен тек өзіме қатысты қыз-жігіттерге ғана жауап берем. Ал, маған дайындыққа келетіндердің бәрі де тәртіпті, тәрбиелі. Олардың теріс қылықтарын көргем жоқ.
Тілші:
– Демек, сіз тек ән айтып, би билейтін қыз-жігіттерге ғана жауаптысыз ғой? Сонда қалғандары маңызды емес пе? Жалпы, темекі шегіп, арақ, шарап ішкен қыз-жігіттерге деген пікіріңіз, көзқарасыңыз қалай?
Бақыт Байманова:
– Әрине, қарсымын. Менің ойымша студенттердің мұндай іске баруы бос уақытын дұрыс өткізе білмеуінен. Мысалы, мен жоқ кезде біздің салтанат залының есігі жабық тұрады. Ал, студенттер әрқайсысы бет-бетімен жүреді. Мен жұмыста болған кезде, барлығы келіп би билеп, жаңа ән үйреніп, мәре-сәре болып жатады. Сол сияқты, әр студенттің көңілін таба білу керек шығар. Шынымды айтсам, оқушыларымыздың осындай жаманатқа қалып жатқаны үшін ұялып отырмын.
Зере Қиықова:
– Бақыт қызым, сен «мен тек өзімнің шәкірттеріме ғана жауап берем» деп айтпа. Бұл қателік болар. Менің «Арна» колледжіне түк қатысым жоқ қой. Бірақ, мен үнемі айтып жүремін. Сол үшін жексұрын болсам да айтып жүремін. Ал, Анаргүл, айналайын, сендердің қызметкерлерің де тырысып жатқан шығар. Бірақ, жасы 15-ке, әйтпесе, 18-ге жақындап қалған қыздарды қайта тәрбиелеу қиынға соғады. Тәрбиені балабақшадан бастау керек. Мен Аналар кеңесінің республикалық съезіне қатыстым. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқу орындарында қыздар тәрбиесімен айналысатын клубтар ашылып жатыр екен. Содан келе салысымен №3 облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың ішінен «Сырғалым» қыздар клубын ашқыздым. Қазір ол клуб жұмыс істеп жатыр. Ол жердегі қыздармен түрлі жұмыстар атқарылуда. Қолөнерін, сөз өнерін және басқа да пайдалы дүниелер үйренуде. Сол сияқты №6 «Нұрай» балабақшасында «Шаңырақ» клубы ашылды. Ол ата-аналармен жұмыс жүргізеді. Ата-аналарға баланы үйде қалай тәрбиелеу керектігі жөнінде ақыл-кеңестер айтып, баланың дұрыс өсуіне септігін тигізеді. Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Айғаным» қыздар клубы бар. Бір жыл бойы түк бітірген жоқ. Биыл Нұргүл Қайырбекқызы жұмыс жасап жатыр.
Асханбай Сырғажан, Көкшетау медицина колледжінің бірінші курс оқушысы:
– Ата-анасы қыздарына көп нәрсені ашық айта алмайды. Ұялатын шығар. Қызым әлі кішкентай дейтін шығар. Сөйтіп, осы жерден оңбай қателеседі. Сол үшін де осындай клубтарды әр жерде ашу керек. Сол жерде ашық-ашық айтып, батырып сөйлеп, түсіндіру керек. Сосын неге біз қыздарды ғана кінәлай береміз? Бұған ұлдар да кінәлі ғой. Мектептен бастап тек қыздармен жиналыс ашып, тек қыздармен ғана сөйлеседі. Дүниені бүлдіріп жатқан қыз бала ғана сияқты. Ал, ұлдар ше?!.
Тілші:
– Зере апай, қыз бала тәрбиесін қолға алып, осындай үлкен жұмыстар атқарып жатқаныңыз дұрыс-ау. Шынымен, осы тентек ұлдарымызды кім тыяды?
Зере Қиықова:
– Жуырда біздің Көкшетаудағы №5550 әскери бөлімнің 200 солдатымен кездесу өткіздік. Қазір не көп әскерде? Суицид көп! Содан сақтануды, елде әке-шешесі, туған-туыстары күтіп отырғанын, тосып жүрген қыздары бар екенін айттық. Біздің ата-аналарымыз ұлдарын әскерге жібергенде, әскери ант қабылдау рәсіміне бару деген мүлде жоқ еді ғой. Ал, қазіргі ата-аналардың телефонмен сөйлесуі бұлай тұрсын, тіпті, ант қабылдауға дейін барып келетінін де айттым. Ол балалардан ешқандай да ағат қылық шықпайтынына сенемін.
Тілші:    
– Зере апай, мұныңыз да дұрыс екен. Алайда, ол 200 жігіт казармадан шықпайды, қалаға кезекшілікке шықса да, күнделікті бақылауда. Олар не бүлдіреді? Бүлдіретіндер арамызда, сыртта жүр ғой. Жігіттер, сендер бұған не дейсіңдер?
Бақберді Қуатхан, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының жанынан ашылған «Серпер» жастар клубының төрағасы:
– «Бір еркек бұзылса, бір отбасы бұзылады. Бір әйел бұзылса, бүкіл ұлт бұзылады» дейді халқымыз. Соңғы кездері жағаны ұстататын жәйттар көптеп орын алуда. Бұрын баланы перзентханаға, балалар үйіне тастаса, қазір қоқыс жәшігіне  тастайтын болды. Осыны жылы жауып қоя салмай қатты-қатты айту керек. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне көп көңіл бөлген абзал. Өйткені, ол – болашақ ана. Менің ойымша, балаға әке тәрбиесінен гөрі анасының тәрбиесі көбірек керек. Менің әкем көп уақытын қалада өткізді. Барып-келіп жұмыс істеді. Бізді бағып, тәрбие берген анамыз. Шүкір. Жаман болған жоқпыз. Сондықтан, ана тәрбиесі басты рөл атқарады деп есептеймін.
Аядай ғана Көкшетаудың өзінде бір айда 5 қыздың жүкті болып қалуы сұмдық қой. Қазір біздің етіміз мұндайға үйреніп алған. Бәленше ажырасыпты десе, «ә, солай ма?» дей саламыз. Түгеншенің қызы арақ ішіп, темекі шегіп, жүкті болып қалыпты десе, күнделікті нәрсе сияқты қабылдаймыз. Бұлай болмауы керек.
Ал, жігіттерге келсек. Атақты Баукең, Бауыржан Момышұлы: «Еркекті екі нәрсе бұзады. Біріншісі – арақ, екіншісі – әйел. Ал, әйелді бұзатын біз – еркектер»,–  деген. Қыздарды кінәлай беру де дұрыс емес. Қыздар сезімге, эмоцияға берілгіш келеді. Сондықтан, қыздардың тәрбиелі де ибалы, ұлдардың намысты болып өсуіне көп көңіл бөлу керек.
Тілші:
– Осы орайда, орыстың әйгілі породисі Петросянның ел алдындағы бір қойылымы есіме түсіп кетті. «Воскресный папа» деп аталатын осы қойылымда екі адам ойнады. Біреуі – әкесі, екіншісі – кішкентай қызы. Қыз әкесіне қарап, «Әке, біздің үйге дүйсенбі сантехник, сейсенбі полицей ағай, сәрсенбі мұғалім ағай, басқа күндері басқа ағалар келеді. Олар ылғи мас болып келеді. Сен ғана сау келіп, маған сыйлық әкелесің. Неге тек жексенбі күні келесің, басқа күндері де келші»,– дейді. Сонда әкесі тұрып: «Шешең екеуміз ажырасқалы маған  тек жексенбі күні ғана келуіме рұқсат етілген. Мемлекетіміздің заңы сондай, қайтейін»,– деп ауыр күрсінеді. Бізде де ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда әкеден гөрі шешесіне көптеген жеңілдіктер жасалады. Мынау гендерлік саясат та әйел қауымына көп еркіндік беріп қойды. Сіз осыған не дейсіз, Жәнібек мырза?
Жәнібек Қалиев:
– Иә, ер мен әйелдің қоғамдағы орнын теңестіріп жатыр. Тіпті, кей жағдайда әйел адамның құқығын жоғары қоюда. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын өз басым.
Баланың туа сала көретіні – анасы. Балабақша, мектеп, орта және жоғары оқу орындарында да сол. Көретіні кілең әйелдер. Қыз-келіншектер педагогикасы бел алып кетті. Демек, Білім және ғылым министрлігі ер мұғалімдердің санын көбейтуді ойлауы керек. Сонда ғана бұл мәселеде тәртіп болады.
Әйгерім Төлепова, Көкшетау құрылыс-техникалық колледжінің педагог-ұйымдастырушысы:
– Негізінде, біз гендерлік саясатты теріс түсініп жүрміз. Гендерлік саясат деген атқарушы билікте әйелдер санын 30 пайызға жеткізу. Ал, біз гендерлік саясат деп ұрандап, еркек пен әйелді теңестіріп әуреміз. Бұл көзқарас дұрыс емес. Қазақ «әйел дауысты еркекте қуат болмайды, ер дауысты әйелде ұят болмайды» дейді. Біздің ер азаматтарымыз жігерсіз деп айта алмаймын, алайда, әйелдер жағы еркінсіп кетті. Көп жағдайда ер азаматтарымызды қадірлемейміз.
Бақберді Қуатхан:  
– Айта беруден түк өзгермейді. Біз алдымен өзіміз өзгеруіміз керек. Біздің жастарды құртатын бір нәрсе бар. Ол – жалдамалы пәтерлер мен коттедждердегі негізді-негізсіз басқосулар. Жоғары сынып оқушыларынан бастап, колледж, университет студенттеріне дейін бәрі сондай жерге үйір. Туған күнін де, басқа мерекені де сол жерде тойлайды. Ол жерде әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Ішкісі келсе, ішеді, темекі шегем десе, шегеді. Әбден масайған соң басқа да әрекеттерге барады. Ең алдымен, сол бір түндік пәтерлерге кәмелеттік жасқа толмағандардың баруына тосқауыл қойып, осы жағын қатаң
 қадағалау керек.
Бибарыс-Сұлтан Өмірбай, «Серпер» клубының мүшесі:  
– Ақын Мұхтар Шахановтың «Астарлап ақиқатты жеткізгенше, бұқпасыз, боямасыз айтқан жөн» деген сөзі бар. Мен соны ұстанамын. Біз бұл жерге жиналып алып манадан бері бір мәселені талқылап жатырмыз, талқылып жатырмыз. Сөзді қойып іске кірісу керек. Ғабит Мүсіреповтың ана тақырыбына жазылған көптеген шығармалары бар. Жазушы бір шығармасында «ананың азғаны – шашының қысқарғаны» дейді. Қазір үлкен әжелеріміздің өзі шашын, кірпігі мен қасын бояп алады. Осы жасында жараса ма, жараспай ма, ол жағы ойландыра бермейді. Солар барып темекі шегіп тұрған қыздарға ақыл айтса, олар «өзіңізді жөндеп алыңыз» демей ме? Кешегі әжелеріміздің ақ жаулығы, аналарымыздың кимешегі қайда? Ең құрығанда үлкендеріміз орамал тақпай ма?
Тілші:
– Айтпақшы, қоғамда орамал таққан, хиджап киген қыз-келіншектерге деген  пікір де әртүрлі. Сіз бұған не дейсіз, Жәнібек мырза?!
Жәнібек Қалиев:
– Мешіт қызметкерлері жиі-жиі оқу орындарына барып, уағыз-насихат айтса екен. Оның өзінде ол топ меніңше, жастардан құрылуы керек. Себебі, жастар жастарды тыңдайды, айтқан сөзін қабылдайды. Қазір жоғарыдағыдай келеңсіз жайларға еріп кететіндер көбіне қалаға ауылдан келгендер. Себебі, ауылда ата-анасының қадағалауында болып, қалаға келе салысымен еркінсіп кетеді. Бұл арада, бәрін айтып отырған жоқпын. Бірақ, қаланың тәртіпсіз қыздарына еріп кететіндері жоқ емес, бар.
Анаргүл Ыбыраева:
– Бала ауылдан қалаға келген күнінен бастап оны қадағалап отыру керек. Қайда, кіммен тұратынына, кімдермен араласатынына дейін білгеннің еш артықтығы жоқ. Ата-анасы мен кураторы оның жалдап тұрып жатқан пәтеріне, көршілеріне дейін білгендері жөн. Сосын оқушылар мұғалімдеріне ауылға кеттік дейді, ал, өздері басқа жақта қыдырып жүреді. Осы жерде де қапы қалып жатамыз.
