Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ҚЫЗЫҚТЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ - АРҚА АЖАРЫ

ҚЫЗЫҚТЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

Таяуда Астанадағы Көрме ғимаратында маңызды шара өтті. Әдебиет сүйер қауым үшін, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін, тіпті, бұдан да кеңірек ұғымда айту орынды сияқты – жалпы бүкіл қазақстандықтар үшін бұл елеулі оқиға болды десек, артық кеткендік болмас.

Көрме залында өтіп жататын көптеген дүниелердің ішінде көрермендер мен тыңдармандарды елең еткізген бұл іс-шара жазушы Сәуле Досжанованың орыс тілінде жарық көрген, әлі сиясы да кеппеген «Мое чужое сердце» атты кітабының тұсаукесері еді.

 Бұл шығарма бұдан екі-үш жыл бұрын «Өгей жүрек» деген атпен қазақ тілінде басылып, оқырмандардың ыстық ілтипатына бөленген болатын. Кітаптың жазылуына себеп болған негізгі оқиға – 2012 жылдың тамызында Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта елімізде тұңғыш рет жүрек ауыстыру бойынша жасалған операция еді. Мұны жүзеге асырған аталмыш орталықтың басшысы, бүгінде аты әлемге танымал дәрігер, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Владимирович Пя. Өз ісінің асқан шебері, «қолы алтын» шипагер осы уақытқа дейін ұзын саны он мыңнан астам операция жасаған екен, көп жылдар бойы басқа мемлекеттерде де еңбек етіпті, бүгінде елудің бел ортасына келгенімен нағыз бабындағы маман, жүздеген шәкірт тәрбиелеген білікті тәлімгер.
Юрий Владимировичтің пациенті Қостанай облысының тумасы Жәнібек Оспанов деген азамат. Оған инсульт ауруынан мезгілсіз көз жұмған орыс әйелі Галина Константиновна Воротникованың жүрегі салынды (ал, бүйрегі неміс азаматы Евгений Курцқа салынғанын да айтқан ләзім). Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-сессиясында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы осы туралы көпшілікке үлкен тебіреніспен жеткізгені есімізде. Елбасы сахнаға Воротникованың ұлы Игорьды шығарып, оған осынау ізгі шараны жүзеге асыруға түсіністікпен қарағаны, анасының органдарын ауыстыруға келісімін бергені, сөйтіп, екі адамның өмірін сақтауға септескені үшін қалың қауымның алдында қолын қысып ризашылығын білдірген болатын.
Бұл, әрине, қатардағы операция емес еді. Оның табысты өтуі, сөз жоқ, керемет ұлттық жетістік, Қазақстан медицинасының дүниежүзілік деңгейге көтерілгендігінің дәлелі ретінде қабылданды. Аталмыш жаңалық естіген құлақтың бәріне қуаныш әкеліп, жерлестеріміздің кеудесін шынайы мақтанышқа толтырғаны хақ. Өйткені, тіршілікте деннің саулығынан асқан құндылық жоқ, ендеше сол құндылықты өз қолымен, өз қайрат-білімімен жасампаз ететін адамға – мұның үстіне ол жерлесің болса – қанша бас исең де артық болмас! Міне, осы аксиоманы талантты жазушы қарындасымыз Сәуле Мағазбекқызы Дос-
жанова қаламымен дәлелдеп шығыпты.
Автор Алматы облысындағы Ұйғыр ауданы Ақтам ауылының тумасы. Мектепте оқып жүрген кезде-ақ оның өлеңдері мен мақалалары аудандық, облыстық «Жетісу» газеттерінде жарық көре бастаған. Орта мектепті үздік бітірген соң ол Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, кейін Орталық Азия университетінің заң факультетін тәмамдады.
Студент кезінде Сәуленің туындылары жас ақындардың «Аудитория», «Тоғыз перне», «Қарлығаш» атты жыр жинақтарына еніп, өзі «Жігер» фестивалінде лауреат болып республикаға танылған. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы Бас редакторының орынбасары, «Ұлағат» журналының тұңғыш редакторы болды. 2003 жылдан бері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аппаратында жауапты қызметкер.
Жазушы қарындасымыздың осы уақытқа дейін үш поэзиялық, бес прозалық кітаптары жарық көрген, ол – «Маймақ қаз» мультфильмі мен 20 шақты ән мәтіндерінің авторы.
С.Досжанова жемісті шығармашылық еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болды. 2011 жылы «Ұйғыр ауданының құрметті азаматы» атанса, 2015 жылы оған Елбасының Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
«Мое чужое сердце» кітабының тұсаукесеріне астаналық оқырмандар, ғалымдар мен әдебиет сүйер қауым өкілдері, Парламент депутаттары, студенттер мен жастар қатысты. Рәсімді Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарушы хатшылығының жауапты қызметкері Нәзипа Шанаи жүргізіп отырды. Сәуле Мағазбекқызы және кітапты орыс тіліне аударған осы жолдардың авторы шығармашылық процесс туралы әңгімелесе, Парламент депутаты, Қазақстанның халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, кітап кейіпкерлері Юрий Пя мен Жәнібек Оспанов өз толғаныстарын ортаға салды, жиналғандар арасынан пікір бөліскендер де аз болмады. Бәрі де шығарма заман талабына сай дүниеге келген, оның ұлттық сананы кеңейтуге, патриотизмді шыңдауға қосатын үлесі зор деген тұжырымды айтты.
Кітапқа төрт повесть және алты әңгіме енген. Әр шығарманың мазмұн-тақырыбы осы заманғы қым-қуыт тірлік соқпақтары туралы проблеманы көтереді, адамның мінез-құлқын нақты әрекеттер шеңберінде тереңінен суыртпақтап шиыру мен нәзік лирикаға толы сезім иірімдері шеберлікпен қатар өріледі, әр бет сайын оқырманды ілгері тартып отырады, ынтықтыра түседі. Жалпы бұл туынды мемлекеттік қызмет пен шығармашылықты бірдей ұстанып келе жатқан қаламгер қарындасымыздың елеулі табысы, оның алар биік белестері әлі де алда екендігіне сендіреді. Ылайым, солай болғай дейміз.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ.

Суретте: тұсаукесер рәсімінен көрініс – (солдан оңға қарай)Ж.Оспанов, Ю.Пя, Н.Шанаи, С. Досжанова, Ғ.Төлеғұл және Б.Ертаев.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар