Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кең автобустар қажет - АРҚА АЖАРЫ

Кең автобустар қажет

Демалыс күндері ара-тұра қызымды «Рио» ойын-сауық орталығына апарып, ойнатуды жөн көремін. Онда жету үшін №12 орта мектеп аялдамасынан №10 автобусқа отырамыз. Осындай күндердің бірінде кішкентайыммен әлгі орталыққа қарай бет алдым. «ПАЗ» дейтін кішірек автобусқа міндік. Бұл қыс мезгілі болатын. Автобустың терезелері қырау басқан, іші суық, отыратын орын аз, халық болса бірінің үстіне бірі мінердей ентелеп тұр. Сөйтіп, қысылып-қымтырылып жетер жерімізге жеттік-ау…

Бұл Аққу сауда орталығы мен Көктем шағын ауданы бағыты бойынша жолаушыларды тасымалдайтын №10 автобус маршрутымен қала халқы бұрыннан көп жүреді. Себебі, ол автовокзалдан бастап, орталықтағы облыстық кітапхана, орталық базар, мешіт секілді маңызды нысандарды басып өтеді. Екінші жартыжылдықтың басынан бері қала ішінде үлкен, іші кең автобустарды көріп, аздап көңіліміз көтеріліп қалып еді, бірақ, әлі де сол ел арасында «Пазик» деп аталып кеткен кішкентай көліктерден арылатын емеспіз. Әсіресе, кешке қарай адамдардың жұмыстан үйлеріне қайтатын уақытында үлкен автобустардың жүргені дұрыс болар еді. Бірақ, неге екені белгісіз дәл осы уақытта «Пазиктер» қаптап кетеді. Нақты айтқанда, №2 Көктем-Шанхай, №3 Сарыарқа шағын ауданы-Қазпед колледжі, №5 Сарыарқа-№20 мектеп, №16 Аққу сауда орталығы-№20 мектеп бағыттарына үнемі осы кішірек автобустар жүреді. Ал, бұл бағыттарға адамдар өте көп жүретіні баршамызға аян. 43 адамға шақталған осы жолаушылар тасымалдайтын кішірек көліктерге қысыла-қымтырыла 60-тан астам адам мінеді. Бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілгенде жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер «жайлы әрі кең үлкен автобустарды алғымыз-ақ келеді, бірақ, біздің қаланың жолдары тар, үлкен көліктер сыймайды» деп жолдардың жөнделмей жатқандығын айтып сылтаурататын. Енді қазір соңғы екі-үш жылдың ішінде әсіресе, биыл қаламыздың біраз жолдарына күрделі жөндеу жүргізілді, маңызды бағыттағы тар деген жолдардың басым бөлігі кеңейтілді.
Осы жолдар жөнделе бастағанда қала тұрғындары енді біздің жолдарымызда еуропалық стандарттағы үлкен әрі кең жолаушылар көліктері жүретін болады деп үміттенді. Бірақ, «баяғы жартас, сол жартас» демекші, қала ішінде әлі де сол пазиктер жүр. Жұмысқа асығып, автобустарды күтіп тұрғанымда, талай рет сол автобусқа сыймай қалған күндерім болды. №5 маршрутты автобусқа таңертең жұмыстыбастылардан бастап, студенттер, оқушылар, балаларын балабақшаға апаратын ата-аналар автобустардың соңғы аялдамасы №20 мектептің өзінен-ақ толып қалады. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын корпусының қасында автобус күтіп тұрғандардың біразы осы жерден бастап оған сыймайды. Мұндай жағдай өзімнің де басымнан талай өтті. Осы бағытқа көбірек үлкен автобустарды бөлсе жөн болар еді.
Бір айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында «Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ресей мен Беларусь кәсіпорындары шығарған «ЛИАЗ» және «МАЗ» жаңа автобустарын сатып алған болатын. Қазір бұл паркте шамамен 90 шақты автобус бар. Бірақ, соның өзі қазір жеткіліксіз секілді көрінеді бізге.
–Жолаушыларға ыңғайлы бұл жаңа көліктер 23 орынға лайықталған. Ал, автобустың ішіне 100-ге жуық адам сыяды. Арбамен жүретін мүгедектерге пандус қарастырылған. Жүргізушінің кабинасы арнайы бөлінген. Жолаушылар үшін ақпараттар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріледі. Бұл жаңа автобустар жолаушылар саны көп №1, 9, 16, 10, 5, 12, 11, 25, 13 маршруттар бойынша сапарға шығады, –деп еді, жаңа автобустардың тұсаукесерінде серіктестік директоры Әсия Шәрімова. Бірақ, осы бағыттардағы автобустардың басым бөлігі «ПАЗ» көліктері екеніне мен ғана емес, барша қала халқы куә.
Сонымен бірге, аталмыш серіктестіктің біраз автобустары Билайн компаниясының «Wi-Fi» құрылғыларымен жабдықталғандығын, яғни, жолаушыларға қажетті жеріне жеткенше дейін интернетте отыруларына жағдай жасалғандығын атап өткеніміз де жөн болар.
Қоғамдық көліктерде басқа инвестиция көзі болмағандықтан, бар табысы тек қана жолақы екені түсінікті. Біздің қаламыздағы жолақы құны 80 теңгеге көтерілді. Көкшетау айтарлықтай үлкен қала емес, жолақы тарифін өсіру тұрғындарға қиын тиіп жатқандығын қозғай бастасақ, кәсіпкерлер: «Қоғамдық көліктердің тарифтерін көтеру алдымен техникаға дер кезінде күтім жасауға, құрал-жабдықтар сатып алу үшін керек. Жанар-жағармай бағасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Нақты айтар болсақ, қазір
1 доңғалақтың бағасы шамамен 80 мың теңге тұрады. Ал, 6 доңғалақты айырбастау үшін ең кемі жарты миллион қаражат керек, – деп керісінше өзімізге наздарын айтып шыға келеді. Иә, әрине, оларды түсінуге болады. Осы орайда, халыққа жеңілдіктермен жүруге болатын жағдайлар жасалса, тұрғындарға да, кәсіпкерлерге де ыңғайлы болар еді. Мәселен, басқа облыстардағыдай зейнеткерлерге, көпбалалы ата-аналарға жергілікті билік тарапынан, ал, студенттерге оқу орындарының әкімшіліктері тарапынан белгілі бір жеңілдіктер қарастырылып, кәсіпкерлермен келісім-шарттар жасалса, жағдай ептеп бері қарар еді. Біздікі тек ұсыныс қана. Ал, қалғаны жергілікті атқарушы органдар мен жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің еншісінде.
Міне, кешкі сағат 18.00-ден асты. Жұмыс та аяқталды. Қызымды ата-әжесінің үйінен алып кету үшін қазір тағы да №5 автобусты күтемін. Күтуін күтермін-ау, бірақ, жеткенше тағы да қысылып-қымтырылып барарым анық. Әйтеуір, сыймай қалмасам болды…

Ырысалды Шамшиева.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар