Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалиновтың төрағалығымен өткен Әдеп кеңесі Атбасар аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы М.Жаңабаевтың ісін қарады.
Әдеп кеңесі әдетте жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтарға жол берген немесе мемлекеттік қызметшіге тән емес дөрекі мінез көрсеткен адамдардың ісін қарап, жауапкершілікке тартып жататын. Бұл жолғы іс одан өзгешелеу болды.
Атбасар сияқты іргелі ауданның құрылыс саласының тізгінін ұстаған лауазым иесі арақ ішіп алып, машина руліне отырған екен. Оны жол полициясы қызметкерлері тоқтатып, арақ ішкені медициналық сараптама бойынша анықталған соң сот шешімімен 3 жылға жүргізушілік құқығынан айырған. Қарапайым пенде болса, заң арқылы жазасын алды деп істі жылы жауып қоюға болар еді. Дегенмен, өзгелерге үлгі көрсетуге тиісті білдей мемлекеттік қызметшінің заңды аяқ асты етуі жеңіл-желпі жазамен құтылуға мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, бұл іс әдеп жөніндегі кеңестің қарауына жіберілді.
Жаңабаев мырзаның өзінің айтуынша, бір танысының үйінен қонақтан шыққан көрінеді. Аздап сыра ішіпті. Дегенмен, сот сараптамасының анықтамасында оның қанында орта деңгейдегі алкогольді ішімдік бар болып шыққан. Қалай болғанда да автокөлік руліне арақ ішіп алып отыру мемлекеттік қызметші атына дақ түсірер теріс әрекет екендігі анық. Әдеп кеңесінің мүшелері де осы жайында ашық айтты. Ертеде кеңес заманында жер-жерде «Мас жүргізуші – қылмыскер» деген плакаттар ілініп тұратын. Шындығында, арақ ішіп машина руліне отыру – қылмысқа жеткізер ең төте жол екендігі кім-кімге де белгілі.
Жыл басынан бері Ақмола облысында 43 мас жүргізуші ұсталып, жауапқа тартылған екен. Осыдан байқалып отырғандай, мас жүргізушілер қатары азаймай тұрған жайы бар. Осындай жағдайда білдей бір саланы басқарып отырған лауазым иесінің машина руліне арақ ішіп алып отырғаны өзгелерге теріс үлгі беретін жай дегенді айтты кеңес мүшелері. Сөйтіп, әдеп кеңесі аудан әкіміне М.Жаңабаевтың өз қызметіне лайықсыз екендігі жөнінде ұсыныс жіберуге шешім қабылдады. Енді Жаңабаевқа қандай жаза қолданылатынын аудан әкімі шешетін болады.
Әдеп кеңесі сондай-ақ, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралинаның жемқорлықпен күрес және заң бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары жөніндегі есебін тыңдады.