Белгілі қаламгер, жазушы-тарихшы марқұм Амантай Сатаевтың соңында біраз әдеби мұрасы қалды. Қаламгердің қазақтың талантты ақыны, Алаш қозғалысының белсенді өкілі Мағжан Жұмабаевқа қатысты эссесін орысшадан қысқаша аударып беріп отырмыз. Амантай Сатаев бүгінгі белгілі кинорежиссер Ақан Сатаевтың әкесінің ағасы.
Мағжан Жұмабаев пен орыс ақыны Осип Мандельштамның жақын таныс болғаны жөнінде өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында маған алғаш рет жазушы Зейін Шашкин айтқан еді. (Осип Мандельштам–ХХ ғасырдағы орыс поэзиясының ірі өкілі, 1938 жылы Қиыр Шығыста айдауда жүріп қайтыс болған).
…1934 жылы Шашкин Мәскеудегі баспа-редакция институтына оқуға түседі. Кейін бұл оқу орны жабылып қалған, не болмаса тарих, философия және әдебиет институтына қосылған секілді.
Зейін аға КСРО жазушыларының І съезіне қызу дайындық жүріп жатқан кезде, Мәскеудегі әлде Тверь, әлде Воровской көшесіндегі үйлердің бірінің
ауласында әпенділеу бір адаммен ойда жоқта жолығысып қалғаны жөнінде асықпай әңгімелей бастады. Әлгі адамның сырт бейнесі де біртүрлі екен: шалқая біткен тәкаппарлау басын төмен қарамасын деп әдейі орната салған секілді, екі көзі бұлттардан әрі асып, ғарыш әлемінен бірдеңе іздеп жүргендей, сонау шырқау көкке тігілген…
Әлгіге жай ғана көз тастап, әрі қарай жүре берген Зейінді «Ай, казах!» деген дауыс тоқтатады. Таңқалдырғаны, оның орыстарға тән әдетпен «ей» деп емес, «ай» деп тіл қатқаны. Қазақтар өздеріне етене таныс адамдарға ғана осылай дейтін. Зейін тоқтап, мойын бұрады.
–Сен қазақсың ба? Өзім де солай ойлағам, сен қазақ шығарсың деп және біздің Магаға аздап ұқсайды екенсің.
–Қандай Магаға?–дейді түкке түсінбеген Зейін.
–Сен не, Мағжан Жұмабаевты білмейсің бе?!–деп сұрайды «әпенді» кісі енді бұған сәл қабақ түйе қарап.
–Мағ… Мағжан… Әрине, білем, бірақ кездеспеп едік…
–Таң қалам!–деді әлгі адам, – оны бәрі де біледі, бірақ тек аты-жөнін ғана. Солай ма?! «Басы аспанға қараған» әлгінің дауысы бұрынғыдан да қатқылдау шықты.
–Сіз өзіңіз кім боласыз?–деді сұрап үлгерген Зейін.
–Мен Мандельштаммын. Байқаймын, сен біздің Маганың атын атауға да қорқатын сияқтысың… сау бол, қазақ,–деген «әпенді» өз жөніне кете барады.
Зейін осыдан кейін бұл адамды Мәскеуде қайтып кездестіре алмапты. Бірақ, Мандельштам деген сирек кездесетін фамилиясы есінде біржола қалып қояды. Зейінді таң қалдырған оның фамилиясы емес, сол кезде екінің бірі айтуға батылы бара бермейтін қазақ ақынының атын қорықпай атауы еді. Зейін осылай күтпеген жерден Мағжан есімін Мәскеудегі орыс ақыны Мандельштамның аузынан естіген еді.
Зейін аға сәл ойланып қойып, арасында жөтел қысып алқынып, ұзақтау үзілістер жасап, әңгімесін әрі қарай жалғады.
–Қазір қай жерде екені есімде жоқ, Мәскеуде оқуда жүргенімде ме екен, әлде Колыма жақта айдауда жүргенде ме… Бір әдебиетші Ленинградтан ба, болмаса Одессадан ба, өте құпия түрде Мандельштамның бір қазақ ақынымен дос болғанын айтып еді. Және ол Мандельштамның Мағжанға арнаған екі жол экспромтын да айтқан. Соның бір жолы ғана есімде қалыпты, былай еді: «Ну что, Магазин Дукенович, на улице темно?». Мен дереу әлгі әдебиетшіні түзете бастадым: «Магазин Дукенович емес, Мағжан Бекенович. Иә, бізде ондай ақын болған фамилиясы – Жұмабаев». –Шамам келгенше оған Мағжан туралы түсіндіріп жатырмын, ол маған Мандельштамның кім болғанын айтады. Осындай әдебиетке қатысты әңгімелермен біздер Колыманың казармаларында тайганың ұзақ та аязды түндерін қысқартатынбыз, – деп еді Зейін аға.
Қайнекей Жармағамбетовтың Мағжан туралы естелігі.
Мағжан және Мандельштам есімдерімен мен екінші рет жетпісінші жылдардың басында қайтадан кез болдым. Ол кезде Қазақстан Жазушылар одағының аппаратында қызмет істеуші едім.
Бірде белгілі қоғам қайраткері, қаламгер Қайнекей Жармағамбетовпен кездесе қалдым. Ол кісімен тағы бір белгілі проза шебері Ғабдол Сланов дос-жар адамдар екен. Сол арада Қайнекей аға бізді үйіне шақырып, ертеректе Семейде шыққан «Абай» журналын көрсетпекші болды. Бүгінгі Абылайхан мен Абай көшелерінің қиылысындағы пәтеріне бардық. Бойдақ адам тұратын үйдің жайы белгілі, жинаусыз жатыр. Бірақ, кітап көп екенін байқадым. Сол уақытта оқуға тиым салынған басылымдар көзден таса, бөлек тығулы екен. Қайнекей бізге революцияға дейін шыққан «Айқап», «Абай» «Шура» журналдарының кейбір даналарын көрсетті.
Кенет Қайнекей аға кітап сөресінің ең түкпіріне қолын сұғып, жұқалау бір кітапты алып, Ғабдолға ұсынды. Кітаптың сыртындағы «Шолпан», 1912, Қазан» деген жазу көзіме оттай басыла кетті.
–Апырмай, Қайнекей, кітапханаң айтарлықтай-ақ екен, –
деген Ғабдол аға сосын маған сынай қарап: – Мағжан деген ақынды естіп пе едің? – деп сұрады.
Мен ол кісіге Мағжан есімі бала күнімнен таныс екенін, себебі, әкемнің ағасы Абақан Қызылжарда Мағжан директор боп тұрған мұғалімдердің қысқа мерзімді курсында тыңдаушы болғаны үшін зардап шеккенін айттым. Және Мағжан 1936 жылы айдаудан босап, туыстарын аралап елге келгенде, Степняктағы мұғалімдер дастархан жайып, Абақан ағам бірге болған екен.
…Екі қаламгер ағаммен кездескен мен сол арада шынымды айтсам, төбем көкке жеткендей болып отырмын. Себебі, Мағжан ақынның ең бірінші өлеңдер жинағын, «Абай» журналын көзіммен көрдім. Бұлар ол кезде қолға түспек түгілі, айтуға болмайтын дүниелер, сол үшін айдалып кетуің де оп-оңай еді.
Біздің сөзімізді үнсіз тыңдап отырған Қайнекей аға Мағжанның кітабын қолына алып:
–Мағжанның түбіне жеткен өзіміздің қазақтар ғой. Мәскеу оны төбесіне көтеріп еді. Бұл сол кездегі қазақ автономиясындағы көп адамдарға ұнай қоймады. Сосын әдебиеттегі шенеуніктер ақынға қарсы өздерінің байлаулы төбеттерін босатты… Бір таң қаларлығы, Мағжан да бір кездегі Шоқан Уәлиханов секілді орыс интеллигенциясының ішінен жарқын тұлғаларды қапысыз тани білген. Ол Валерий Брюсовпен, Сергей Есенинмен, Осип Мандельштаммен, Всеволод Рождественскиймен таныс болған. Сол кездегі жас ақын Михаил Светловпен жақын араласқан. Орыс классиктерінен – Мамин-
Сибирякты, Максим Горькийді, Ертіс бойынан шыққан жерлесіміз Всеволод Ивановты аударған, – деп біраз әңгіменің басын қайырып тастады.
Мәскеуде комсомолдың жоғары мектебінде оқыған Қайнекей бос уақытының бәрін КСРО Жазушылар одағының ғимаратында өткізеді екен. Сол жердегі газет, журнал редакцияларына барып тұрады. Өзі кісімен тіл тапқыш Қайнекей көптеген орыс ақындарымен шүйіркелесіп, кәдімгідей жақын араласа бастапты. Олар да мұны бауырына тартып, «Казах Кано» деп өздерінше ат қойып алады. Бұлай деп алғаш атаған Михаил Светлов екен. Екеуара ұзақ-ұзақ әңгіме үстінде ол Светловтың сол кезде аттарын атауға болмайтын біраз қазақ ақындарын танитынына таң қалады.
Әңгіме бірте-бірте орыс поэзиясында «күміс ғасыр» атанған жиырмасыншы жылдардың ортасындағы әдебиет тарихына ауысады. Ол уақытта Светлов Брюсов институтында оқыған екен. Сол бір кездерді әңгімеге өзек еткен Михаил Аркадьевич Мағжан туралы біраз оқиғаларды еске алады.
–Мен сендердің Мағжан Жұмабаев деген үлкен ақындарыңды білуші едім. Оны Брюсовтың өзі мақтайтын. Небір атағы бар, қыңыр мінезді орыс ақындарының өзі оған жол беретін. Осип Мандельштам: «Осы бір дала ақынның Пегасы әрқашан ерттеулі. Қараңдаршы, ол адам емес, кентавр секілді. Оның астында поэзияның арғымағы ойнақ салады», – дейтін. Мағжан орыс ақындарымен араласа бастағанда, Мандельштам оны «Маг» деп, ал мен «Жан» деп атадым. Ол бізге қаржылай көмек те жасап жүрді. Кафелер мен трактирлердегі шығынның бәрін ол өзі көтеретін. Мағжанның мынадай бір әдеті де есімнен кетпейді. Осип Эмильевичті көргенде, дереу оның:
«Я больше не ревную,
Но я тебя хочу.
И сам себя несу я,
Как жертву палачу.
Тебе не назову я
Ни радость, ни любовь.
На дикую, чужую
Мне подменили кровь» –
деген өлеңін оқи жөнелетін. Мандельштам: «Как наш Маг магически читает мои стихи!» – деп, бұған балаша мәз болатын еді.
Шынында да Мағжан кез келген ақынның өлеңдерін сондай шеберлікпен оқитын. Ол тағы да Мандельштамды құшағына алып, сыбырлай оқиды:
«Поедем в Царское село!
Там улыбаются мещанки,
Когда гусары после пьянки
Садятся в крепкое седло…
Поедем в Царское село!
Одноэтажные дома,
Где однодумы–генералы
Свой коротают век усталый,
Читая «Ниву» и Дюма…
Особняки – а не дома!».
–Маг, Құдай біледі, осы өлеңді жазған мен емес, сен секілдісің, – деген Мандельштам бізді жақын маңдағы трактир, кафелердің біріне бастай жөнелетін.
Бірде дәмханадағы бүкпесіз әңгіме үстінде атақты «Гренада» мен «Каховканың» авторы Михаил Светлов Қайнекейге:
–Сендердің үлкен ақындарыңа арнаған Осип Эмильевичтің алты жол экспромты туралы айтсам, қалай қарайсың?
Бұған Қайнекейдің қуанғаны соншалық, даяшыны шақырып, дереу грузинның «Телиани» шарабына тапсырыс берді. Кенет Михаил Аркадьевич сәл ойланып, сыбырлай сөйлеп:
–Былай келісейік, ешқандай қалам мен блокнот дегенді қолыңа алма. Жазуға болмайды. Алты жол өлеңді өзбектер айтқандай «кәлләңә» сыйғыза алмайсың ба? Менің курс-
тасым Мағжан мен Мандельштамның шығармаларымен қазір ойнауға болмайды. Сондықтан, естігеніңді миыңа жазуғы тырыс, – деген Михаил Аркадьевич әңгімесін бастады.
–Жасыратыны жоқ, Мандельштам туысқан республикалардан шыққан әдебиетшілерге сәл жоғарыдан қарайтын еді. Бірақ, бір таңқаларлығы, өзі Жұмабаевтан екі жас үлкен бола тұра, оны ұстазы секілді құрметтейтін. Екеуі «Стойло Пегаса», «Домино» деген ақындар бас қосатын кафелерде жиі жолығысушы еді.
Бірде бір топ адам кафеде ұзақ отырып, түн ортасы ауғанда шығады. Көше тастай қараңғы. Ол кезде Мәскеудің көшелерінде жарық болмайтын. Бәкене бойлы, әлжуаздау Мандельштам қазақ ақынын қолтығынан алып:
«Ну что, Магжан Бекенович,
На улице темно?–дейді.
Мағжан басын әнтек көтеріп, жұлдызды аспанға қарап, әрі қарай жалғап әкетеді:
«Чудовищна, – как броненосец в доке,
Россия отдыхает тяжело».
–Керемет өлеңдер жазады осы Осип – Хлестаковтың қызметшісі, ә?–деп қояды сосын Мандельштамға қарап әзілдеп.
Мандельштам қалт тоқтап:
«Стоп, Магжан Кукенович,
Под ногами дерьмо…».
Мағжаннан бастап, барлығы аяқтарының астына қарайды. Ештеңе байқалмайды.
Мәз болған Мандельштам әрі қарай жалғайды:
«Пойдем, Магжан Кукенович,
Нам-то все равно…».
–Мандельштам экспромттың шебері болған сияқты ғой?
–Болғанда қандай! Кейде шабытқа мінгенде қазақтың ақыны секілді, босаған шишаны домбыра секілді көлденең ұстап, ұйқасын келтіріп, әндете жөнелетін. Мандельштам Құдайдың өзі жаратқан ақын еді. Не керек, Мағжан секілді, оның да «қаламдас достары» түбіне жетіп тынды. Әдебиеттегі оңбағандар мен рухани құбыжықтардың жүрмейтін жері жоқ қой, олар әлі де тынышталар емес… Осы «рухани құбыжықтар» деген сөзді Мағжан жиі қайталауды ұнататын. Біз оның өмірдегі кейбір құбылыстарды бір ауыз сөзбен дәл бейнелейтініне таң қалатынбыз.
…Барлығы осы Мандельштамның Мағжанға арнаған алты жол экспромтынан басталған секілді. Уақыт өте келе Мандельштам осы экспромттың негізінде өзінің белгілі «Жил Александр Герцович, еврейский музыкант» атты өлеңін жазады. Оның астындағы датасы – 1931 жыл, 27 наурыз. Бұл уақытта Мағжанның аты-жөні кеңес әдебиетінен біржола өшіріліп, өзі айдаудың қамытын киіп, түрмеден-түрмеге көшіп жүрген.
Екі ақынның екеуі де екі реттен сотталған, екеуі де кеңес билігінің қуғын-сүргініне аяусыз түскендер. Екі ұлттың екі түрлі екі ақыны шығармашылық тұлға ретінде тағдырдың тауқыметін тең бөліскен секілді.
Ұзақ жылдар бойы Мағжанның атын атауға, ол туралы жазуға болмады. Осыдан шығар, Мандельштамның әйелі Надежда Яковлевна өзінің естеліктерінде Лубянканың (түрменің) дәлізінде азап көріп, үсті-басы қанға боянған бір «қытайлықты» көргенін жазады. Мүмкін Надежда Яковлевна осы бір ғана штрихпен күйеуінің досы, қазақтың ұлы ақынының бейнесін жадында қайтадан оятқысы келген шығар. Ол Лубянканың дәлізінде көрген «қытайлық» туралы жазғанда, осыны ойлады ма екен, кім білсін. Себебі, қытайлық деген сөз тырнақшаға алынып жазылған. Себебі, бұл адамдар тыныс белгілерін қалай пайдалануды білген ғой…
Орысшадан қысқартып, еркін аударған
Сайлау БАЙБОСЫН.