Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Салауаттылық арайы – «Бурабай» спорт сарайы - АРҚА АЖАРЫ

Салауаттылық арайы – «Бурабай» спорт сарайы

Еліміз тәуелсіздік алғанына биыл міне, жиырма бес жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Әлеуметтік-экономикалық дамуымыздағы соны серпілістер соның айғағы. Еліміздің әр өңірінде жаңа мектептер мен балабақшалар, тұрғын үйлер салынып, сәні мен салтанаты жараса түсуде. Бір кезде облыс орталығы Көкшетау қаласында бір спорт сарайы болар ма еді деп армандап едік. Ол күнге де осы тәуелсіздігіміздің арқасында  қол жеткізгеніміз айдан анық.

Салауатты өмір салтын ұстанамын деген әр адамға «Бурабай» спорт сарайының есігі әрдайым ашық, қызмет бағасы да онша қымбат емес. Қала тұрғындарымен қатар сырттан келетін қонақтар да спорт сарайына жиі барып жатады.  Таяуда Астанадан Көкшетауға қатынайтын көліктердің біріне отыра қалдым. Жол қысқартайын деген оймен көлік иесін әңгімеге тарттым. Астана-Көкшетау бағыты бойынша жолаушылар тасымалдап, нәпақа тауып жүрген ол сөз арасында өзінің жоғары біліміне қоса, магистрлік қорғағанын да айтып өтті. Алайда, кеңседе отырып тапқан мардымсыз жалақымен бала-шағасын асырау қиын болыпты. Содан, амалсыз осы кәсіпті қолға алған. Бүгінгі күнгі табысы жақсы көрінеді. Айтайын дегенім – ол емес. Жастайынан спортқа бейім Астанада тұратын жігіт ондағы спорт сарайларының қызметінің  қымбаттығынан онда бармайтын көрінеді. Соның салдарынан біразға дейін спорттан қол үзіп, бойына артық салмақ жинап үлгерген. Енді содан арылудың тамаша әдісін таптым деп қуанып отыр.
Көкшетау вокзалына келіп, Астана бағыты бойынша жолаушылар тасымалдайтын таксилердің қатарына тұрып, өз кезегін күтеді. Машина көп, адам аз. Кезегі келгенше бірнеше сағат бос уақыты бар. Қарап отырғанша денсаулығыма пайдасы тисін деп «Бурабай» спорт сарайына баратын болыпты. Жаттығу залы мен бассейнге араға күн салып кезек-кезек барып тұрады екен. Жаттығу залы ересектерге 600 теңге болса, бір айлық абонемент билетінің құны 6000 теңге. Ол билетпен залға айына 12 рет кіруге болады. Бассейнге бір реттік кіру билеті 500 теңге болса, абонемент билеті 5000 теңге көлемінде. Бұл Астанадағыдан әлдеқайда арзан дейді жаңағы жігіт. Біз қолымызда барды бағаламай жатамыз. Денсаулық пен уақыттың қадірін көбіміз түсінбейміз. Ал, бұл жігіт басқа қалада тұрса да, уақыты мен қаржысын тиімді пайдаланып, денсаулығын күтуде. Қаланың бір шетінен екінші шетіне жету үшін әрі кетсе жарты сағат уақытыңыз кетеді. Ал, жақын тұрсаңыз, спорт сара-йына жаяу баруыңызға да болады. Аптасына екі рет «Бурабай» спорт сарайына барып, өзіңізге ұнайтын спорт түрімен шұғылдансаңыз, пайдасы аз болмайтыны анық.
«Бурабай» спорт сарайының құрылысы 2009 жылы аяқталып, 2010 жылдан бастап қолданысқа берілген. Биылғы жылдың бірінші маусымында  44545 адамға қызмет көрсетіпті. Жаттығу залы, бассейн, мұз айдыны, интеллектуалды ойын орталығы мен қоян-қолтық жекпе-жек, фитнес және үстел теннисі залдары сияқты 7 нысанға қоса Қопа көлінің жағасындағы Теннис орталығы да «Бурабай» спорт сарайына қарайды. Теннис орталығы жыл басынан бері 5549 адамды қабылдаған.  
Мұндағы жаттығу залдары жаңа заманғы құрылғылармен жабдықталған. Онда зілтемірді жатып көтеруге арналған 5 құрылғы бар. Олардың біреуі мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған. Жүгіру жолақтары, веложаттығу құрылғылары, кір тастары, зілтемірлер және басқа да ауыр салмақты кеудеге артып, желкеге тартып, түрлі жаттығулар жасайтын құрылғылар жетіп артылады. Бұл залда бір уақытта 34 адам жаттыға алады екен. Әр жаңа келген адамға ақыл-кеңестерін айтып, дұрыс жаттығудың жолдарын түсіндіретін мамандар жұмыс істейді. Олар армрестлинг пен пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері.
Он сегіз жасқа дейінгі жаттығушылар мен студенттерге және зейнеткерлерге бір реттік билет құны  300 теңге  болса, ересектерге 600 теңгеден. Кез-келген топтағы мүгедектер спорт сарайына келіп тегін жаттыға алады.  
Олимпиадалық стандартқа сай салынған ұзындығы 50 метрлік 8 жолақты бассейнге бір уақытта 96 адам түсе алады. Бұл ересектерге арналған бассейн. Оның қасында балаларға арналған шағын бассейн бар. Оған 18 бала қатар түсе алады. Бассейн суын хлорлап, күнұзақ 4 үлкен құм сүзгіден өткізіп отырады. Ол сүзгілерді күн сайын арнайы сұйықтықтар арқылы жуып, тазартады. Бассейннің түбі де күнбе-күн жуылып, кір-қоқыстан кальций гипохлоридымен зарарсыздандырылады. Су температурасы үлкен бассейнде 26 градус болса, кіші бассейнде 28 градустан төмен түспейді. Ғимараттың іші тұрақты түрде  26-27 градусты көрсетіп тұрады. Мұнда да жүзе алмайтын адамдарға көмек көрсететін құтқарушы мамандар бар. Олар бассейн қонақтарын жүзуге үйретеді.
Сонымен қатар, бассейнде дене мәдениеті-сауықтыру мен спорттық сауықтыру топтары жұмыс істейді. Ол топтар балаларға суда жүзуді үйретіп, шынықтырады. «Бурабай» спорт сарайы су добы спортының дамуына да үлес қосып келеді. Оған қазіргі уақытта 40 бала тегін қатысып жүр. Сондай-ақ, мұнда аквааэробика мен пилатес сияқты су спортының сабақтары жүргізіледі. Бассейнге күн сайын тұрақты түрде мүмкіндігі шектеулі 60 адам келеді екен. Кез-келген топтағы мүгедектерге бассейнге кіру тегін. Ал, он сегіз жасқа толмағандар мен студенттерге және зейнеткерлерге бір реттік кіру билеті 250 теңге болса, ересектер үшін 500 теңге.
Бассейнде республика, облыс көлеміндегі түрлі жарыстар да өткізіліп келеді. Оның жоғары жағында көрермендерге арналған 350 орындық мінбер бар.
Спорт сарайының ішінде мұз айдыны да бар. Ол жерде шорт-трек пен мәнерлеп сырғанаудан, хоккейден жарыстар өтеді. Залда үлкен экран орналастырылған. Экран арқылы өтіп жатқан жарыстың есебін бақылап қана қоймай, түрлі слайдтар, бейнебаяндар да көрсетіледі.  Үлкен залдағы  көрермендерге арналған мінберге 1500 адам сыяды. Концерттер мен түрлі іс-шаралар өткізген уақытта мұнда 3000 адам  көріп-тамашалауға мүмкіндік  бар.
Қазіргі уақытта бұл жерде балаларға арналған хоккей мен мәнерлеп сырғанау үйірмелері жұмыс істеп тұр. Мұз айдынында «Арлан» хоккей клубы басқа аймақтардың командаларын қабылдайды. Хоккей клубы спорт сарайының бір бөлігін жалдап алып отыр. «Арлан» осы мұз айдынында жаттығуларының арқасында бірталай жетістіктерге қол жеткізді. Биылғы маусымда шайбалы хоккейдің жоғары лигасының ерлер командалары арасында Қазақстан Республикасының ашық чемпионатында «Арлан» екінші жүлделі орынға ие болды.  
Мұз айдыны «Арлан» клубы мен түрлі шаралардан бос уақытта қала тұрғындарына қызмет көрсетеді. Конькиі жоқ адамдар үшін жалға коньки беріледі. Бір кіргенде 120 адам қабылдай алатын мұз айдынына студент жастар, зейнеткерлер, тіпті бала-шағасын ертіп жүретін отбасылар да келеді. Мұның да бір реттік кіру билеті кәмелетке толмағандар мен студенттер және зейнеткерлер үшін 300 теңге болса, ересектерге 600 теңгеден. Мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетіледі.  Интеллектуалды ойын орталығында шахматтан, дойбыдан және тоғызқұмалақтан жыл сайын қалалық, облыстық, республикалық турнирлер өтіп тұрады. Мұнда бір уақытта 100 адам ойнай алатын мүмкіндік бар. Бір реттік кіру билетінің құны 350 теңгеден.  
Қоян-қолтық жекпе-жектер залында бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Шығыс Азия ойындарының және Әлем кубогінің күміс жүлдегері Руслан Мусиновтың мектебі жұмыс істейді. Ол мектепте дзюдоға 27 бала, самбоға 15 бала тегін қатысады. Алыпсоқ пен аралас жекпе-жек түрлеріне 30 адамнан артық адам жазылған. Соңғы екеуінің бағасы балалар үшін айына 5 мың теңге болса, ересектерге 8 мың теңге. Бір реттік қатысу үшін 500-800 теңге. Балаларды аралас жекпе-жек түрлерінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қазақстан Республикасының бас жаттықтырушысы Баян Жанғалов, 2013 жылы аралас жекпе-жек түрлерінен әлем чемпионы атанған Шафхат Рахмановтар жаттықтырады.
Фитнес залында фитнестің бірнеше түрінен білікті мамандар жұмыс істейді. Мұнда стрипластика, бэлидэнс, бодипамп, фитнесмикс пен балалар хореографиясына қатысуға болады. Бүгінгі күні залға отыздан астам адам тұрақты келіп жүр. Балалар мен жасөспірімдер үшін бір реттік кіру билеті 500 теңге, ересектерге 1000 теңге.  Үстел теннисі залында бір уақытта 8 адам қатар ойнай алады. Мұнда да қалалық, облыстық жарыстар жиі өткізіліп тұрады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кіру тегін болса, басқаларға бір реттік кіру билетінің құны 300 теңгеден.
Денсаулығын жақсартып, спортты серік еткісі келетіндерге бағасы қолжетімді сан түрлі қызмет ұсынып отырған «Бурабай» спорт кешенінің есігі қашан да ашық. Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізіп отырған осындай заманауи спорт сарайының аймағымыздағы спортты дамытып, адамдардың денсаулығын нығайтуға қосып отырған үлесі аз емес.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар