Атамекен ауылында тұңғыш Дүниежүзі қазақтары құрылтайының өткізілгеніне 25 жыл толуына орай, мерейлі мерекелік шара өткізілді.
Дархан дала төсіндегі ұлттық сипаты мол шараларды бесінші құрылтайға қатысушылар және аудан тұрғындары тамашалады.
Салтанатты рәсімнің ашылуында аудан әкімі Қанат Қарауылов сөз сөйлеп, мерекеге жиналғандарды құттықтады. Ауданда тұратын көп балалы аналар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мерекенің шырайын келтірген аудан көркемөнерпаздарының күшімен дайындалған концерттік бағдарлама болды. Жиналған қауым қазақтың қанын қыздырар айтыс өнерін тамашалады.
Ұлттық рухтың ұлы дүбірі іспетті бәйге, көкпар тарту, қыз қуу, қазақша күрес тәрізді жарыстар өткізілді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Астанада өткізілген бесінші құрылтайға қатысқан меймандар этноауылды, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, дүбірлі дала төсіндегі думанды көріп, ғасырлар қойнауынан жеткен ғаламат мұраның ғажап сәттеріне куәгер болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.