Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әр ұлттың өз тарихы бар - АРҚА АЖАРЫ

Әр ұлттың өз тарихы бар

Ұлттық киім арқылы да белгілі бір халықтың болмысын, табиғатын танып-білуге болады. Облыстық тарихи-өлкетану музейіне барғанымызда түрлі ұлттардың қатар-қатар тізілген костюмдерін көріп, елімізде тұрып жатқан этностардың мәдениеті көз алдымызда қайта жаңғырғандай әсер алдық.

Музейге кіргенімізде этнография бөлімінің ғылыми қызметкері Күміс Қасымбаева алдымыздан шығып, бізді келісілгендей ассамблея тақырыбына арналған арнайы залға алып барды. Қараңғы бөлменің шамдары жарқырай жанғанда әуелі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық киімдерін киген түрлі ұлт өкілдерімен түскен суреті көзімізге оттай басылды. Ол картинаның жанына Президенттің: «Қазақстан халықтарының достығы – еліміздің баға жетпес игілігі, әртүрлі ұлт өкілдерінің өзара сенімділігі, заң алдындағы теңдігі болмаса, мемлекеттің гүлденуі де болмайды, демек қарапайым адамдардың бақытты өмір сүруі мүмкін емес» деген сөзі ойып тұрып жазылған екен. Мұны оқыған кез-келген жанға тәуелсіздікті сақтау үшін бірліктің, ынтымақтың қаншалықты қажет екенін түсіну қиын емес.
Әйнекпен жабылған сөрелерден қазақ халқының, кәріс, украин, беларус, поляк, ингуш, әзірбайжан, орыс, неміс, татарлардың ұлттық киімдерімен қатар, көне замандарда пайдаланған құнды бұйымдарын да көруге болады. Ал, сол бағалы заттардың жанына әр ұлт, олардың Қазақстанға қалай көшіп келгендері жайлы біраз деректер келтірілгенін байқадық. Мәселен, кеңестік саяси қуғын-сүргін тұсында елімізге Қиыр шығыстан 100 мың кәріс күштеп көшірілген екен. Қазіргі уақытта бұл диаспора елдің оңтүстігінде тығыз қоныстанған. 2012 жылдың басында біздің облыста кәрістердің саны – 1401 адам болса, Көкшетау қаласында – 337 адамды құраған. Сондай-ақ, поляктар 1936-1937 жылдары кеңестік тоталитарлық режимде Украи-
на мен Белоруссиядан қазақ жеріне жаппай қоныс аударды. Келесі қоныс аудару толқыны ІІ дүниежүзілік соғыстың басында жүргізілді.
Ингуш-шешен халықтары туралы мынадай тың мәліметтерге қанықтық. Олар Қазақстанға ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде жер аударылған. Халықтың жалпы атауы «Вайнахи». Біздегі «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының атауы осыдан шыққанын біле аламыз.
Қазақстанға немістер ХІХ ғасырдың соңында Ресейдің отарлық әкімшілік органдары құрамында көшіп келді. Одан кейінгі ғасырдың бас кезінде патшаның аграрлық реформалары нәтижесінде немістер толқыны көбейе түсті. Осыдан төрт жыл бұрын жүргізілген санақ бойынша облыста немістердің саны 26 мыңнан асса, Көкшетауда 2800 адамға жуықтаған. Ассамблеямен байланысты экспонаттар жайлы айта жүріп, музей қызметкері Күміс Қасымбаева әрбір ұлттық киімге жеке-жеке тоқталып өтті.
–2012 жылы болған жаңартудан кейін біздің музей жаңаша кейіпте қайта ашылды. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғаннан кейін еліміздегі ұлттар арасындағы достықты қалай көрсетсек екен деп бұрыннан ойлап жүруші едік. «Заманауи» деп аталатын залды ашпас бұрын, оған ассамблеяны да кірістіру жұмыстарын алдын ала бас-
тап кеттік. Тігіншілерге тапсырыспен ұлттық киімдерді тіктіртіп, жер-жерден Қазақстан халықтарының тағдырымен байланысты жаңа экспонаттарды іздестірдік, – деді этнограф. Сөйтіп, арнайы жоба бойынша жыл сайын екі-үш костюм тігіліп отырған. Барлық киім үлгілерін «Филюк», «Көкше-Береке», «Светлана» секілді өзіміздің жергілікті серіктестіктер тіккен. Оның ішінде музейде ілулі тұрған қазақ, орыс, украин халықтарының ұлттық киімдері – тігінші Станислава Генриховнаның қолынан шыққан туындылар. Оның кішкентай кезінде ата-анасымен бірге осында көшіп келгенін этнографтың әңгімесінен білдік.
Бұдан басқа, орыс халқына тән әшекейленген ағаш ыдыстар, өзіміздің қасиетті сусынымыз қымыз құйылатын торсық, тағы басқа да заттар осы залдан орын тепкен. Беларус отбасы жайлы мына бір аңыз бізді бейжай қалдырмады. Ертеде қатты сырқаттанып, әлі таусылған баласын әкесі құстар қайтып келгенде сен жазыласың деп жұбатады екен. Алайда, ол қыс енді басталған кез болғандықтан құстар жақын арада келмейтінін білген әкесі ағаштан өз қолымен құстың бейнесін жасап, баласы жатқан бөлмеге іліп қойыпты. Содан әлгі бала аяғына тұрып, тәуір болып кеткен деседі. Міне, әрбір беларус отбасында тұмар құстың бейнесі міндетті түрде ілулі тұратыны сондықтан.
–Немістер пайдаланған мына сыра саптаяғы 1837 жылы таза мәрмәрдан жасалған. Оны бізге Атбасар ауданынан беріп жіберді. Жақсылап зер салып қарасаңыз татарлар да түркі тілдес халық болғаннан кейін олардың ұлттық киімдері қазақтікіне сәл де болса ұқсайтынын көресіз. Татарлар зығырдан жіп жасау үшін ағаш тарақшаларды пайдаланған. Аталмыш экспонаттардың бәрін жергілікті тұрғындардан жинадық. Кезінде Ақмола облысында тұрған татар көпесі Шәміл Баязитов ұстаған сырнай бізде әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Кейбір экспонаттарды тұрғындар өздері тапсырса, кейбіреулерін өзіміз сатып аламыз. Біздің мақсатымыз музей қорын көне заттармен толықтыру. Қазіргі таңда мұнда сексен мыңға жуық экспонат бар. Олардың қатары жыл сайын толыға түсуде. Осыдан екі жыл бұрын «Ақмола облысының поляктары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Суховецкий Польшаға барған сапары кезінде біздің мұражайға поляк халқының «Керпце» деп аталатын ұлттық аяқ киімін алып келді, – деді Күміс Баймаққызы сөзін одан әрі жалғап. Музей қызметкерлері 2006 жылы Астрахан ауданына саяхатқа барғанда поляктар жеміс-жидекті үгіту үшін пайдаланған келі-келсапты осы өңірдің тұрғыны Валентина Машевская-
дан сұрап алып келгенін айтты.
Қазіргі таңда мұражай қызметкерлері алдағы жылы елімізде Қазақстандағы Өзбекстан жылын өткізуге дайындық үстінде. Осылайша жаңа жылдан бастап жыл соңына дейін өзбек мәдениетіне қатысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Аталмыш залдан бөлек, Қазақстанда тұратын халықтар, олардың мәдениеті, өнері, тұрмыс-тіршілігі жайлы деректерді, облысымызға ертеректе көшіп келген ұлттар немен шұғылданғаны, әйгілі саудагерлер туралы мәліметтерді «ХІХ ғасыр тарихы» залынан да көре алдық. Бір сөзбен айтқанда, әр ұлттың өз тарихы бар. Ал, оларды қазақ жерінде ұйыстырып отырған басты қазынамыз ол бірлік, қиын-қыстау кезінде құшағын кең жайған Отанға деген махаббат, шынайы алғыс сезімі екені даусыз. Біз де музейден осындай берік сеніммен шықтық.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар