Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қорғалжын сағынады есіркебін!.. - АРҚА АЖАРЫ

Қорғалжын сағынады есіркебін!..

1964 жыл. Сарша тамыз айының соңғы күндері. Қорғалжын. Мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясы. Жиынның алғашқы күні аяқталар кез. Мәдениет үйінің алды сапырылысқан халық. Кенет: «Биыл педучилище, пединститут бітірген ұлдар, менің қасыма келіп, сапқа тұрыңдар!», – деп бұйыра сөйлеген дауысқа елең еттім. Себебі, сол жылы ғана Ақмола педучилищесін бітіріп, туған жерге оралған бетім еді.

Екі иығына екі кісі мінгендей, зор денелі, балуан тұлғалы, еңсегей бойлы жігіт ағасы саңқылдап тұр. Имене басып, қасына келіп тұрдым. Лездің арасында он шақты «ұлдар» жинала қалдық. Анадай жерде тұрған жүк машинасының кузовын нұсқап: «Отырыңдар!» – деді.
Ойда ештеңе жоқ. Келесі бір іс-шара бар шығар деп тұрмыз.
Ағамыз кабинаға жайғасты. Нұра өзені үстінен өтетін ағаш көпірді басып, алға жылжып келеміз (өткенде баласы Нұрланнан сұрағанда, «жарықтық» әлі орнында деді…).
Иә, сол «жарықтықтың» үстінен өтіп, сол жаққа бұрылып, аэропорт үйі жанымен, хуторды артқа тастап, Нұра бойындағы түбекке жеттік. Кабинадан түскен аға, біздерге де түсуге белгі берді. Ал өзі шопырына әлденені айтып жатты. Серігі дәу қара сөмкені көтеріп, жетті. Көгалға көрпеше жайылды.
– Ұлдар! Алшынбаев (завроно) конференциясының бірінші күні өтті. Енді, Есіркеп Тәжиннің конференция-
сы басталады, – деді аға күлімсіреп.
– Әй, сендер, осы «ерулік» дегенді білуші ме едіңдер? – деп бізге қарады.
– Ептеп «саңылауымыз» бар ғой. «Білеміз…» деп міңгірлеп жатырмыз ол жылдардағы «сарыауыз» балапандар.
– Білсеңдер, мен сендерге ерулік беріп жатырмын! Осыны ұғыныңдар!..
Ағамен алғаш осылайша қауышқан едік.
Содан бері талай жылдар артта қалды. Нұрадан қаншама су ағып, Теңіз көліне (фламинго отаны) құйылды. Бір кездердегі «сарыауыз» балапан – біздер де ат жалын тартып мінгелі қашан, «жетпіс» дегеннің жотасына шықтық.
Есағаң туралы «жазсам» дегелі біраз болды. Қорғалжындықтар жиылған ойын-той болсын, тіпті, Құдайы астарда да Есіркеп Тәжинді еске алмай кету деген «күнә» іспеттес. Есағаң көзі тірісінде-ақ аңызға айналып еді. Оның әйгілі: «Коммунизмді күтіп жүрсек, оның өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз», – дегені Ақмола өңірінен шығып, шалғайларды шарлап кеткелі кашан? Афоризмге де айналып үлгерді.
Таяуда атбасарлық азаматтармен дәмдес болуға тура келді. Үзілісте Есағаңның есті сөздерін өзара әңгімелеп жатыр. Біз білетін әзіл-қалжыңның кейбіреуін өңін айналдырып. Бұл, әрине, аңыздың табиғатына тән қасиет.
Есағаң кішкентай Нұрланын ертіп Алматыға бармай ма? Ауылға да қайтатын мезгіл. Аэропортқа келсе, «кезек» дегенің қырғын. Сонда ғой Есағаң кезегі келіп қалған қазақ жігітіне: «Әй, бажа маған да екі билет ала шықшы», – дейтін көрінеді (Ал, атбасарлықтарға «бажа» «бөлеге» айналып кетіпті). Билет алып шыққан анау: «Жігітім, осы біз қалай бажа боламыз?» десе керек. Есағаң еш ойланбастан: «Әйелің қазақ па?» – депті. «Иә» деген жауапты естіп, «менің де әйелім қазақ», – дейді. Бірдеңені түсінсе керек, анау қарқылдап күліп жіберіпті…
Ал мені жазу керек деген ой баурап алды. Осы ой қолға қалам алдырып, жазу үстеліне алып келді.
Айналасына шуағын шашып жүретін Есағаң туралы аңыз-әңгіме қаншама?! Солардың бірер парасына үңілейік. Қорғалжындық балалар ақыны, марқұм Ермек Өтетілеуов «Балдырғанда» бірге істеп жатқан суретші досым Сашаны Есағаңмен таныстырған күні сыра-пыра ішіп, біраз жерге барыппыз. Ертеңіне ауырлап отырған едік, бөлмеге Есағаң кіріп келді де:
– Иә, досым, Сашка, қалай башка? Саған керек кампремонт, жүр бәрін таста! – деп өлеңдете жөнелгені. Сашка көзі жайнап жүре берді.
Бірде, күздің лайсаң күндері Есағаң, жанында бәкене бойлы марқұм Санақ досы бар, көшеде келе жатады. Көше жарығы мардымсыз. Сүрініп кетсең, үсті-басың былғаныш болады. Сонда Есағаң:
– Әй, Санақ! Байқас бол, шалынып кетпейік! – дейді ғой.
Мінезі шәлкес Санақ: «Өзің неге байқас болмайсың?» – десе, Есағаң: «Сен менен гөрі жерге біртабан жақын емессің бе?!» – депті…
«Қорғалжын» ауданындағы «Аманкелді» жетіжылдық мектебінің директоры Есіркеп Тәжин бес-алты жылдан бері әдебиетпен айналысып келеді. Оның ауыл өмірінен жазған әңгімелері «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» мен облыстық газеттерде үзбей жариялануда. Есіркеп жақында Қазақстан Жазушылар одағының пленумына қатысты. Астана жазушылары Е.Тәжиннің еңбектері туралы жылы пікірлер айтты. Тәжин өз туындыларында үнемі сын көзімен қарап, оның көркемдік, идеялық дәрежесінің ойдағыдай шығуына ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, геройлардың ішкі жан дүниесін сезімге толы, оралымды, кестелі тілмен ашу ерекшелігі Есіркеп шығармаларынан бірден байқалады. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде жас жазушы Е.Тәжиннің «Гүлжан» әңгімесін қысқартып жариялап отырмыз», – деп жазыпты 1961 жылғы жұма күнгі бір санында Целиноград қаласында шығатын «Тың өлкесі» газетінде.
Ал «алғашқы тырнақалды «Балгер мен дәрігер» әңгімесі 1955 жылы «Советтік Қарағанды» газетінде жарияланды» деген жазуға Есағаңның жеке мұрағатына үңіліп отырғанда көзім түсті.
1978 жылы «Сұңқар қияға самғайды» әңгімелер жинағы «Жалын» баспасынан жарық көріп, әдеби-мәдени орта жылы қабылдады. Бұл туралы 1982 жылғы әдеби жыл қорытындысында айтылғаны да есте. Қуанышты хабар сол жылы 2 қарашада «Қазақ әдебиеті» газетінде «Әдебиет мерейі – шыншылдық пен шеберлік» деген атпен жарияланды.
Қаламгер ағамыздың Алматы – астананың сөз зергерлері: Әбу Сәрсенбаев, Өтебай Қанахин, жақын досы Әнуарбек Дүйсенбиев, Тоқаш Бердияров, Садықбек Адамбеков, Шәміл Мұқамеджановтармен тығыз әдеби қарым-қатынаста болғанын өзара жазысқан хаттары айғақтайды.
Есағаң тұсында қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүрді.
1957 жылы «Лениншіл жас» газетінің редакциясында бір топ жас тілшілер бас қосып, өңір журналистикасын талқылапты. Оның жуан ортасында Е.Тәжин болған және осы басылымда суреттері беріліпті. Ортада – Есағаң.
1960 жылы ағарту, жоғары мектеп және ғылым мекемелері қайраткерлері кәсіпшілер одағының республикалық конференциясына қатысып, әріптестерімен ой белісіпті.
Әрине, 1958 жылдан КСРО Журналистер одағының мүшесі Есіркеп Тәжин қаламынан туындаған саны да сапасына лайық мақалалары бір жосын. Тақырыбы әр алуан.
Қорғалжын аудандық «Шамшырақ нұры» басылымының 1955 жылғы санында: «Жас тұлпар» ауданымыздың 13 совхозында 28 концерт көрсетті. Мұрат Әуезов 1962 жылы Мәскеуде ұйымдастырған бұл коллективтің бар-жоғы 14 мүшесі бар іргелі ұйымға айналыпты», – деп Есағаң көсіле жазыпты.
Ұжым құрамындағы жас жігіттер Болатхан Тайжан, Мақаш Тәтім қорғалжындықтар алдында қызықты да мазмұнды лекциялар оқығанына Е.Тәжин ағамыздың мақаласын оқып барып қаныққанбыз.
Әрине, Болатхан Тайжан болашақ ірі дипломат, қоғам кайраткері, Мақаш Тәтім айтулы демограф-ғалым боларын сол кезде Есағаң бағамдай алмаған болар. Ал олардың сол кездегі халықтың мұң-мұқтажын ашуға жанталаса кіріскендерін қаламгер бағамдап үлгерген. Үлгерген де осы мақаланы өмірге алып келген.
