Облыс әкімі Сергей Кулагин Жаңа жыл қарсаңында Көкшетау қаласындағы Достық үйінде болып, қоғамдық келісім мекемесінің ұжымымен кездесті. Әлеуметтік нысандарды аралап көріп, жұмыс қарқынын үдетуді тапсырды.
Өңір басшысы қоғамдық келісім мекемесінің ұжымымен және этномәдени бірлестіктердің басшыларымен кездескен сәтінде қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүрген жанашыр жандарға алғысын білдірді. Оларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, бақыт, отбасының амандығын, тәуелсіз елдің болашағы үшін жемісті еңбек ете берулеріне тілектестігін білдірді.
– Біз биыл жемісті жұмыс істеп, әр салада жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Келесі жылы да жаңа жетістіктерге жететінімізге сенімдімін. Әрине, біз кейде коммуналдық қызмет жұмысының олқылығына разы болмаймыз. Өз басым қалада жаяу жүргенді ұнатамын. Жаяу жүргіншілер жолына құм төселмей, тұрғындардың қиналып жүргенін көремін. Тиісті органдар мен кәсіпорындар қала тұрғындарына әрқашан қолайлы жағдай жасауы керек. Келесі жылдың бюджеті жоспарланды. Жыл өткен сайын облыс орталығын абаттандыруға, жолдарды жөндеуге бұрынғыдан бір жарым есе қомақты қаржы бөлдік. Тұрғындар қала әкімінің жұмысын аулаларды абаттандыру тәрізді жұмыстары арқылы бағалайды. Бұл бағытқа 800 миллион теңге бөлінді. Газ бен лифт шаруашылығы жұмысын да аяқтаймыз. Көпқабатты үйдің қираған жертөлесі, шатыры мен подъездерін қалпына келтіруге пәтер иелерінің өздері атсалысуы керек. Оларға сырттан ешкім келіп жасап бермейді. Облыстық ассамблея мүшелері мен әр деңгейдегі депутаттар үлгілі көпқабатты үйлерді мысал етіп, бұл бағытта да жұмыс жасауымыз қажет, – деді Сергей Кулагин.
Облыста өз халқының мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін насихаттап, дамытумен айналысатын 45 этномәдени бірлестігі тіркелген. Оның
жиырмасы Көкшетау қаласында. Ұлттық бірлікті нығайтуға, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға, қазақстандық отансүйгіштікті насихаттауға бағытталған жұмысты жүзеге асыру мақсатында Ақмола ассамблеясы мүшелері тарапынан
10 жұмыс тобы құрылған. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын, Қазақстан ұлттық бірлігі доктринасын түсіндіру және насихаттау мақсатында облыста жыл сайын ведомствоаралық ақпараттық насихаттау тобы құрылады. Топқа Қазақстан халқы Ассамблеясының, Ақмола ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктерінің басшылары кіреді.
Бұдан соң облыс басшысы Православ шіркеуінің құрылысы барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын «Никс Инженеринг Групп» серіктестігі жүргізуде. Көктемде басталған жұмыс қарқынды жүргізіліп, қабырғаларының бәрі тұрғызылған. Облыс әкімі күмбез орнату жұмысына назар аударды. Күмбездің асты суық өткізбейтін материалмен, беті алтын жалатқан түрлі-түсті темірмен қапталады. Ортадағы күмбезден өзге тағы төрт күмбез қойылмақ. Екінші қабатта хор тұратын орынға назар аударды. Облыс әкімі нысанның ішкі жұмыстарымен танысып, жұмыс қарқынын үдетуді тапсырды. Шіркеу мен жексенбілік мектепті келесі жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру межеленген.
Сергей Кулагин Неке сарайының құрылыс барысымен танысып, күмбездің бояуына назар аударды. Нысан құрылысын «Ақ Сәуле» серіктестігі жүргізуде. Құрылыс 2015 жылдың маусымында басталған. Бүгінгі таңда 380 миллион теңгенің жұмысы атқарылыпты. Бірінші қабаттың қабырғасы қаланып, ішкі инженерлік жүйе орнатылған. Облыс басшысы өз сөзінде нысан құрылысына қаржы толық бөлінгенін айтып, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді, маңайын қоршап, абаттандыруды тапсырды. Неке сарайы маңына балабақша салынатынын да атап өтті. Өңір басшысы Көгершін Хасенова басқаратын «Ана үйі» қоғамдық қорында болып, жалғызбасты аналарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Хал-жағдайларын сұрап білді. Жоба жыл
сайын балалар үйіне түсетін балалар санын азайту мақсатында ұйымдастырылған. Қазір мұнда бес әйел сәбилерімен тұрады. Олардың арасында егіздер де бар.
– Өмірде әртүрлі жағдай болады. Сіздерге әрқашан көмектесеміз. Әкем өмірден ерте өтіп, анамның тәрбиесінде болдым. Қиыншылыққа мойымау керек. Сіздер әлі жассыздар, барлық өмірлеріңіз алда. Сондықтан, қайғырудың қажеті жоқ,– дей келе облыс басшысы жас аналарға самауыр сыйлады.
Рамазан Тілеуов.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.