Пешенеге жазылған бақыт болар, мың шүкір, жеті қайын інім бар. «Қызға кім сөз айтпайды, қымызды кім ішпейді» дегендей, жастар ғой, 20-25 жастағы қылпылдап тұрған жігіттер қыздармен жиі танысып, сырласып жүретіндерін байқаймын.
Бір ғажабы, қайын інілерімді айтпағанда, қыздардың өзі жаңа ғана таныған жігітке «жаным, күнім» деп жататынын еріксіз естіп қалатыным бар. Қазақ қай-қашанда да әр сөздің байыбына барып, ерекше мән берген ғой. Біреуге жаным деп айтпастан бұрын, сол адам үшін ғұмырыңды тәрк етіп, жаныңды қиюға бақұл болсаң ғана «жаным» деп ата дегенді ақылман ағалардан естуші едім. Өкініштісі, қазыналы тілдің қадірін білмейміз!..
Әркімге «жаным» дейтініміз өз алдына, әрнені «әлем» дейтін болдық. Қазір не көп, сауда орындары көп. «Киім әлемі», «Сән әлемі», «Дизайнерлер әлемі», «Аяқ киім әлемі»…
Жақында облыс орталығындағы Әуелбеков көшесінде «Ет әлемі» деген де дүкен ашылды. Біздің елде «еттің» де өзі бір әлем! «Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен жоқ болса кішіден сұра» деген емес пе дана халқымыз. Ал, сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!
Ұлмекен ШАМЕНОВА.