Жанар Айтқожина, Көкшетау қала-лық қазақ кітапханасының меңгерушісі:
– Бәрі де айналып-үйіріліп келгенде, отбасынан басталады. Егер әке-шешесі бір-бірін сыйлап, ұрыс-керіссіз өмір сүрсе, онда балалары да тәрбиелі болады. Қыз шешесіне қарап, ұл әкесіне қарап өседі.
Гүлмайра Ыбыраева, Көкшетау азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжінің қазақ тілі мұғалімі:
– Біреулер балаға ана тәрбиесі көбірек керек десе, енді бірі әке тәрбиесі керек деп жатыр. Негізінде екеуі де керек. Бұлар бірін-бірі толықтырып тұрады. Бірақ, бүгінгінің әкелері мұндай жауапкершіліктен ақырын ғана сытылып шығып, бәрін ананың мойнына артып қойған. Ата-аналар жиналысын өткізсек, әкелерден бір-екеуі ғана келеді. Ылғи солай. Оның өзінде не әйелі ауырып қалған, не қайтыс болған. Яғни, амалсыздан ғана келетіндер.
Динара Дүйсенова «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметкері:
– Кеңес өкіметі кезінде қазіргідей сұмдықтар мектепте сирек болатын. Мысалы, қыз бала жүкті болып қалса, бүкіл қоғамға сүйел болатын. Ал, қазір…  Баланы ата-ана мен мектеп тәрбиелейді дейміз. Мектепте 5-6 сағат қана болады. Одан кейін үйге келеді. Әке-шешесі болса жұмыста. Сонда қараңызшы, қалған уақытта біздің балаларды қоғам өзі тәрбиелеп жатыр.
Есен Есіркеп, «Серпер» клубының мүшесі:
– Жастар бос уақытын қайда, қалай өткізетінін білмегендіктен, теріс жолға түсіп жатыр дейсіздер ғой. Ол әр адамның ой-өрісіне, ақыл-парасатына байланысты. Біз «Серпер» клубының мүшелері  биыл 28 қаңтардан мектептерге концерт қоя бастадық. Әлі қойып келеміз. Концертке кіру билеті 50 теңге.  Ол ақшаны өзімізге жұмсамай, мүгедек, мұқтаж жандарға апарып беріп жүрміз. Осы қалада зағип балалар мен құлағы мүкіс балаларға арналған мектептер бар. Оларға да тегін концерттер қоямыз. Болашақта қарттар үйі мен балалар үйлеріне де ат басын бұрмақпыз. Ниеті бар адамға істейтін пайдалы шаруа толып жатыр. Сондықтан, бізге қосылғысы келген жастар болса, келсін, қуана қарсы аламыз.
Тілші:
– Иә, жұмыла көтерсек, жүк жеңіл. Ендеше бәріміз ортақ мәмілеге келіп, жастар тәрбиесі тұрғысында бірлесіп жұмыс атқарайық. Өйткені, ел ертеңіне немқұрайлы қарауға болмайды.

 

 

Көкшетау қаласының ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімінің берген мәліметіне қарағанда, 2015 жылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441 бабы бойынша кәмелеттік жасқа толмағандар қоғамдық орында темекі шегіп ұсталған 179 факті тіркелген. Ал, алкогольді ішімдік ішіп ұсталғандар саны 50.
Осы Кодекстің 442 бабының 2 тармағы бойынша түнгі сағат 23.00-ден кейін ата-анасының қарауынсыз жүрген 689 бала ұсталған. Тағы 134 бала Ақмола облыстық бейімдеу орталығына жеткізілген.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296 бабының 2 тармағы бойынша кәмелеттік жасқа толмай нашақорлыққа салынған 6 факті тіркелген.
Келтірілген бұл фактілер әрине, осындай келеңсіз көріністердің тек заң органдарымен тіркелгендері ғана екені түсінікті. Ал, нақты жағдай бұдан да күрделі екені даусыз.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар