Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақмола облысы бойынша басқарма басшысы Талғат Әлмағамбетов «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың мәселелері жан-жақты болды. Облыс орталығының тұрғыны Людмила Литвина Көкшетау теміржол вокзалындағы асхана жұмысының санитарлық талаптарға сай келмейтінін, дайындалатын астың жеуге жарамсыз екенін айтып, «Путакова» жеке кәсіп- керлігінің қызметіне шағымданды. Оның айтуынша, жеке кәсіпкер Т.Н.Залевская жұмысшыларымен еңбек тәртібі жөніндегі келісімшартқа отырмаған, еңбекақыларын уақытылы төлемейді. Мәселеге қаныға келе, қоғамдық қабылдауға қатысқан облыстық еңбек инспекциясы басқармасының өкілдері алдағы уақытта жұмысқа орналасарда міндетті түрде келісімшартқа отыру қажет екенін ескертіп, аталған жеке кәсіпкерге қатысты тексеріс шаралары қолға алынатынын, істі заң аясында шешетіндіктерін жеткізді.
Зейнеткер Фарук Богапов «Татар орталығы» қоғамдық бірлестігінің құжаттарын заң жүзінде рәсімдеуге көмек сұраса, қала тұрғыны Галина Демьяненко марқұм ағасының мәселесімен келіпті. Осыдан бірнеше ай бұрын мерт болған бауыры Краснояр селосынан үй сатып алғанымен, құжаттарын рәсімдеп үлгермеген. Оның өлімінен кейін әлгі үйдің бұрынғы иелері «Біз ешкімге де үйімізді сатқан жоқпыз, ақшасын да алған жоқпыз» деп отырған көрінеді. Алайда, Галина Демьяненконың қолында үйдің жарты ақшасы төленгенін растайтын бірнеше құжат бар. Қабылдау кезінде заңгер мамандар сол құжат арқылы қолдарынан келгенше көмектесуге уәде берді.
Жер алу туралы мәселе көтерген қала тұрғыны Берік Ахметов «Заң бойынша, инженерлік коммуникациялар тартылмайынша тұрғындарға жер берілмейді. Қазіргі таңда екінші Көкшетау мен Бірлік кентінің аралығында екі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз» деген жауап алды.
Жобаға сәйкес, келер жылдары 3225 жер телімі берілмекші. Берік Ахметов жер кезегінде 6325-ші болып тұрғандықтан, оған әлі біраз уақыт күте тұруға тура келеді. Дегенмен, жер кезегінде тұрғандардың арасында тізімнен шығып қалған, қайтыс болған азаматтардың да кездесетіні, сондықтан, бұл азаматқа да жоба аясында жер беріліп қалуы ықтимал екені де айтылды. Қабылдауға келген басқа да тұрғындарға құқықтық кеңес беріліп, мәселелері назарға алынатыны жеткізілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.