Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кісілігі бір бойына жарасқан - АРҚА АЖАРЫ

Кісілігі бір бойына жарасқан

Ақмола облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Кеңес Рахметұлы Бекішевтің
өнегелі де ғибратты өмір жолы жайлы сыр

Туған жер еске түскенде бүйрегі бүлк ете түседі. Жауқазын кезінен жадына жатталып қалған әдемі суреттер. Жақсы ауданына қарасты «Есіл» кеңшарының бөлімшесінде, шоқ жұлдыздай шағын ғана ауылда дүниеге келген. Әкесі Рахмет ғұмыр бойы мал баққан, адал еңбегіне сүйенген абзал адам еді.

Ұлы Отан соғысының ардагері. Сұм соғыста сан мәрте жараланған. Қаншама қиындықты бас-
тан кешіп, денсаулығына кінәрат жұқтырып, қажығанымен, бейбіт өмірде ауыр еңбектен қашқан кезі жоқ. Ол кездегі мал шаруасы қандай ауыр. Бейнеті бесбатпан. Бірақ, адал еңбекті мұрат тұтқан ақсақал ақ таяғын қолынан тастамады. Анасы Шәкет отағасының көмекшісі, оның үстіне жарық дүниеге жеті бала әкелген абзал ана. Екеуі жарты ғасыр бойы шай деспей, тіршілік кешті. Шаңырақтарында ынтымақ пен өзара түсіністіктің нұры шалқып тұратын. Тіпті, бірін-бірі жақсы көргендері сондай, мәңгілік сапарға да бірге аттанды. Бір күнде.
Ауыл Есіл өзенінің жағасында еді. Қай тарапқа көз салсаң да, ұшы-қиыры жоқ кең дала. Ел іргесінде есіліп ағып Есіл өзені жатыр. Төңірек толы түбек, ит тұмсығы өтпейтін тоғай. Ерте көктемде қар суына мелтектеп ентігіп аққан Есіл өзені жағалаудан асып шығып, әлденеше шақырым жерге жайылар еді. Ойдым-ойдым қара сулар қара қарғаның миы қайнайтын шілдеге дейін тұнжырай тұнып жататын. Су қайтқан соң шөлі қанған дала төсіне қаулап мың сан шөп өсетін. Ауыл балалары осы өзеннің жағасында жаз бойы суға түсіп, көбелек қуып, балық аулап, қызыққа кенелетін. Жалғыз ойын ғана емес, спортпен де айналысты.
Шағын ауылда сексенге жуық отбасы түтін түтетті. Жалғыз жергілікті ұлт өкілдері ғана емес, орыс, украин, неміс, ингуш, татар, молдаван және басқалары. Көпұлтты болғанымен, келісім мен ынтымақ мықты еді. Барлығы тату-тәтті тұрды. Бұлардың шаңырағында жеті перзент өсіп жетілді. Барлығы да жоғары білім алып, өмірден өз орнын тапты. Үлкен ағасы Әнуарбек Қарағанды педагогикалық институтын бітірген соң бар өмірін туған ауылында өткізді. Әуелі мұғалім, кейін мектеп директоры болды. Он бір бала тәрбиеледі. Тыныштық пен Нұркен апалары Қима мен Запорожье елді мекенінде тұрады. Олар да ынтымақты, үлкен отбасылардың ұйытқысы.
Біздің кейіпкеріміз Кеңес Рахметұлы болса босағасына береке байланған отбасындағы төртінші перзент. Кеңестен кейін өкшесін басып інісі Омарбек пен Бибі және Көпеш тәрізді екі қарындасы өсіп жетілді.
Бөлімшеде небары төрт сыныптық мектеп болды. 6-8 сыныптарды кеңшар орталығындағы білім ошағында оқыған болатын. Бұл мектепті бітірген ауыл балаларының алдында негізінен екі жол болатын. Біріншісі орта мектепте білімдерін жалғастыру, екіншісі әртүрлі орта оқу орындарында оқу. Кеңес Рахметұлы Атбасар қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын таңдады, мамандығы техник-механик. Техникумнан кейін Ленинск қаласындағы әскери бөлімшеде міндетін атқарды. Взвод командирі болды. Сол кездегі бірге қызмет атқарған достарымен арада көп жыл өтсе де байланыстарын үзген жоқ. Мәселен, Сырғабай Өмірбеков Тараз қаласында тұрады. Ал, Жәкен Есенбаев қазір Щучинск қаласында.
Әскери міндетін өтеген соң туған топырағына оралған. Әуелі механизатор болды, кейін талабы зор жас жігіт қатарынан сегіз жыл бойы бригадир болып жұмыс істеді. Табысы тасада қалған жоқ. 1973 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Кейін өндіріс озаты Алматы қаласындағы төрт жылдық жоғары партия мектебіне жолдама алды. Мектеп бітіргелі біраз жыл өтіп кеткен, сондықтан, мұқият дайындалуға тура келді. Талай түндер кірпік ілмей білім теңізіне сүңгіді. Қиындық көп болғанымен, қажыр-қайрат та қаптал жетіп жатқан. Өйткені, алға қойған мақсаты биік, міндет жүгі де асқаралы. Асылында, болашаққа деген мол мұрат қолтығынан көтеретін қос қанат тәрізді арман аспанында самғатты. Ол кездегі жоғары партия мектебінің оқушыларының қайсыбірі үйленіп те үлгерген, отбасылы, балалы-шағалы. Сондықтан, оқумен бірге күнкөрістің қамын да ойлау керек. Кейбіреулер күзетші, кейбіреулер көше сыпырушы болып та істеді. Оған арланған жоқ. Арланатын несі бар, ол да еңбек емес пе? Жоғары партия мектебінде де үздік оқыды.
Кейін ауданда, облыста жұмыс істеп жүрген кезінде Алматы халық шаруашылығы институтын сырттай оқып бітіріп алды. Мамандығы экономист. Көкшетау қаласындағы «Әділет» жоғары құқық мектебін 55 жасында бітіріп, диплом алды. Мұның барлығын жіпке тізгендей етіп айтып отыруымыздың себебі, Кеңес Рахметұлының бойындағы білімге деген ынтызарлықты көрсету. Осы ынтызарлық арқылы өзінің бауыр еті балаларына ғана емес, былайғы жұртқа да анық үлгі-өнеге бола алады.
Жан жары Бижамал екеуі 47 жыл бірге тіршілік кешіп келеді. Екеуі де Есіл өзенінің жағасындағы бәз баяғы кішкентай ауылдың түлектері. Сәл анықтай кетсек, Бижамал жеңгей көршінің қызы.
Ғұмыр бойы ақырын жүріп, анық басып, кісі баласына қылдай қиянат етпеуге тырысқан Кеңес Рахметұлы ұл-қыздарын да адалдық пен ізгілікке тәрбиеледі. Жолдастыққа мықтылығы да сол, тұңғышы Қуанышының есімін досы Қуаныш Қамбатыровтың құрметіне қойды. Баяғыда Атбасар қаласында техникумда оқып жүрген кезінде уәде берген болатын. Өзі сөзінде тұрғанымен, қазіргі күні Астанада түтін түтетіп жатқан Қамбатыров мырза уәдесін орындай қойған жоқ. Бірақ, оған қарап достықтың алтын арқауы үзілген емес.
Ертеректе бала кезінде әскери адам болуды аңсайтын, олардың тал шыбықтай сұңғақ бойы, әдемі киім киісі, сымдай тартылған кескін-келбеті жан жүрегін баурап алатын. Бірақ, ол арманы орындалмаса да, сол балауса шақтағы балдырған үмітті тұңғыш ұлы Қуаныш ақтады. Ресейдің Челябі қаласындағы жоғары командалық танк училищесін 1988 жылы бітіріп, әскери қызметке кірді. Қазіргі күні полковник дәрежесінде. Алғашқы білім ошағынан кейін де екі жоғары оқу орнын аяқтаған ұлы Отанға адал қызмет етіп жүр. Одан кейінгі ұлының атын Алаштың аты аңызға айналған батыры атақты Шақшақ Жәнібектің құрметіне ырымдап Жәнібек деп қойған. Сол Жәнібегі Алматы қаласындағы заң инс-
титутын бітіріп, Қарағанды қаласында жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросында жұмыс істейді. Аға лейтенант.
Жалғыз қыздары Шынар Көкшетау қаласындағы экономика және менеджмент институтын бітірген. Өмірден өз орнын тауып, өрісін кеңейтіп отыр. Кенже ұлы Азамат екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген маман, қазір ата жұрт – Жақсы өңірінде жол құрылысымен айналысады.
Алматыдан оралған соң Қима аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет істеді. Екі жылдан соң «Госкомсельхозтехника» аудандық бірлестігінің партия ұйымының хатшысы әрі бас инженері болып еңбек етті. Бұл көптарапты кәсіпорын болатын. Жұмысқа білек сыбана кіріскен соң алдындағысын еңсеріп, ел көзіне ілікті. 1985 жылы Қима аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Ырысты Сариева жұмыс істеген болатын. Өте талапшыл да әділ, әрі айрықша сауатты адам. Хатшыдан үйренгені көп болды. Арада бірер ай өткен соң хатшы шақырып алып, ауыл шаруашылығы ұйымының кәсіподағына басшылық жасауды ұсынды. Оның үстіне аз уақыттан соң өзге жұмысқа ауыстыруға уәде етті. Арада төрт ай өткен соң Ырысты Халесқызы Қазақстан Орталық Партия Комитетіне қызметке ауысып кетті. Сөйтіп, Кеңес Рахметұлы осы салада қала берді. Бүгінде қарап отырса, табаны күректей отыз екі жыл өткен екен. Бірақ, ғұмырын осы саламен байланыстырғанына ешбір өкінген емес. Егер жаның сүйіп атқарған жұмыс барысында жаны жабырқап жүргендерге, қамқорлықты қажет еткендерге титімдей шарапатың тисе, ғанибет емес пе?! Жан жүрегімен аялау да, тарыққанды демеу де алдымен арлының ісі. Адамгершілік ажарың, кісілік келбетің ең алдымен осындайдан байқалып тұрады. Ауданда кәсіподақ саласында бес жыл еңбек еткен кезде 1988 жылы Торғай облысы жабылып қалды. Облыстың бес ауданын Целиноград облысына қосты. Ал, 1990 жылы Торғай облысы қайтадан ашылған кезде осы аудандар кейін қайтарылды. Бес ауданның өкілдері Кеңес Рахметұлын ауыл шаруашылығы облыстық кәсіподағының төрағасы қызметіне ұсынды. Бұл тұста кәсіподақтың беделі айта қаларлықтай еді. Целиноградта Давид Габриэль қызмет істейтін. Ал, Қостанай облыстық кәсіподағын бұрынғы бірінші хатшы Г.Лопатин басқаратын. 1990 жылдың қазан айында Арқалық қаласында ауыл шаруашылығы облыстық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыру конференциясы өткізіліп, баламалы негізде төрағалық қызметке сайланды. Арада бес жыл өткен соң Торғай облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бұл 1995 жыл болатын. Дәл осы жылы барлық салалық кәсіподақтар біріктірілді. 1997 жылы Торғай, Көкшетау облыстары әкімшілік-аумақтық өзгеріске ұшырады. Торғай облыстық кәсіподақтары таратылған соң арада төрт ай өткен соң Ақмола облыстық кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары болып сайланды. Бұл қызмет сайланбалы болғандықтан, ел сенімі деп айтуға әбден негіз бар. 1999 жылы сәуір айында Ақмола облысы Көкшетауға көшірілді. Осы бір қарбаласы көп қиын-қыстау кезеңде саланың саңлақ қызметкерлерінің біріне айналған Кеңес Рахметұлына зор сенім артылып, облыс кәсіподақтарының жетекшілігіне сайланды. Бүгінде облыстық кәсіподақтар ұйымы жүз мыңнан астам мүшелері бар іргелі де ауқымды ұйым.
Ұзақ жылғы адал да абыройлы қызметі ескеріліп, «Құрмет Белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Ел құрметі өз алдына. Туған Отанына бойындағы бар білімі мен білігін, қажыры мен қайратын аямай жұмсап қызмет етіп келе жатқан Ақмола облысы кәсіподақ орталығының төрағасы Кеңес Бекішев әлі де сара жолдан таймай, әуел баста өзі қалаған салада еңбек ете бермек.

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар