– Мен сіздерді басшылықтағы бірқатар өзгерістермен таныстырып өткім келеді. Биылғы жылдың 25 қазанында ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен басқа жұмысқа ауысуына байланысты Егор Яковлевич Каппель облыс әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. Биыл облысымыз егін жинау науқанын ұйымшылдықпен табысты өткізіп, жақсы астық алды. Бұл жетістікте осы салаға жетекшілік еткен Егор Яковлевичтің қосқан үлесі де мол, – дей келе, облыс басшысы оған атқарған жұмыстары үшін алғысын айтып, жаңа қызмет орнында табыс тіледі. Өңір басшысы өзінің орынбасары Егор Каппельдің басқа жұмысқа ауысуына байланысты оған аймағымызды дамыту бағытындағы атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, ескерткіш сыйлық және Алғыс хат тапсырды.
Өз кезегінде Егор Каппель Мәлік Мырзалиннің облыс басшысы болып келуімен аймақтағы ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге қатысты жаңа серпінді істер қолға алынғандығын айтып, ризашылық сезімін білдірді.
Бұдан кейін облыс әкімі ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және өзінің өкімімен облыс басшысының орынбасары қызметіне Асқарбек Үйсімбаевтың тағайындалғанын айтып, оның еңбек жолы туралы қысқаша баяндап берді. Аймақ басшысы, сондай-ақ, өз өкімімен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы болып Ербол Жақсылықовтың тағайындалғанын мәлімдеді. Облыс әкімі жаңа тағайындалған Асқарбек Үйсімбаев пен Ербол Жақсылықовқа өз қызметтерінде табыс тіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Асқарбек Съезбекұлы Үйсімбаев 1961 жылы бұрынғы Целиноград облысы Балкашин ауданы Веселое ауылында туған. Екі жоғары білімі бар. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын инженер-механик және Мәскеу құқық институтын менеджер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Целиноград облысы Балкашин ауданындағы «Веселое» кеңшарында бастаған. 1991-1998 жылдары аралығында ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде жауапты қызметтерде болды. 1998-2002 жылдары Бұланды ауданының әкімі, 2002-2004 жылдары Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 2004-2012 жылдары Ақкөл ауданының, 2012-2013 жылдары Целиноград ауданының әкімі болып қызмет істеді. 2013 жылдан бүгінгі күнге дейін Жарқайың ауданының әкімі қызметінде болды.
«Парасат», «Құрмет» ордендерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Ербол Жақсылықұлы Жақсылықов 1976 жылы Көкшетау қаласында туған. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін инженер-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1998 жылы Көкшетау қаласы әкімі аппаратының экономика басқармасында бас маман ретінде бастаған. Мемлекеттік қызметте алты жыл еңбек өтілі бар. 2004-2008 жылдары аралығында Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары, кейін басшысы қызметтерінде болды. Әр жылдары «Морпорт Ақтау» арнайы экономикалық аймағы дирекциясының директоры, «Есіл» ӘКК ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы қызметтерін атқарды.
Тағайындалғанға дейін Ақмола облысының 716 kz ақпараттық порталының директоры және құрылтайшысы болды.