1969 жылы 4 сәуірде аудандық «Шамшырақ нұры» газетінде жариялаған «Асыл қазына, бай мұра» мақаласын әлем әдебиетінің алтын қазынасына қосылған Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының мерейлі кезеңіне арнапты.
Жанына жақын қарапайым ауыл адамдарының тіршілік-тынысы ардақты азаматтың қалам нәріне айналған. Осындай бір мақаланы оқи бастадым.
«Құдайым-ау! Мына кейіпкері жаз болса күнде бізбен асық ойнап, ұзақты күн Қарегіннің көлінен шықпайтын, бір-ақ күнде балалықты тәрк етіп, жетіншіні бітірер-бітірместен велосипедінің рөлін трактор рөліне айырбастай салған қыршын досымыз Жағыпар ғой! Досымыз өте аяулы, аңқылдаған жан еді. Қыстың қақаған аязында жалаңаш қолымен мұздай кілтпен алысып жатқанын талай көруші ек».
Жасын тағдырын сезді ме екен, қаламгердің бұл түйсігі де бізді елең еткізді…
Дала азаматтарының бәрі – Есағаң нысанасы. Қазақша сөйлегенде, мақалдап-мәтелдеп сөздің дәмін келтіретін, талай қазақтың таңдайын қақтырған, езуінен бір сәт те күлкі кетпейтін атақты механизатор Виктор Штенгауэр… Қысы-жазы алыс рейстерде жүретін, ел елеген еңбекқор Мырзабай. Оның жолын тосып, тағдыр сыйы солай болар, күндіз-түні екі көзі төрт болып күтіп отыратын бізбен сыныптас – Тындым келіншек. Бойды шымырлатар дүниелер…
Баршын. Кезекті тамыз конференциясы. Үзіліс. Құрдастар өзара әзілге басып, әңгіме көрігін қыздыра түсуде. Құрдастардың бірінің де осалы жоқ. Партсъезден Тілеуберген аға Малғаждаров – совхоз директоры; Талдысайдан – Мәжит аға Тұрлыбеков – мектеп директоры; сол Талдысайдан Айжарқын аға Әшмұханов – ауылдық кеңес төрағасы. Ортасында – еңсегей бойлы Есағаң. Бәрін күлкіге көмдіретін де – сол Есағаң; әңгімеге қарық қылатын да – осы ағамыз еді ғой. Бәрінен де шоқтығы биік-тін. Тұлғасы да зор-ды. Күлгенде көмекейі көрінетін Есағаң емес пе еді?! Жүрегінің қалтарысы жоқ. Кешегі серілердің сарқыншағы емес пе еді! Өзі әнші, күйші; кез-келген отырыстың гүлі емес пе еді, қайран Есағаң! Есағаңның дарынын бәрі де мойындайтын. Сағынышы мол сол жылдар еріксіз еске түседі. Қайтып оралмайды-ау, енді ол жылдар!
Сарөзенде мектеп директоры қызметін атқарып жатқан кезім. Шамасы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта тұсы болар. Алматылық бір жазушы үйде мейман еді. Дастарқан басындамыз. Бір кезде ас үй жақтағы асылып жатқан еттің қақпағын көтере: «Әй, мына жаман «Құрмантай» менің келетінімді қайдан білген, ә!», – деп бөлмеге сөйлей кірді. Есаға бізге жезде, Тінәліге күйеу болатын.
Айтсаң, ешкім нанбайтын шаруа. Сізге өтірік, маған шын: 1961 жылы бастаған арабша үйренуге арналған дәптерін қолыма түсірдім.
Кім біледі? Мүмкін, сол кездері дінге бет бұру ниеті болды ма екен? Әлде қиындықпен өткен жасөспірім шағы есіне түсті ме?
«Есіркеп – бір шаңырақтың жалғыз перзенті. Соңында не ұл, не қыз жоқ. Әкесі Тәжі «Алла Тағала бізді есіркеп бере салған ғой» деп дүниеге келген жалғыз ұлының есімін Есіркеп қойыпты»,–деп жазады естелігінде сонау жылдары Ақмолада педучилищеде табысып, бақиға озғанша жұптары жазылмаған досы Мәжит Тұрлыбеков.
«Алдыңғыға ілесе алмай менің жанымда келе жатқан арықша келген тапал бойлы, үстіне теміржолшылардың ақ түймелі шолақ шинелін киген сары жігіт – Балтабай (кейін Целиноград пединститутының профессоры. – Т.Ы.), екіншісі – алдымызда кетіп бара жатқан сұңғақ бойлы, қағылез, жүрісі де, сөзі де шырақ Есіркеп.
Есіркептің үстіндегі ФЗО-дағылар киетін сүреңсіз бушлат болса, менің үстімде – суықтан қорғарлық панасы шамалы, етегі қысқартылған әскери сұр шинель.
Көз алдымда – бағана таңертең сабаққа кетерде төсекте сөйлеуге тілі келмей әл үстінде жатқан ана. «Бара бер, құлыным, бара бер. Маған қарама, сабағыңнан қалма», – деп сөйлеуге тілі сәл-пәл келіп, сөзімді толық түсінбеді-ау дегендей, қолын есік жаққа қарай сермеді. Есіркеп сол анасына жеткенше асығып келеді», – деп жазады марқұм Мәжит ағамыз.
Соғыстан кейінгі жылдар. Елдің тұрмысы тұралап қалған кез. Анасын жер қойнына тапсыру да оңайға соқпапты.
Тағдырдың ауыр сынына төтеп берген, қайран Есағаң!..
Нұрлан ініміздің жұмыс бөлмесінде отырмыз. Аңқылдаған ақкөңіл ініміз – аумаған Есағаңның өзі!
Бұл күндері аудан орталығындағы бес қабатты мектепті басқарып отырған Н.Е.Тәжин атақ-даңқтан кенде емес… Жазушы перзенті әкесі секілді әзіл-қалжыңның да «көрігін» қыздырады екен.
Есағаңды еске түсіріп, марқұм Ермек Өтетілеуұлының жазғандарын оқи бастадым:
«Есағаң маған жезде болып келеді. Нұрлан жиенімізді Алматының біраз жерімен (онда 2-сынып оқушысы) таныстырып, аралаттық. Бірде хайуанаттар паркіне бардық. Аң-кұстарды тамашалап, аралап жүрміз. Кезек салқын суда дөңбекшіп жатқан дәу су сиырға (бегемот) келді. Өзім де қарап тұрмай, Есағаңмен ежелгі қалжыңға басып, баласына:
– Нұрлан, мынау сенің әкең Тәжин! – деппін.
Бала үндеген жоқ, әрі кеттік. Біраздан соң маймылдар тұратын торға жақындадық. Сол кезде Нұрлан жұлып алғандай:
– Папа, мынау, міне Өтетілеуов! – дегені.
– Әй, сен не дейсің, ей?! – деп, баланың мойнынан қысып еңкейте беріп едім, Есағаң бір жымиып қойды да:
– Ермек, қайтесің қинап жиеніңді. Әкесінен жұққан бірдеңесі де, – деді.
Мен амалсыздан күліп жібердім» («Есіркептің езу тартарлары» // «Қазақ әдебиеті» газеті, 1996 жыл, 23 шілде).
Теңіз ауданына Аманжол Жазин бірінші хатшы болып келді. 1985 жылы болу керек. «Біріншілердің» құдіреті жүріп тұрған уақыт.
«Біріншіні» қырына ала қағыта: «Бұрын Ленин, Сталин деуші едік, енді Жазин, Тәжин дейтін болдық қой», – деп жұртты күлкіге қарық қылғаны бар.
Есағаңның ержүректілігі де бар еді. Пионерлердің туған күні 19 мамыр ерекше тойланатын. Аудан орталығында үлкен жиын өтетін. Әр мектепте бір-бір «ГАЗ-51» жүк машинасы болатын. Сол күні жазатайым сондай көліктен өрт шығып, жалын лапылдай бастайды. Ешкім батып, жанына жақындар емес! Есағаң еш ойланбастан, абырой болғанда кілті орнында екен, оталдырып «Нұра» өзеніне қарай зымырай жөнеліпті. Шамалы күйесі болмаса, машина аман.
Есағаңның тегі де тегін емес. Ол – қалың Тарақтының батыры Байғозы Наймантайұлының тікелей ұрпағы. Кешегі «Дәурен-ай» деп ғұмыр кешкен атақты Ақселеу Сейдімбекпен – Алаштың Ақселеуімен төртінші атадан қосылатынын енді біліп жатырмыз.
Бүгіндері Қорғалжыны сағынып жүрген қайран Есағаңды еске алу шараларын өткізген жөн. Аудан орталығы көшесінің біріне атын берсе, көзкөргендер мен шәкірттері бір риза болып қалар еді. Сонан соң бүгінгі жергілікті жас тілшілерге, журналистерге астана мен ауылдың арасын жақын һәм мәнді ете білген Есіркеп Тәжіұлындай азаматтарды әркез үлгі еткен орынды шығар.

Тілеубек ЫСҚАҚОВ,
ардагер-ұстаз, халыққа білім беру
ісінің озық қызметкері.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар