Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Назар аударатын мәселе көп - АРҚА АЖАРЫ

Назар аударатын мәселе көп

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірде қалай жүзеге асырылып жатқандығы жайында партиялық тыңдау өтті.

Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов қатысқан жиынға ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының және басқа да қаржылық институттардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жиналды.
Аталмыш бағдарлама аясында облыс-
та атқарылған жұмыстардың бастапқы нәтижелері, яғни, ағымдағы жылдың 10 айдағы қорытындысы бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Таласбаев баяндама жасады. Баяндамашы кешенді бағдарламаның негізгі бағыттарына нақты тоқталып, 2017 жылдың қаңтар-қазан айларындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ішкі өнім 347 миллиард теңгеге жеткендігін атап өтті. Бұған шағын және орта бизнес өкілдерін ауыл шаруашылығы кооперациясына тарту, мал шаруашылығы мен егіншілік саласы бо-
йынша отандық өнімдерді экспорттауды одан әрі дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, оларды өндірушілерге арналған арнайы бағдарламаны жетілдіру бағыттары еніп отыр. Бағдарламаның 46 мақсатты көрсеткіштерінің 3-еуі түбегейлі орындалмай қалған. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталды инвестициялау 30,8 миллиард теңгеге жетіп отыр. Облыс бойынша негізгі көрсеткішке барша аудандар толық жете алмай отыр. Солардың ішінде Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Бұланды, Бурабай, Егіндікөл, Еңбекшілдер, Есіл, Жақсы және Жарқайың аудандары аталған жоспарды орындамаған.
Біздің облыс биылғы жылы ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға арналған 36 миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік қаржылай қолдауға ие болды.
«Аграрлы сектор» бойынша партиялық куратор Максим Божко облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне күмән келтіріп, «ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің субсидиялауға берген өтініштерінің барлығы қанағаттандырылды ма?» деген сұрақ қойды. Құзыретті мекеме өкілі қаржының жетіспеушілігін жоққа шығармай, республикалық бюджеттен қосымша бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгендігін айтты. Партиялық куратордың мәлімдеуінше, Ақмола облысындағы жұмыртқа өндірумен айналысатын бес мекеме биылғы жылы мемлекеттен 1,5 миллиард теңге көмек алуға өтініш білдірген. Алайда, оның тек төрттен бір бөлігі ғана өтініш иелеріне жеткен. Максим Божконың айтуынша, «Ижевский», «Казгерқұс» сияқты ірі құс фабрикалары 20-27 пайыз көлемінде ғана субсидиялауға ие болса, ал, өнеркәсіптік қуаттылығы аз құс фабрикалары 46 пайызға дейін субсидия алған. Ол осының мән-жайын анықтауды ескертті.
Отырысқа жиналғандар жанар-жағар май бағасының қымбаттауын да талқылады. Көктемгі-күзгі дала жұмыстарында мемлекеттен берілетін жеңілдетілген жанар-жағар май бағасы жанар май құю стансасындағы бағадан еш айырмашылығы болмаған. «Қазақстан Фермерлер одағы» облыстық филиалының төрағасы Қанат Сүлейменовтің айтуынша, 2017-2021 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасы бұған дейінгі «Агробизнес-2020» бағдарламасының «шикі» түрі болып шыққан. Ол бұл мәселені бүге-шігесіне дейін жиналғандарға түсіндіріп берді.
–Жыл басынан бері өңірде 91 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Оның ішінде 44-і сүт шаруашылығы болса, 47-сі ет бағытында. Осыларды аралап, тексергендер бар ма? Оларға қандай көмек керек? Олар қай жағынан ақсап тұр? Осыларды білу үшін бірлескен жоспар мен комиссия құрып, жергілікті жерлерге баруымыз керек, – деп одақ төрағасы жиналғандарды кешенді жұмыстарды бірге атқаруға шақырды.
Агроөнеркәсіп картасы бойынша аудандарда 79 жаңа өнеркәсіп орнын және 80 ескі зауытты модернизациядан өткізу белгіленген. Комиссия мүшелері карта және аталған мәселе бойынша түбегейлі сараптама қажет екендігін айтты.
Жиынды қорытындылаған облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов барлық ұсыныстар мен кеңестер сарапталып, партияның орталық аппаратына жеткізілетіндігін айтты.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар