Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақшаға арбалған өмір - АРҚА АЖАРЫ

Ақшаға арбалған өмір

Әр демалыс күнін отбасымызбен асыға күтеміз. Жолдасым екеуіміз де қызметте жүргендіктен, балаларымызға ата-ана ретінде мейірімімізді төгіп, толыққанды көңіл бөлетін күндеріміз сенбі мен жексенбі ғана екені рас. Сол себепті, осы екі күнді барынша қызықты етіп өткізгіміз келеді. Өкінішке орай, облыс орталығында балаңмен демалып қайтатын жөнді ойын-сауық орталықтары болмағандықтан, демалыс күнімізді қайда, қалай өткіземіз деп қатты қиналамыз.

Қызымыз өтінгесін ғана анда-санда бір Көкшетаудағы «Рио Парк» ойын-сауық орталығына барамыз. Шынын айтсақ, балалардың ойнайтын жері деген аты болмаса, әлгі жердің іші у-шу, әр бұрышында ойын құралдарының даңғырлаған дыбыстарынан құлақ тұнады. Атыс-шабысты насихаттайтын сондай ойын автоматтарының бесіктен белі шықпаған балаларға не қажеті бар екен? Өзге балалар қалталарынан ата-аналары салып берген ақшаларын шығарып, кезек-кезекпен әлгі түкке тұрғысыз ойындарды ойнап жатады. Әйтеуір, бауыр еті баламыз демалысында қызық көріп қалсын деп, даңғаза әуенге шыдап отырамыз. Баламызды екі-үш сағат ойнатып, үйге келгеннен кейін не демалғанымызды, не керісінше шаршап-шалдыққанымызды түсінбей қаламыз. Дегенмен де, менің айтайын дегенім ол емес. Сол күні ойын-сауық орталығынан қайтып келе жатып, санама қазіргі беймаза өмір жайлы ойлар маза бермеді. Неге екенін білмеймін, бірақ, бүгінгі заманда баршамызға титтей сана-сезім, жанашырлық жетіспейтін сияқты.
Ақша табудың ғана жолдарын ойлап, балаларымыз, жалпы адам жаны шын мәнісінде нені қалайтынын ұмытып кеткен сияқтымыз. Үңіліп қарасаңыз, уайымы көп мына заманда адам баласына жылылық, тыныштық жетіспейтінін көресіз.
Өткенде бір дүкеннен ойыншықтың өзін несиеге алуға болатынын көріп, жағамды ұстадым. Бұл не деген ұсақталған заман десеңізші. Баламызға ойыншықтың өзін несиеге алатындай басымызға не күн туды? Бір танысым бар. Өзіне-өзі сан мәрте енді қайтіп несие алмауға уәде берсе де, несиесін енді төлеп бітіргенде, екінші қайтара тағы да банктен қарыз ақша алады. Кейін несиесін өтей алмай, жаны қиналғанда: «Осы несие беруді кім ойлап тапқан?», – деп налиды. Иә, қазіргі қоғамда несие бір ауруға айналғандай. Белшесінен қарызға батып, қаншама адам қиналып жүр. Осы несиенің кесірінен қоғамда қанағатшылдық жойылып бара жатқандай көрінеді де тұрады. Адамдардың санасында «барға қанағат ету» деген ұғым баяғыда-ақ қалды. Той жасау үшін де, үй алу үшін де, енді міне баламызға ойыншық сатып әперу үшін де несие алатын болдық. Ақ пен қараны ажыратып, нарық заманында күн көрудің амалын жасап, ақшаға құл болмай, адами қалпымызды сақтап өмір сүретін кез келді.
Жанталасқан өмір. Жоқ, ақшаға арбалған өмір дегеніміз дұрыс болар. Айтыңыздаршы, ақша үшін не істелмей жатыр? Ақша үшін біреу біреуді өлтіріп жатса да, ата-анасы туған баласын сатып жатса да, селт етпейтін болдық. Бәрін көріп те, бәріне көндігіп те келеміз. Шынымды айтсам, ертеңгі күні не болатынын ойлағым да келмейді. Санамыз ақшаны ғана ойлауды қоймайынша, тыныш өмір сүруіміз мүмкін емес екенін ұмытпайықшы. Ал, сіз не дейсіз, оқырман?

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар