Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сот жүйесіндегі ақпараттық технология - АРҚА АЖАРЫ

Сот жүйесіндегі ақпараттық технология

Кеңес заманында біршама жабық мекеме болып саналатын сот жүйесі еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде ашық бола түсті. Сот мәжілістерінің ашық өткізілетіні өз алдына, сот қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдеріне арнап түрлі шаралар өткізетін болды және ақпарат құралдарына өз жұмыстары жайында жиі материалдар беріп, телеканалдардан хабарлар ұйымдастыруды жолға қойды. Мұның бәрі сотқа деген қарапайым жұртшылықтың сенімін арттыруға игі ықпалын тигізетіні анық.

Таяуда Ақмола облыстық соты Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен БАҚ өкілдеріне және адвокаттарға арнап сот саласында жаңа ақпараттық технологияларды пайдалануды таныстыру шарасын өткізді. 2014 жылдан бастап қолданысқа енген «Сот кабинеті» сервисі бүгінде сот жұмысын қолжетімді және барынша ашық ете түскен жайы бар. Қонақтарға сот әкімшісінің басшысы Данияр Сарымсақов бастаған мамандар сот саласындағы жаңа ақпараттық технологиялардың қолдану барысы жайында жан-жақты әңгімелеп берді. Ең алдымен, қонақтар сот ғимаратының кіре- берісіндегі сотқа келген адамдарға арналған күту залындағы қызмет көрсету жайымен танысты. Мұнда интернетке қосылған компьютер арқылы кез-келген адам сотқа шағымдана алады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбасы болса болғаны. Мұндай қолтаңбаны халыққа қызмет көрсету орталықтарынан барып алуға болады. Осы арада айта кетерлік бір жай, бүгінгі күні Көкшетау қалалық соты мен облыстық экономикалық ауданаралық мамандандырылған соты да азаматтарға электрондық цифрлық қолтаңбаны бере алады. Егер цифрлық қолтаңбаңыз болмаса, оны соттан алып, «Сот кабинеті» сервисі арқылы арызыңызды жазып қалдыра аласыз. Аталмыш сервистің тағы бір артықшылығы, шақыртулар мен басқа да құжаттарды электронды пошта арқылы жолдайды. Азаматтар ондай хатты 5-7 минутта алады. Ал, қағаз нұсқада пошта арқылы жіберілетін хат 5-7 күн ішінде жеткізіледі екен. Яғни, бұл азаматтардың уақытын және ақшасын үнемдеуге үлкен ықпалын тигізеді. Осы арада келушілердің назарына сотқа шағымдану тәртібі мен шағымды жазу үлгілері туралы ақпараттар ұсынылған.
Саяхат таныстыру одан әрі кіреберіс фойеде жалғасып, сот мамандары «Сот кабинеті» сервисінің қызметі жайында жан-жақты әңгімелеп, жұртшылық тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді. Бұл сервис арқылы қызмет көрсетудің жаңа үлгісі биыл енгізілген – электрондық сенімхат болып отыр. Ендігі арада адамдар нотариуске барып, көп уақытын, ақшасын жоғалтпай, электрондық сенімхатты оп-оңай жазып бере алады. Бір сот қарайтын іске бір сенімхат беріледі және ол сот шешімі күшіне енгенге дейін жарамды болып табылады. Азаматтар мемлекеттік төлемдерді де «Сот кабинеті» арқылы төлей алады.
Сот процесіне қатысушы кез-келген адам судьяның қызметіне сервис арқылы баға беру мүмкіндігі бар. Яғни, судья қызметіне адамдардың көңілдері тола ма, жоқ па – мұның бәрі сервис арқылы нақты көрініп отырады. Сондай-ақ, азаматтар судьялардың қызметіне ғана емес, жалпы сот аппараты мамандарының қызметтеріне де сервис арқылы өз бағаларын бере алады. Осының бәрі сот саласы қызметін барынша ашық етіп, судьялар мен мамандардың қызмет деңгейін анықтауға мүмкіндік жасайды.
Жыл өткен сайын электронды қызмет түрін пайдаланушылар қатары өсе түскені байқалуда. Мәселен, Көкшетау қалалық сотына жыл басынан бері 5,5 мыңдай талап-арыздар түссе, соның жартысына жуығы электрондық нұсқада түсіпті. Сот әкімшісі басшысының айтуынша, бүгінгі күні облыс соттарының барлық мәжіліс залдарына дыбыс-бейне жазба құрылғылары орнатылған. 7 аудандық сотта түзеу мекемелерімен бейне байланысты жүзеге асыратын құрылғы бар.
Бұдан кейін қонақтарға шығарылған сот шешімдерін сақтайтын мұрағат көрсетілді. Мұндағы істер 1999 жылдан, облыс орталығы Көкшетауға көшіп келген кезден бастап сақталуда. Бұрын қағаз нұсқада сақталса, соңғы кезде электрондық нұсқаға ауыстырылған. Қонақтар сондай-ақ, сот залына кіріп, сот мәжілістерінің қалай өтетінінен де хабардар бола алды.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар