Бүкіл құрлық жанкүйерлерін өзіне қаратқан Еуропа біріншілігі де өрмек жүзінен ауды. Өткен аптаның соңы мен осы аптаның басында өткен біріншіліктің ширек финалдық ойындары да өзінің күтпеген сенсацияларымен есте қалды.
25 маусым күні Сент-Этьенде бақ сынасқан Швейцария мен Польшаның құрама командалары негізгі уақытта 1:1 есебімен бір-бірін еңсере алмай, 15 минуттық қосымша екі кезеңнен кейінгі пенальтиге жүгінді. Сөйтіп, поляктардың мерейі үстем болып, келесі кезеңге жолдама алды.
Ал, біріншіліктің жаңалығы деуге болатын Уельс құрамасы қарқынды қимылынан бұл жолы да жаңылысқан жоқ. 1:0 есебімен солтүстік ирландиялықтардың жолын кесті. Хорватия мен Португалия арасындағы бәсекеде Криштиану Роналдудың көмегімен португалдықтар келесі кезеңге шықты (0:1). Алаң иелері француздар 2:1 есебімен ирландиялықтардан айласын асырса, Германия футболшылары Словакияның қақпасына жауапсыз үш гол соқты.
Ең ірі есеп Тулузада тіркелді. Бельгия құрамасы Венгриядан 1:0 есебімен ғана басым түсіп тұрып, ойынның соңғы 10 минутында қарсыластар қақпасына тағы үш доп соғады деп кім ойлаған?!. Ширек финалда соңғылардың бірі болып күш сынасқан Италия мен Испания кездесуі 2:0, ал, Англия – Исландия кездесуі 1:2 есебімен аяқталып, бұдан бұрынғы Еуропа біріншілігінің жеңімпаздары испандықтар да, оған қоса, футболдың Отаны атанған ағылшындар да жартылай финалдан сырт қалды. Енді алда жанкүйерлер тағатсыздана күткен кезекті ақтық бәсекелер.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.