Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмолалықтар Астананы азық-түліктен тарықтырмайды - АРҚА АЖАРЫ

Ақмолалықтар Астананы азық-түліктен тарықтырмайды

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметінің Целиноград және Аршалы аудандарына ұйымдастырған баспасөз саяхатының барысында республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осы өңірлердегі бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарын аралап көріп, Астананың айналасында азық-түлік белдеуін жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған Жолдауында Астананың айналасында азық-түлік белдеуін жасау туралы міндеттер қойған болатын. Осынау келелі міндеттер бүгінгі күні астаналық облыста табандылықпен жүзеге асырылып отыр деуге болады. Бұған осы Елорданың іргесіндегі аудандарға ұйымдастырылған баспасөз саяхаты барысында айқын көз жеткіздік.

Қазіргі кезде Целиноград ауданында «Соғымға дайындық» жобасы жүзеге асырылуда. Оған азық-түлік, тұрмыстық заттар және мал сатылатын әмбебап «Алтын таға» базарының басшылығы атсалысуда. Қосшы ауылының маңында орналасқан «Алтын таға» сауда кешенінің аумағы 1 650 шаршы метрді құрайды. Онда тек сауда павильондары ғана емес, ветеринарлық зертхана, қасапхана, шұжық цехы, тоңазытқыш камера, көкөніс және жеміс-жидек қоймасы бар. Оған қоса, семіртілетін малды ұстайтын 15 ашық мал қорасы да қарастырылған. Қазірдің өзінде 3000 қой-ешкі, 1000 бас ірі қара мен 200 жылқы бордақылануда.
Мал базарының басшысы Айдар Нығметовтың айтуынша, «Алтын таға» базарында көкөніс, жеміс-жидек, ет және сүт, балық өнімдері, арпа, тұрмыстық химия және күнделікті тұтынатын тауарлар сатылады. Шұжық цехында ет өнімдерінің сүрленген, жартылай сүрленген 50 түрі шығарылады. Цехтың қуаты тәулігіне 2 тонна ет өнімдерін құрайды. Сондай-ақ, көкөніс және жеміс-жидек қоймасында 1 мың тонна өнім сақтауға болады. Қойманың іші белгілі бір ауа температурасын ұстап тұру үшін қажетті салқындатқыш қондырғылармен жабдықталған. Оған қоса, сауда орнында сырттан келген саудагерлер үшін 120 адамға жатақхана, 100 орындық асхана және 200 көлікке арналған автотұрақ қарастырылған. «Алтын таға» базары тас жолдың бойында орналасқандықтан әрі бейнебақылау камерасымен жабдықталғандықтан, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін өте қолайлы. Осы сауда орны арқылы Елорда тұрғындары мен астаналық елді мекендердегі халық сапалы әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынуда. «Алтын таға» облыс-та алғашқылардың бірі болып «Соғымға дайындық» жобасына қатысуда. Астаналықтар енді осында семіртілген, ветеринарлық тексерістен өткен əрі нарық бағасынан арзанырақ дайын соғым сатып ала алады.
– Малды тұтынушы өзі таңдайды. Алған соғымыңызды мүшелеп, қазысын айналдырып береміз, – дейді мал базарының басшысы Айдар Нығметов.
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанның айтуынша, қазіргі уақытта «Соғымға дайындық» жобасына Астанаға жақын орналасқан ауылдардан 37 шаруашылық қатысуға ниет білдіріп отыр. Сонымен қатар, осы ауданда қоян өсірумен айналысатын «Астана МИАКРО» серіктестігінің өнімі де Астана мейрамханалары мен дәмханаларына өткізілуде. Аталмыш шаруашылық 2012 жылы құрылған болатын. Алғашында Ресейдің Новосібір қаласынан және Оңтүстік Қазақстан облысынан 70 аналық, 10 аталық қоян сатып әкелінген. Серіктестік басшыларының айтуынша, мұндай жаңа жоба нарықтағы сұраныс жан-жақты ескеріліп, зерттелген соң ғана қолға алынған көрінеді. Қазіргі кезде мұнда «Кеңестік шиншилла», «Күмістей», «Ақ алып» асыл тұқымды қояндардың саны 1520-ға жеткен. Оның жартысына жуығы аналық қояндар. Дегенмен, соңғы кездері қоян етіне деген сұраныс азайып кеткен.
– Ірі қара етімен салыстырғанда қоян етінің бағасы қымбаттау болғанымен жеңсік ас. Сондықтан, қоян етіне сұраныс азайып, тұрақты тұтынушыларымыз арқылы ғана пайда тауып отырмыз. Олардың арасында Астана қаласындағы бірқатар мейрамханалар мен дәмханалар, сауда орындары және дүкендер бар. Өткен жылы барлығы 4 тоннадан астам қоян етін өндірдік. Осы күні құрама жем зауытын салып, пайдасын көріп жатырмыз. Алдағы уақытта қояндардың санын арттыру да жоспарда бар. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған, – дейді серіктестіктің бас зоотехнигі Мейрам Әбішев.
Ал, Аршалы ауданындағы «Аян» астық қабылдау кəсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің макарон цехында «Аян» сауда белгісімен жоғары сұрыпты ұннан макаронның 11 түрі шығарылады. Кəсіпорынның қуаты тәулігіне 200 тонна ұн өнімдерін құрайды. Кәсіпорын директоры Қуаныш Сақтағанның айтуынша, кəсіпорын қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған. Ұн өнімдері түркиялық, ал, макарон итальяндық технология бойынша шығарылады.
– Дайын өнімді Астана қаласына, Аршалы жəне көрші Оксановка аудандарына саудаға шығару жоспарда бар. Оған қоса, Қытай арқылы Шығыс жəне Орталық Азия елдеріне де экспорттау бағытында жұмыстар жүргізілуде, – дейді Қуаныш Сақтаған.
Осылайша Елорда маңындағы ауыл шаруашылығы кəсіпорындарының жұмысымен танысқан журналистер Астана қаласы айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту шаралары ойдағыдай жүзеге асырылып отырғандығына әрі целиноградтықтар мен аршалылықтардың ел игілігі жолындағы ұмтылыстары зая кетпей жатқанына көз жеткізді.

Аслан Оспанов.

Целиноград-Аршалы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар