Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өткен сенбі күні кезекті жұмыс сапарымен Астана қаласында болып, Елордада ақмолалық тауар өндірушілердің «AQMOL» сауда үйінің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, №2 Ақмола облыстық ауруханасында ашылған инсульт орталығының жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысы ел халқына арнаған Жолдауында Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін одан әрі дамыту туралы бірқатар нақты міндеттер қойған болатын. Бүгінгі күні бұл бағытта ақмолалықтар тарапынан ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Рақымжан Қошқарбаев даңғылы бойында ашылған ақмолалық тауар өндірушілердің «AQMOL» сауда үйі соның айқын бір көрінісі десе болады.
Сауда үйінің ашылуына Астана мен жақын маңдағы аудандардан барған облыс тұрғындары қатысты. Көпшілік алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Мәлік Мырзалин
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде Елордада ақмолалық тауар өндірушілердің сауда нүктелерін ашу арқылы астаналықтардың арзан әрі сапалы азық-түлік өнімдеріне қол жеткізуді жақсартуды көздеп отырғанын атап өтті.
– Ақмолалық тауар өндірушілердің өзіндік сауда желісін құру өнім өткізу мәселелерін шешуге көмектеседі. Сонымен қатар, астаналықтарға делдалсыз нарық бағасынан арзан әрі сапалы азық-түлік тауарларын алуға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру барысында бірінші кезеңде
3 дүкен ашуды көздеп отырмыз, – деді Мәлік Мырзалин өз сөзінде.
Сонымен қатар, облыс басшысы Астана қаласында екінші кезеңде дүкендер желісі 10 сауда нүктелеріне дейін кеңейтілетінін, оған қоса, Ақмола облысы тауар өндірушілерінің көтерме сауда орталығын ашу жоспарланып отырғандығын да атап өтті. Әзірге көкөніс, сүт және ет өнімдерін, өсімдік майларын және белгілі брендтегі азық-түлік түрлерін шығаратын «Родина» агрофирмасы», «Астана Агро Продукт», «CAPITAL PROJECTS LTD», «Көкшетау сүт зауыты», «Айна» сауда үйі» серіктестіктері мен «Ижевский» өндірістік кооперативі тәрізді өңдеуші кәсіпорындардың өнімдері жеткізілуде. Алдағы уақытта тауар өндірушілердің тізімі және тауар ассортименті кеңейе түспекші. Осында облыс әкімі республикалық БАҚ журналистеріне өңірдің картоппен қамтылу мәселесі жөнінде түсініктеме берді.
– Биылғы картоп түсімі жаман болған жоқ. Бірақ, Астана нарығына негізгі картоп жеткізушілердің бірі – Павлодар облысы. Мұндағы біздің үлесіміз өкінішке қарай, өте аз. Бірақ, бұл мәселені шешу бағытында жұмыс істеп жатырмыз, әсіресе, Целиноград ауданында. Америкалық және голландиялық технологиялар бойынша жұмыс істейтін мамандар бар. Олардың егін өнімі мол шығады. Алдағы уақытта біз жеткізетін картоп көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – деді Мәлік Мырзалин журналистерге берген сұхбатында. Атбасар қаласында су тасқынының алдын алу жұмыстары да айтылмай қалмады.
– Дайындық жұмыстары жүріп жатыр, өзен арнасын тазалау бо-йынша едәуір шаралар жүзеге асырылды. Атбасарда екі үлкен көпір бар, бірі теміржолға, екіншісі автокөлікке арналған. Оларға жақын орналасқан үлкен аумақ тазаланды. Екіншіден, құбырларды ауыстырып жатырмыз, 30 қарашаға дейін бұл жұмыстар аяқталады. Оның үстіне Атбасар бөгетіне жеке адамдардың есебінен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оған бюджеттен еш қаражат жұмсалған жоқ, – деді Мәлік Мырзалин. Алайда, өңір басшысы Атбасарға бетоннан салынған өндірістік бөгеттің қажет екенін баса айтты.
Осы күні облыс әкімі Астана қаласындағы №2 Ақмола облыстық ауруханасында болып, жаңадан ашылған инсульт орталығының жұмысымен де танысты. Орталықты қажетті медициналық құралдармен жабдықтау үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініпті. Биылғы жылдың тоғыз айында ауруханаға неврологиялық дертке шалдыққан 233 науқас түскен. Оның 74-і инсультпен ауырғандар.
– Бұл орталықта Астана маңындағы Целиноград, Астрахан, Аршалы, Ерейментау, Егіндікөл, Қорғалжын жəне Шортанды аудандарының тұрғындары емделеді, – деді аурухананың бас дәрігері Рүстем Әлібаев.
Он бес орынға арналған орталықтың қажетті диагностикалық жабдығы, соның ішінде дәрігерлердің инсульттың түрін және емдеу тәсілін анықтай алуына көмектесетін компьютерлік томмограф бар. Орталықта анестезиолог-реаниматолог, невропатолог, терапевт, сәулелік және функционалдық диагностика, физиотерапия және емдік дене тәрбиесі дәрігерлері жұмыс істейді.
Жаңа орталықтың ашылуымен емделушілер шұғыл түрде қажетті көмек ала алады. Айталық, бұл облыста ашылып отырған 3-ші инсульт орталығы. Осындай орталық Көкшетаудағы Ақмола облыстық ауруханасы жəне Степногорск қаласының орталық ауруханасында жұмыс істейді. Оған қоса, жыл соңына дейін Атбасар қаласында ашу жоспарланған.
Аслан Оспанов.
Астана қаласы.