«Көкшетау» мәдениет сарайында облыстық орыс драма театрының құрылғанына 40 жыл толуына орай ұйымдастырылған аймақтық театрлар фестивалі қорытындыланып, жылдағы дәстүр бойынша үздік сахнагерлер анықталып, марапатталды. Сонымен қатар, облыстық театрдың іргесін қаласып, қанат жаюына, дамуы мен нығаюына белсене үлес қосып, қажырлы еңбек етіп келе жатқан театр қайраткерлеріне лайықты құрмет көрсетілді. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, сөз сөйлеп облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің құттықтау хатын оқып, театр ұжымына 7 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Театр тарландарына облыс әкімінің ықылас гүлі ұсынылды.
Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөзінде қоғам дамуындағы мәдениет пен өнердің маңызды рөліне өңір басшысы айрықша мән беретінін атап өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты өкілі Гүлнафис Мырзашева да қатысып, министрдің құттықтау хатын театрдың директоры Бейбіт Бақтыгереевке салтанатты түрде табыс етіп, ақжарма тілегін арнады. Мерекелік жиынға еліміздің басқа да танымал өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер қауым қатысты. Сахна төрінде алдымен театр ұжымы туралы бейнежазба көрсетілді.
Осымен төртінші рет өткізіліп отырған шара еңбекке деген оң көзқарас қалыптастыратын шығармалар тудырып, елдің біртұтас мәдени кеңістігі аясын кеңейтуге, қазақстандық патриотизмді дамытуға, ең бастысы, өнерге деген сүйіспеншілікті арттыруға зор мүмкіндік тудыратыны сөзсіз.
Атап өту керек, театр сыйлығы өнер жанашырларының қаржылай қолдауымен тағайындалып отыр. Аталмыш сыйлық аясында жас дарынды актерлерді қолдауға ерекше мән беріліп, назар аударылғандығын да екпін түсіре айтып өтсек дейміз. Сонымен, биылғы жылы театр сыйлығын кімдер алды?
Сахнаға жүлдені салтанатты түрде табыс етуге «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов көтеріліп, сарапшылардың бағалауымен «Жыл актері» аталымына лайық деп саналған өз ісінің кәсіби шебері, жас дарын Андрей Владимировты марапаттап, театр ұжымына алғысын білдірді.
Ал, «Жыл актрисасы» – Надежда Слепцова, «Жылдың үздік спектаклі» – «Бесприданница», «Үздік балалар спектаклі» – «Летучий корабль», «Көрермен көзайымы» – Тимур Валиев, «Театрға қосқан үлесі үшін» – Елена Лукьянова, театрдың іргетасын қалаған актер Яков Куклинский атындағы арнайы жүлдемен аталмыш өнер ұжымында тура 40 жыл еңбек етіп келе жатқан Наиль Шафигуллин марапатталды.
Сонымен қатар, Ресей мен Қазақстанның атақты театр сыншылары қазылық еткен аймақтық театрлар фестивалінің қорытындысы шығарылып, додаға қатысқан төрт өнер ұжымында үздіктер анықталды. Жас актерлер арасында шеберлігімен көзге түскен облыстық орыс драма театрының актері Станислав Тавгень «Жаңалық» аталымына лайық деп танылса, «Үміт» сыйлығы Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облысының орыс драма театрының актрисасы Екатерина Литвиноваға бұйырды. «Шығармашылық ізденісі үшін» Ақмола облыстық орыс драма театрының режиссері Ольга Луцива және «Үздік спектакль» аталымында Астана қаласындағы Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс театры жеңіс тұғырынан көрініп, фестивальдің Гран-При жүлдесін қанжығасына байлады.
Жаңа маусымнан әдеттегідей жақсы қойылымдар күтетін көкірегі ояу көрерменнің тілегі бір – театр жұлдызы жарқырай берсін, әманда. Ылайым солай болғай!
Ұлмекен Шаменова.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.