Кешегі сал-серілер ақ бесігі, әншілер мен ақындардың киелі ордасы болған Көкше топырағынан соңғы жылдары республикалық деңгейде өнерімен өлеңсүйер қауымды тәнті ететін ақтаңгер айтыс ақыны неге шықпай тұр деген мәнді мәселе бүгінгі күні талайды толғандырып отырғандығы да рас. Осы бір олқылықты жою туралы әркім әртүрлі пікір айтады.
Тіпті, кейбіреулер басқа облыста ақынның көптігінен адымы ашылмай жүрген жас дарындарды арнайы шақырып, жайлы үй беріп, бар жағдайын жасап, ел атынан айтысқа қосайық деген де пікір айтады. Құдды бір біздің футбол командасының ойыншыларындай. Бірақ, осы топырақта тумаса да, ең құрығанда балалығы мен жастығын өткізген ақын болмаса, өлкенің намысын жыртып, жалынды жыр төгуі екіталай емес пе?
Әне бір жылы жастарды қанаттандырып, бағыт-бағдар берейік, таланттарын ұштайық, білім көкжиектерін кеңейтейік деген мақсатпен «Достар» мәдениет сарайының жанынан Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебін аштық. Ақындар мектебінің ашылғанына да он жылдан астам уақыт өтті.
Әйткенмен нәтиже қайда?! Әлібегің – тойда, Қуанышың – ойда, Құрметің – қырда жүр. Көңілге бір демеуі Құрмет ақын оқушылар айтысына шәкірт тәрбиелеп жүр. Болашағынан үлкен үміт күттіретін Мұхаммед Қоңқаев пен Нұрислам Әбділ қазір тәуір айтысып жүр. Мұхаммед биыл екінші рет республикалық айтыстың жүлдегері атанды. Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің ендігі жетекшісі де өзі.
Облыстық мәдениет басқармасына басшы болып Сәуле Бөкейханқызы келген соң ұлттық өнеріміздің ұшпаққа шықпай тұрғандығын естіп, мәселеге мән берген болуы керек, облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан «Талант» жас ақындар клубын ашып берді. Клубтың мақсаты өлеңге, өнерге қызығушылығы бар жастарды тәрбиелеу, баулу. Айтыс пен мүшәйралар ұйымдастыру.
Мәдениет басқармасының қолдауымен тоқсаныншы жылдары жарқ етіп жалпақ жұрттың қошеметіне бөленген, кейін белгісіз бір себептермен үзіліп қалған оқушылар айтысын қайта жандандырды. Тоқсаныншы жылдардың бел ортасында өткен оқушылар айтысында үнемі бас жүлдені Қанат Қыдырмин, бірінші орынды Арман Бердалин алып жүрді. Оқушылар айтысының тәрбиелік мәні зор еді, өнегесі де аз емес. Сол айтыстарда жарқырай көрінген Арманның кейін ақсүйек өнерге деген ынта-ықыласы молайып, еліміздің атын шығарған кездерін жұрт әлі күнге дейін сағынып еске алады.
Былтыр оқушылар айтысын өткіземіз дегенде облыс-
тан ақын таппай қиналдық. Халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Тоқтарбек Қалдырбаев екеуіміз әр ауданның мәдениет үйіне қоңырау шаламыз. Бәрінің айтатын жауабы біреу – бізде ондай ақын бала жоқ. Содан аудандардағы бұрын айтысқан немесе аздап өлең жазатын ақындарға, тіпті, той басқарып жүрген асабаларға дейін «ауылдарыңда өлең жазатын бала бар ма, болмаса балаларыңа өздерің жазып беріңіздерші», –
деп хабарластық. Сөйтсек, біз ойлағандай әбден тау-
сылып бітпеген екен. Ат аунаған жерде түк қалмай ма, әр ауданнан осы айтысуға жарап қалады-ау дейтін талабы бар бірді-екілі балаларды тарттық. Бәрін қоңыр күзде жинап, іріктедік.
Айтысқа деген қызығушылығы оянсын деп айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабекті шақырып, шеберлік сыныбын өткіздік. Кейін көптен күткен, үлкен үміт артқан айтысымыз да өтті. Жыр додасына талғампаз көрермен де, талабын көрсеткен жас ақындар да дән риза болды.
Ең қызығы әлгі оқушылар маған айына бір-екі рет хабарласып, «ағай, айтыс қашан өткізесіз?» дейді де тұрады. Биыл өздері ұйымдастырып, Степногорск қаласында оқушылар айтысын өткізді. Сол айтысқа басқа аудандардың талапкерлері өз қаржыларымен барып қатысты. Ақкөл ауданында да оқушылар айтысы өтті. Оған да оқушылар жетекшілерін ертіп, жол шығынын өздері көтеріп барыпты. Ауданнан жолсапарға қажетті қаражат алмайсыңдар ма десек, ол жердегілер бермейді дейді.
Кезінде бала Сүйінбайдың қой бағып жүріп, қарғамен айтысқанын көрген бір бай осы бала дарынды екен деп қамқорлығына алған көрінеді. Шіркін, әр ауданнан сондай бір азамат шықса ғой. Айтысың күнде өтпейді. Жылына үш-төрт рет өтер. Жол қаражатына небары 20-30 мың теңге жұмсалады ғой. Анау айтқандай көп қаржы емес. Ұлттық өнерімізді осылай өркендетсек нағыз рухани жаңғыру сол болар еді.
Былтыр бізде оқушылар айтысы өтті деген хабарды естіген Петропавл қаласындағы досым Жарқын Жұпархан:
–Биылғы айтысқа мен екі бала қатыстырсам қайтеді? – деп сұрады.
– Әкелсең, әкел,–дедік біз.
Ал, Көкен Шәкеев мектебінен екі жылда бір бала қатыссайшы! Бізде ақын жоқ, ақын жоқ деп отырады. Ақыны жоқ ол не қылған ақындар мектебі.
Жылына бір айтыс пен мүшәйра өткізеді. Мүшәйраға облыс орталығындағы оқу орындарының он шақты студенті қатысады. Ал, айтысы республикалық болған соң бәйгенің бәрін сырттан келгендер алып кетеді. Көрермендері – солдаттар. Сол айтыстың өтетіні жайлы кеш естіп, талапты балалар қатыса алмай жүр.
Жарқын биылғы айтысқа екі оқушы алып келді. Біздің былтыр айтысқан балалар бір-бірімен достасып алған екен. Үш төртеуі тіпті, алдын ала дайындалып келіпті. Келе салып, бір-бірімізбен айтысуға дайындалып едік деп жалынсын. Жазып келгенін айтып бергеннен ақын шықпайтынын білем. Да-
йындалып келгендердің бәрін айтыс басталмас бұрын басқалармен жұптадық та тастадық. Астанадан арнайы шақырылған ақын Дәулеткерей Кәпұлының шеберлік сыныбын өткіздік. Дәулеткерейді оқырмандармен кездесу кешіне қатыстырдық. Сөйтіп, бір сағаттан соң айтысқа шығардық. Былтыр тәуір айтысқан балаларымыз биыл да жап-жақсы айтыс көрсетті. Біздің ендігі үміт күтер ақынымыз осылардың ішінен шығар, кім білсін?!
Айтысқа қатысушылардың бәріне халық шығармашылығы орталығының үш жүлдесінен бөлек, Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасы «Даналық кітабы» атты бағасы 45 мың тұратын кітаптар сыйлады. «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы жылдағыдай бір жүлде тағайындады.
Бірінші орынды Жарқын Жұпарханның шәкірті алды. Айтыстан соң Жарқын мен де Қызылжарға барған соң оқушылар айтысын өткіземін деді. Сол айтысқа осы айтыста үздік шыққан екі балаңды алып кел деп тапсырды. Араға екі апта уақыт салып Целиноград ауданынан Сая Тұрсынбекқызын Назигүл Мекебай деген жетекшісімен, Бұланды ауданынан Ақтілек Қайымханды ұстазы Елеш Қабылханмен мәдениет басқармасының берген көлігіне мінгізіп, жолға шықтық. Әуел баста айтысқа екі бала апармақшы едік, Бұландыдан Бағызор Ерболқызы деген жас ақын қыз мен айтыспасам да көруге барсам бола ма деп өтінген соң ала бардық. Жарқынның бір ақыны ауырып қалып, орнына адам болмай, біздің Бағызор айтысты.
Сөйтсек, олар айтысты мәдениет басқармасының көмегінсіз, өз күштерімен өткізіп жатыр екен. Облыстық телеарна, облыстық газет редакциясы, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі, жекелеген азаматтар қосылып, бір-бір жүлдесін тағайындап, жас ақындардың жол шығыны мен бар жағдайын жасап қойыпты. Үкілеп қосқан үш баламыздың екеуі жүлдегер атанды.
Еш дайындықсыз барып, сөз бәйгесіне қосылған Бағызор Ерболқызы екінші орын алса, Ақтілек Қайымхан үшінші орынды иеленді. Екеуі де облысымыздағы айтыс өнеріне елеулі үлес қосып жүрген Елеш Қабылханның шәкірттері. Бұл кісінің Қараөзек ауылдық клубындағы «Ер Керей» атты ақындар мектебі жабылып қалса да, шәкірттерін өз қаражатымен тасиды да жүреді. Қазақтың өлеңі мен өнері үшін қызмет етіп жүрген адамға қалай риза болмайсың?!
Күні кеше ғана Тұңғыш Президент күніне орай, Солтүстік Қазақстан облысы Уәлихан ауданында өткен республикалық айтыста Көкшетаудың атынан қатысып, бірінші орын алған Нұрислам Әбділ де осы Елештің шәкірті. Айтпақшы, бұл айтыстың бас жүлдесін Мұхаммед Қоңқаев алды. Әттеген-айы – Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғады. Былтыр Солтүстік Қазақстанның атынан шығып екінші орын алған. Қуандық.
Ақындық жаратылыстың жұмбағы, табиғаттың тартуы екенін білеміз. Әйткенмен, талапты, талантты айтыскер ақындарды қалай тәрбиелеуге болады. Сіз қалай ойлайсыз?
Мерген ТОҚСАНБАЙ,
Мағжан Жұмабаев атындағы
АОӘҒК директорының орынбасары.