Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жал - құйрығы төгілген жабыға жетер жылқы бар ма? - АРҚА АЖАРЫ

Жал — құйрығы төгілген жабыға жетер жылқы бар ма?

Жылқы! Осы бір ауыз сөзді естігенде жаның жылып жүре береді. Құтты ауыздығымен алысқан жүйрікке мініп жүйткіп келе жатқандай әдемі әсер аласың. Тіршіліктің зілбатпан салмағын серпіп тастап, көңіліңді көкке көтеретін сәт туатын тәрізді. Асылында біз «тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп төрт түліктің төресі – жылқыны қадірлеп өскен елміз. Әрине, түптен тартып сабақтасақ, жылқы жарықтықтың қазақтың жаны мен қанына, рухына сіңген қасиеті аз емес қой. Арыдағы азуын айға білеген аталарымыз пешенесіне жазылған дәулетті жылқының санымен бағалаған. Арқа төсінде де, осы Қараөткел мен Көкшетаудың қасиетті даласында да мыңдап жылқы баққан байлар аз болмаған. Байлықтың қадірін білген сол бабалар қыздың қалың малын, тіпті, адамның құнын жылқымен есептеген.

Қазіргі күні жылқы малын бағушылар екі түрлі бағытты ұстануда. Біріншісі, дәулеттілердің еншісіндегі дүние. Олар араб, ағылшын жылқыларын әкеліп, ат жаратып, аламан бәйгеге қосуда. Тірлігі теріс дей алмасақ керек, әркім көрпесіне қарай көсіліп жатқан заман ғой. Егер бізге дейінгілер ер қанатына балаған жылқының түрін асылдандырып, жер танабын қуырған жүйріктерін аламанға қосып жатса, айып саналмаса керек. Ол енді әркімнің өз шаруасы. Ал, жалпы жұрт, шаруа баққан адамға жабыдан артық жылқы жоқ. Рас, бағзы замандағы Бұхар жыраудың «Жал құйрығы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз. Жабыдан айғыр салсаңыз, жауға да мінер ат тумас» дейтұғын аталы сөзі жадымызда. Әрине, ол заман жылқы баласы Алаш жұртына майдан даласында қызмет еткендігін, қолтығында қос қанаты бар қазақы жылқының қашса құтылып, қуса жеткендігін, жарақты жауға жалтаңдап кіріп, ат артына сыпырылған дұшпанды тұяғымен жапырып тастайтындығын көне тарихтың көмбесінен білеміз. Қазір енді қазақ атқа мініп, жауға шабайын деп жатқан жоқ қой. Ендігі керегі етті әрі сүтті тұқым. Оның үстіне жабының қысқа шыдамдылығы жақсы. Осы қисынмен алғанда алты ай қыс орнығып тұрып алатын солтүстік өңірдің малсақ қауымы үшін нағыз таптырмас тұқым – осы жабы емес пе?!.
Бүгінгі таңда өңірдегі жылқы шаруашылығындағы басты бағытты осылай бұрсақ, оңды істің орайы келер еді. Ет пен сүт өнімдерін мол беретін, өзіндік құны аз қазақы жылқыны өсіру барынша тиімді. Бір ғана мысал келтіре кетелік, 2015 жылы қыс қатты болды. Қара күзде қайта-қайта жауын жауды. Іле аяз түсіп, дала көк мұзға айналды. Ашық алаңдарды былай қойғанда, ағаш бауыры да сіресіп қатып қалды. Сол жылы талайлардың жүген ұстап қалғандығы анық. Негізінде, қазіргі қазақ жылқыға жемшөп дайындамайды ғой. Кешегі кеңес заманынан қалған кесір дағды. Бірақ, ол кездегі жағдай мен қазіргі жағдайды салыстыруға болмайды. Кеңес заманындағы астық комбайндары сабанды көпенелеп түсіретін. Бидайдікі дейсіз бе, арпанікі дейсіз бе, егістік алқабының үстінде шөмелелер ерте көктемге дейін самсап тұрушы еді. Тіпті, артылғанын диқандар көктемде өртеп жататын. Қазір шетелдік қуатты комбайндар сабанды турап тастайды. Сөйтіп, жылқының ырыздығы да шектеліп қалды. Оның үстіне кешегі кеңес заманында техника дәуірлеп тұрған уақытта жылқыға көңіл бөліне қоймады. Сөйтіп, бірте-бірте ілкіден қалыптасқан тұқым аза бастады. Кейін үйірге салар айғыр табылмайтын жайға да жетті. Осындай немқұрайлықтың әсерінен бестісі тайдай, тайы жабағыдай тұқымы азған жылқының тұрпаты пайда болды. Қазір қай ауылға барсаң да көретінің осы. Құрығы құтты жылқышы да кемде-кем. Жаз бойы күн ұзақ тілін тістетіп қамап бағады. Ал, тұқымы азған, күтімі нашар жылқыдан қандай өнім күтуге болады? Бұдан шығар жалғыз жол – жабы тұқымының жалына жармасу. Жабы – нағыз қазақы жылқы. Өзге жылқылармен салыстырғанда, артықшылығы да аз емес. Біріншіден жыл он екі ай бойы жайылымда тебіндеп шығады. Демек, тым аязды, боран-шашынды қыс болмаса, былайғы уақытта өз күнін өзі көреді. Айналып келгенде өнімінің өзіндік құны арзан. Оның үстіне жылқының бұл түрі денесінің ірілігімен ерекшеленеді. Тірідей салмағы да жоғары. Жабы – жалпақ бетті, жақ сүйегі мейлінше жетілген, мойнының бұлшық еті бұйра-бұйра, арқасы тік, белі мықты әрі жалпақ, сауыры білеуленген, аяқтары қысқа әрі сүйекті, жалы қою, қылы ірі талшықты, терісі қалың болып келеді. Қоңдылығы жағынан алғанда бар жылқыдан бәсі басым. Ірі жылқының салмағы 450-530 келіге дейін қаптал жетеді. Тағы бір артықшылығы ерте көктемде және күзде жайып семірткен кезде аз уақыттың ішінде қоң жинап, жалын тіктеп алады. Мама биелері тәулігіне орташа есеппен 15 литрге дейін сүт береді, ал, кейбір сүттілері тіпті, 20 литрге дейін жеткізеді. Қазір ақ сатып, күн көрісін айырып отырған халыққа бұдан артық не керек?! Тіпті, 20 литр демей-ақ қояйық, 10 литрдің өзі аз дүние емес қой. Ал, осындай сүті бұлақтай ағып тұрған үш бие ұстасаңыз, ырыс босағаңызға байланды дей беріңіз.
Жабы жылқысы қазақ даласында біржола тұяқ ізін жоғалтқан жоқ. Біздің білуімізше, іргедегі Павлодар, Қарағанды облыстарында жабы текті жылқыны асылдандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Асылдандырудың басты бағыты әр өңірдің табиғат ерекшелігіне орайластырылып жүргізілсе, ұтымды болмақ. Ең үздік жабы айғырларын тұқымдық және өнімдік қасиеттеріне орай, облыстың әрбір ауданына тарата отырып, таза тұқымды мал өсіру әдісімен өз төлі есебінен көбейтсе, тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізіп қалар едік.
Заманында жылқы шаруашылығының сапасын арттыру мақсатында селекционер ғалымдар будандастыру жұмыстарын кеңінен қолданды. Тіршілік ету ортасына тәп-тәуір бейімделген қазақы жылқы биелерін ірі денелі зауыттық жылқы тұқымдарының айғырларына қосу арқылы қазақы жылқыға қарағанда бойшаң, ірі, бейімделу қабілеті олқы соқпайтын будандар да алынды. Қазір одан тараған тұқым жаңа көшім жылқылары деп аталады. Міне, осылай жабының да жағдайын туғызуға әбден болар еді.
Шынын айтқанда, ата кәсіптің айын оңынан туғызсақ, қымызын, етін пайдаға асырып, шағын фермерлік шаруашылықтарда, тіпті, қарапайым отбасында күш-көлік ретінде пайдаланса, орасан зор тиімділігі бар емес пе. Бір әттеген-айы, әлі күнге дейін жабының бағы жанбай келе жатқаны ғана өкінішті.

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар