Велошерушілер де үлес қосты
Бүгінгі таңда елімізде салауатты өмір салтының бір кепілі ретінде велосипед тебу және онымен серуендеу қозғалысына баса көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, облыс орталығында ұйымдастырылған жоғарыдағы шара да оған қатысушылардың ойынан шығып, көкшетаулықтар мен қала қонақтарының назарын бірден өзіне аударды.
Бұл күні қала ішіндегі «Мақтай тауы» көпшілік демалыс орнына жиналған велошерушілер М.Горький көшесінен Қопа көлін жағалап, «Көктем» бала бақшасына дейін жүріп өтті. Сөйтіп, шамамен 150 адам төрт шақырымнан астам жолды артқа тастап, көтеріңкі көңіл-күймен бастапқы «Мақтай тауына» оралды. Көшедегі жаяу жүргіншілер мен көлік мінгендер қызыға назар аударған бұл шараға қатысушылар бірауыздан өздерінің Астана күнін осындай үлгі-өнегесі мол тартымды велошерумен қарсы алып жатқандарына қуанышты екендіктерін білдіріп жатты.
Соңғы жылдары расында, облысымызда үйреншікті автокөлікке қоса, осы велосипедті де жандарына серік еткен үлкен-кішілердің қатары көбейіп келеді. Соған қарағанда, Астана күні мерекесіне арналған бүгінгі әсерлі іс-шара да күнделікті өмірімізде салауатты өмір салтын орнықтыра түсуге өзінің игі ықпалын тигізетіндігі сөзсіз
«Арқа ажарының» өз ақпараты.