Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров БАҚ өкілдерімен биылғы жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Онда сот жүйесінде атқарылған жұмыстар, қол жеткен жетістіктер мен олқылықтар жан-жақты сөз болды.
Ақмола облысы соттарымен 2017 жылдың 9 айында барлығы 76594 іс қаралған екен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21216 іс артық деген сөз. Құқық бұзушылық жасауға итермелеген себептер мен жағдайларды анықтаумен қатар, құқық бұзушылықты қайталау және азаматтардың басқа да заңсыздықтарға жол беруінің алдын алу мақсатында облыс соттарымен қаралған істер мен материалдар бойынша 787 жеке қаулы шығарылған. Сот шешімдерінің сапасы да өткен кезеңдермен салыстырғанда біршама жоғары болғанын атап өткен жөн. Шығарылған барлық сот актілерінің 5,4 пайызы ғана тараптармен шағымдалып, жоғары сатыдағы сотта қаралған, ал, сот шешімдерінің 94,6 пайызына бірде-бір тараптан шағым түспеген. Жалпы, бұзылған, өзгертілген сот шешімдерінің мөлшері барлық істердің 0,8 пайызына тең. Заңды сот актілері 99,2 пайызды құрайды. Сондай-ақ, жыл басынан бері алқабилердің қатысуымен үш қылмыстық іс қаралған.
– 2014 жылдан бастап сот ісін жүргізудің барлық бағыттары бойынша электронды түрде 50-ден астам қызмет түрлері ұсынылатын «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі іске қосылған еді. Ол сәтті жұмыс істеуде, – деді облыстық соттың төрағасы. «Сот кабинеті» сервисі арқылы облыс соттарына жыл басынан бері 21938 талап-арыз және 11941 әкімшілік материал түскен. Сөйтіп, өткен жылдарға қарағанда электронды қызмет түрін пайдаланушылар қатары біршама артқан. Бүгінгі күні облыс соттарының барлық залдарында дыбыс-бейне жазба құрылғылары орнатылған. Жыл басынан бері қаралған барлық істердің 88,9 пайызына дыбыс-бейне жазба жүйесі қолданылған.
Тағы бір айта кетерлік жай, бұрын онша қолданыла бермейтін сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін заң шеңберінде жауапқа тарту бабы бойынша қаралған істер қатары биыл айтарлықтай өсіпті. Жыл басынан бері сотқа құрметтемеушілік танытқан азаматтарға қатысты 90 әкімшілік іс қаралып, 35 азаматқа ескерту жасалса, біреуіне айыппұл салынған, 25-і қамаққа алынып, 22-іне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған, ал, 7 материал өкілетті органдарға жіберілген. Облыстық соттың төрағасы алдағы уақытта назар аударылатын негізгі мәселелердің бірі ретінде сот істерін мемлекеттік тілде қарау жайын атап өтті. Өткен жылы облыс соттарымен қаралған барлық істердің 2 пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралса, биыл оның көлемі 3 пайызға жетіпті. Әрине, бұл мардымсыз. Мемлекеттік тілде қаралатын істердің аз болуы сотқа шағымданушылардың арыздарын қай тілде берсе, сол тілде қаралатын заң талабына байланысты десе де, қазақ тілін жетік білмейтін кейбір судьялар тарапынан азаматтарға талап-арызды орыс тілінде беруін құптау жайларының да әсері барлығын атап өткен артық болмас. Облыстық соттың төрағасы бұл бағытта мақсатты жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Баспасөз мәслихатының соңында Досжан Әміров журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Қалкөз Жүсіп.