Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетаудағы қазақстанның белоруссиямен бірлескен кәсіпорын қадамы - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетаудағы қазақстанның белоруссиямен бірлескен кәсіпорын қадамы

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында, яғни, өткен жылдың қыркүйек айында ашылып, аймағымыздың ғана емес, бүкіл республикаға ауыл шаруашылығы техникаларын өндіріп жатқан Қазақстан – Беларусь мемлекеттерінің бірлескен «Қазақстан агро инновациялық корпорациясы» жобасы қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мен коммуналдық техниканың көптеген түрлерін шығарады.

Ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан, отандық өнім өндіру саласына барынша үлес қосып келе жатқан серіктестіктің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында кәсіпорынға арнайы ат басын бұрған едік.
Бізді кәсіпорынның маркетолог маманы қарсы алып, өндіріс паркіне алып барды. Біз барған аумағы 12 мың шаршы метрді құрайтын индустриалды-технологиялық паркте ауыл шаруашылығы техникаларымен бірге оларға қажетті аспалы, тіркемелі бөлшектер де құрастырылып, өндіріледі екен. Осындағы жұмысшыларды әңгімеге тартқанымызда шикізат қазақстандық тауар өндірушілерден жеткізілгенімен, кейбір бөлшектері әлі де болса Ресей, Беларусь, Украина секілді мемлекеттердің зауыттарынан сатып алынып, осында құрастырылатындығын айтты. Бір жылдан астам уақыт ішінде серіктестік 600-дей техника шығарып үлгерген. Бірақ, бұл көрсеткіш әзірге аз көрінеді.
– Алдағы жылдары серіктестіктің екінші паркі салынып, іске қосылған соң, жұмыс қолы да көбейіп, өндіріс орнының қауқары жылына 5 мың техника шығаруға дейін жетеді. Қазіргі уақытта екі ауысыммен 50 шақты жұмысшы техника құрастыру ісімен айналысуда, қалған отыз шақты адам әкімшілік жұмыстарды жүргізеді. Барлық жұмысшылармен келісім-шарттар жасалған. Олардың еңбекақысы орта есеппен 100-130 мың теңге шамасында, –деді серіктестіктің бас директоры Олег Балыбин.
Жобаның жалпы құны 3,4 миллиард теңгені құрайды. Паркте құрастырылып жатқан әрбір техника мен оның бөлшектерін жасауға рұқсат берілген тиісті сертификаттары да бар. Серіктестік аспалы, тіркемелі және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын қазіргі заманғы көпсалалы өндіріс орны және машина құрастыру саласында әлемдік көшбасшылардың ел аумағындағы ресми әріптесі болып табылады. Компанияның негізі 2010 жылы «ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникалардың индустриалды-технологиялық паркі» инвестициялық жобасы шеңберінде қаланып, былтыр қыркүйекте ресми түрде ашылды. Қазіргі уақытта мұнда 12 мың шаршы метрді құрайтын өндіріс аумағы іске қосылған. Оның құрамына өндіріс паркі, әкімшілік ғимараты, шоурумдар, қоймалар мен тұрақты көрмелер кіреді.
– Құрастырылып болған техникалар ел аумағына қалай таратылуда? –
деген сауалымызға корпорацияның атқарушы директоры Шыңғыс Әбішев:
– Біз «Вираж» холдингінің қарамағындағы кәсіпорын болып табыламыз. Республиканың 19 аймағында холдингінің тауарларын өткізетін филиалдар жұмыс істейді. Міне, бізде шыққан техника түрлері «Вираж» холдингінің тауар өткізу желісімен кәсіби сервистік қызметтер көрсету арқылы және техникалық бөлшектерді сататын сауда орындарының желілері негізінде, қосымша кешенді қызметтермен жүзеге асырылады. Техникалар алдын ала тапсырылған тапсырыс арқылы да жүзеге асырылады. Осы арқылы біз өз тұтынушыларымыздың көңілінен шығуға тырысамыз, – деп жауап берді.
Бір техниканың құны шамамен 2,1 немесе 2,3 миллион теңгені құрап, мемлекеттік сатып алулар арқылы жүзеге асырылады. «Қазагроқаржы», «Аграрлы несие корпорациясы» секілді серіктестіктермен әріптестік орнатқан. Қыркүйек айында соңғысымен арнайы келісім-шарт жасалып ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдарға техника түрін сатып алуға жеңілдіктер берілген. Мәселен, бұған дейін ауыл шаруалары қажетті техниканы бұрын лизингтік фирмалар арқылы 11 пайызбен алған болса, қыркүйектен бері қазақстандық корпорациядан 5,5 пайызбен сатып алуға мүмкіндік алған.
Қазіргі таңда отандық кәсіпорындардан шыққан аспалы және тіркемелі жабдықтарға жеңілдетілген несие де берілетіні белгілі. Осы орайда, тауар алушыларға қандай жеңілдіктер бар деген сауалымызға серіктестік қызметкерлері ауыл шаруашылығы техникасын шығару және іске асыру бойынша Қазақстанның кез келген аумағына сатуға болатындығын және кәсіпорын қазіргі таңда сұранысқа ие бағасы қымбат емес аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруды әлі де көбейте түсетіндігін айтып берді.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникаларын механизациялау Қазақ ғылыми-зерттеу институтымен топырақ өңдеу және егіс ауыл шаруашылығы техникасын егістік алаңдарына бейімдеп құрастырып беру бойынша келісім жасалыпты. Аталған іс-шара қолда бар қуатты арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өнімнің жаңа түрлерін ашуға, шығарылатын өнімнің түрлерін көбейтуге, сипаттамалары бойынша шетелдік баламаларынан кем түспейтін сапалы және арзан отандық техника өнімімен шаруалардың қамтылуына жағдай жасайды.
–Серіктестік қазақстандық тауар өндірушілерден басқа Беларусь және Ресей мемлекеттерімен бірлесіп жұмыс істейді. «Русагромир», «Дорэлектромаш», Минскідегі трактор шығаратын зауытпен, «Бубруйскагромаш», «Богуславская сельхозтехника», «Маз» секілді кәсіпорындармен серіктесіп жұмыс істейміз. Өзіміз құрастырған техникаларды Қазақстан аумағында ғана экспорттап жатырмыз. Қазіргі уақытта сұйық органикалық және минералды тыңайтқыштарды енгізуге арналған машиналарды, жемшөпті буып-түюге және тасымалдауға, дайындап сақтауға, сонымен бірге оларды әзірлеп, таратуға арналған машиналар, көліктерге тіркейтін құралдар, картопты жинағаннан кейін оны өңдеуге арналған құрылғылар, салмақ өлшегіш техникалар, жүк тиегіштер, коммуналдық техникалар, тамырды өңдейтін құрал-жабдықтар, сұйық заттарды тасымалдайтын агрегаттар шығаруда, – дейді атқарушы директор.
Кез келген өндіріс орындарында кәсіби мамандар тапшы. Осы мәселені серіктестік әкімшілігі қолдан келгенше шешіп жатыр деуге толық негіз бар. Олар Астана қаласындағы аграрлық университеттің студенттерін тартуда. Бүгінде өндіріс орнына газбен дәнекерлеуші мамандар аса қажет екен. Былтыр Көкшетау қаласындағы №1 кәсіптік лицейінен тәжірибеге келген оқушылардың бірін, жұмысқа икемдісін алып қалыпты. Сондай-ақ, кәсіпорынға инженер мамандар да қажет көрінеді. Жаңа инновациялық технологиялар арқылы жұмыс істейтін серіктестіктің бас инженері Беларусьтен арнайы шақыртумен келіп, келісім-шартпен жұмыс істеп жүрген Олег Лукьяненко. Машина құрастырудың барлық технологиясын, қыр-сырын кәсіпорынның жұмысшыларына үйреткенше осында қызмет етеді.
– Мен осында жұмысқа келгенде парктің құрылысы жүргізіліп жатты. Жұмысқа орналасқан соң, металдарды өндеуді бастадық. Қазір тіркемелер мен ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларды қолдан келгенше өндіріп жатырмыз, – деді өндіріс жұмыстарын тізгіндеген Қайрат Дүйсембеков. Ал, жас маман Жарбол Оразалинов:
– Маған ауыл шаруашылығы техникалары ұнайды. Ал, оларды өз қолыммен жасап шығарғанда, тіпті, рахаттанамын. Қазір мен мұнда газбен дәнекерлеуші болып жұмыс істеймін. Көкшетау қаласындағы №1 кәсіптік лицейінде инженерлік жүйелер бойынша коммуналдық шаруашылық мамандығына оқығанмын.
Құрастыру жұмыстары
ұнаған соң, тәжірибеден кейін осында қалдым. Еңбекақым 100 мың теңге
шамасында, – деді.
Елімізде машина құрастыру саласында көш басында келе жатқан серіктестік «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында екінші парктің электрлік желілерін орнатыпты. Парктің қағаз жұмыстары ғана қалғанға ұқсайды. Жоспар бойынша келесі жылдың орта тұсында ол да іске қосылады деп күтілуде. Олай болса, отандық тауар өндіруші серіктестіктің тұтынушылары көбейе берсін дейміз.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар