«Арқа ажары» газетінің жүз жылдық мерейтойына
Шиырғандай бір дәуірдің асығын,
Қарсы алды ол өзінің ғасырын.
Елге мәлім біздің «Арқа ажары» –
«Тіршіліктен» бастау алған басылым!
Небір нәубет кезеңдерді өткізген,
Зерделеуді талап етер тек бізден.
Тарихтың куәсі ғой бұл газет,
Асылдардың аманатын жеткізген!
Бір заманда қоғам болды сірескен,
Ал, бүгінде ізі де жоқ, күні өшкен.
Қарсы тұрып, сонда осы басылым,
Тілім үшін, дінім үшін күрескен!
Бұлтын серпіп қасірет пен қайғының,
Асқақтатып ата-баба айбынын.
Бұл басылым Сарыарқаға таратқан,
Халқымыздың рухани байлығын!
Қай кезде де шындықты жаз, жасырма,
Бар дүниең бағалансын асылға.
Басылым боп елдің жүгін көтерген,
Даусың жетсін келер Ұлы ғасырға!!!
Айбатыр СЕЙТАҚ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
АСТАНА,
21 қараша 2017 жыл.