Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бокстан Азия чемпионы Теміртас ЖҮСІПОВ: «Арманым – 2020 жылғы жазғы Олимпиада!» - АРҚА АЖАРЫ

Бокстан Азия чемпионы Теміртас ЖҮСІПОВ: «Арманым – 2020 жылғы жазғы Олимпиада!»

Өмірдерек: Теміртас Жүсіпов 1988 жылы 15 қаңтарда туған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Республикасы чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы. Азия чемпионы. «Астана Арланс» жартылай кәсіпқой клубының сапында дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) Кубогының екі дүркін иегері. Қазақстан құрама командасының мүшесі.
Үйленген. Бір қызы бар. Қазіргі уақытта Ақмола облыстық жоғарғы шеберлік мектебінде спортшы-нұсқаушы.

–Теміртас, оқу-жаттығу жиындарымен Көкшетауда көп бола бермейсің. Өзіңмен осы сұхбат көптен ойымызда жүр еді. Бүгін сол әңгіменің сәті түскеніне қуаныштымын.
– Мен де, аға. Қазір жыл бойғы негізгі жарыстар аяқталды. Сондықтан, өткен мерекелерге және Жаңа жылға байланысты құрамада аздап үзіліс. 5 қаңтарға дейін дем алып, әрі қарай 2018 жылдың басты жарыстарына Алматыда дайындықты бастап кетпекшіміз.
– Сенің шаршы алаңдағы жеңістеріңе біраз қанықпыз. Бұл күнде бокстан Азия чемпионысың. Соңғы бірнеше жыл қатарынан Қазақстан чемпиондығын да қолдан бермей келесің.
– Мұның бәрі аға, шынымды айтсам оңай емес. Үнемі отбасыңнан, туған өңіріңнен жырақта оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарда, жолда жүресің. Бірақ, күнделікті аянбай төккен маңдай тердің, жеңіске деген құштарлықтың арқасында ел сенімін ақтап жатсаң, сенен бақытты адам жоқтығы тағы анық. Жас болсақ та, түрлі жарыстарда осыны түсініп қалдық.
– Бүгінге дейін шаршы алаңда өзін жақсы қырынан танытып жүрген Теміртас Жүсіпов деген боксшының Ақмола облысынан екенін білеміз. Алайда, нақты қай топырақтың тумасы екенін жанкүйерлерің дөп баса бермейді.
– Туған жерім Сандықтау ауданының Хлебный ауылы. Мен мектепте төртінші сыныпқа көшкенде Жарқайың ауданындағы Тассуат ауылына қоныс аудардық. Сонда мектеп бітірдім. Әкем Берік кейінгі жылдары сырқаттанып, бертін дүние салды. Анам Айжан зейнет демалысына шыққанға дейін ауылда аспаз болып еңбек етті. Қазір бауырларыммен сол Тассуатта тұрады. Отбасымызда менен басқа апам, інім және қарындасым бар. Осы алдағы 15 қаңтарда амандық болса, орда бұзар отызға толамын. Үйленгенмін. Келіншегімнің де есімі Айжан. Көз қуанышымыз қызымыздың атын Адель деп қойдық.
– Мұндайда журналист ағайындар тағы не білгісі келеді? Әрине, сенің боксқа қашан, қалай келгеніңді…
– Алғаш бұл спорт түріне 2004 жылы, он алты жасымда ден қойдым. Ауылда тоғызыншы сыныпты бітіріп, Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Краснояр селосындағы кәсіптік-техникалық лицейге оқуға түскен бетім. Елде бұған дейін ұстазымыз Марат Байбосыновтың жетекшілігімен қазақ күресімен айналысатынмын. Лицейде күрес секциясы жоқ екен, сосын осы боксқа жазылдым. Өйткені, кішкентай кезімнен оны да жақсы көріп, бүйрегім бұрып тұратын. Басында осы бокс әліппесін алғашқы бапкерім Жәлел Әбілмәжінов ағайдан үйрендім. Кейін ол кісі мені келесі жаттықтырушым Кенжебек Құрмановтың қол астына берді. Екі-үш жылдан соң осы өңірде Мереке Жүсіпов, Руслан Мусинов, Шыңғыс Рамазанов сияқты небір бокс саңылақтарын тәрбиелеген қазіргі бапкерім, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуанышбай Қоқышевтің назарына іліктім. Келе-келе бокс мені баурап алғаны сондай, бар ой-аңсарым жақсы былғары қолғап шебері атанып, оқу орнымның, ауылым мен қаламның атын шығару еді. Сол үшін де ешбір қиындыққа қарамай, қаншама жерден сабақтың ара-арасында «Қажымұқан» спорт кешеніне күніне екі рет үзбей қатынап жүрдім. Кейде тіпті, жатақханама соңғы автобуспен жатардың алдында ғана баратынмын. Шынымды айтсам, бокс оқуыма кедергі болған жоқ, лицейді «фермер» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шықтым. Бұған қоса, кейін жоғары оқу орнының «дене шынықтыру» және «заң» факультеттерін де тәмамдадым. Бірақ, әлі сол былғары қолғаптан басқаны ойламаппын.
– Спорт болған соң, қуаныш, реніші қатар жүрмей қоймайды. Алғашқы жеңіс пен жеңілістер, бәрі де есте шығар.
– Ең бірінші рет 44 келі салмақта облыстық жарысқа қатысып, бірден ұтылып қалдым. Сондағы көңіл-күйімді, ұнжырғамның түскенін көрсеңіз. Мұндайда намысқа баспай болмайды екен. Жаттығуды бұрынғыдан да мықтауым керек деп шештім. Бапкерімнің айтқанын бұлжытпай орындай отырып, бірте-бірте шеберлігімнің өскенін өзіме де аңғару қиын емес еді. Сөйтіп, Краснояр – Щучинск матчтық кездесуінде алғашқы жеңісім де келді. Одан әрі Өскеменде өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 46 келі салмақта үшінші орынға ие болдым. Ал, 2007 жылы үлкен рингке жолдама алдым.
– Бүгінге Қазақстан құрама командасының белді мүшесісің. Біраз атақ-абыройың бар. Бұл енді сүйікті анаңа да «өзге балам бір төбе, Теміртасым бір төбе» дейтіндей үлкен мерей, мақтаныш қой.
–Нансаңыз, менің анам теледидардан мен қатысатын кездесулерді көрмейді. Мен қарсыласыммен рингке шығарда «соққы алып қалар» деп қорқып, жүрексініп, басқа бөлмеге шығып кетеді. Кімнің жеңгенін, мен қалай бокстасқанымды, осының бәрін кейін бауырларым айтады. Яғни, не болып, не қойғанын солардан естиді. Міне, ана жүрегі деген осы, аға. Ал, жайшылықта әрине, тәуелсіз қазақ спортында жүргенімді мақтан тұтады ғой деп ойлаймын, оны іштей өзім де сезіп білемін.
– Теміртас, сен қазіргі Қазақстан чемпионатын ең көп ұтқан боксшылардың бірісің. Ересектер боксына келгелі талай халықаралық турнирлерде де топ жардың. Солай бола тұра, ел құрамасында жолың болмай жүрген тәрізді. Қай жағынан алғанда да бірінші нөмірлі боксшы бола тұра, өз салмағыңда басқа әріптестеріңнің тасасында қала беретін сияқтысың.
– Ең алдымен, шаршы алаңдағы кез келген жекпе-жектің тағдырын әділ қазылық пен мықтының қарымы шешеді. Мен бокстан Қазақстан құрамасына 2011 жылы қабылдандым. Оған дейін 2008 жылы ел чемпионатында, ал, 2011 жылы Қазақстан спартакиадасында үшінші орыннан көріндім. Біздің 49 келіге дейінгі жеңіл салмақта күні кешеге дейін әлем чемпионы Біржан Жақыпов басты фаворит саналып келді. Біржан осы салмақ дәрежесінде соңғы үш бірдей жазғы Олимпиадаға қатысты, бірақ, өкінішке орай, жүлде ала алмады. Соңғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасынан кейін жолды жастарға беріп, құрамадан кетті. Мен 2012 жылы ел чемпионатында финалда нақ осы Біржаннан ғана ұтылып, екінші орынды қанағат тұттым. 2013 жылы Тараз қаласында өткен чемпионатқа ол қатыспай, бірінші орын менің еншіме тиді. Сол жылы Азия чемпионатына Біржан ауырып қалып бара алмай, орнына мен бардым. Иорданияның Аман қаласындағы шаршы алаңда әуелі қырғыз, одан жапон боксшысын ұтып, жартылай финалда филиппин, ал, ақтық сында үнді спортшысынан басым түсіп, құрылық чемпионы атандым. Бұл әзірге менің халықаралық жарыстардағы ең ірі жеңісім. Бірақ, үлкен спорттан әлі қол үзу ойымда жоқ, сондықтан, бұл жеңіс жалғасар деген үміттемін.
– Соңғы ел біріншіліктеріндегі қадамың да сәтті жалғасын тауып келеді ғой.
– Иә, 2014 жылы Атырау қаласында өткен чемпионатта тағы топ жардым. Бұл жолы финалдық бәсекеде шымкенттік Ержан Жомартты ұттым. Келесі жылы Қазақстан чемпионатын қоя тұрып, Дүниежүзілік бокс сериясында «Астана Арланс» командасында өнер көрсетуге тура келді. Дәл сол кезде осы жарыс аясында біздің команда Ресей боксшыларымен жартылай финалда күш сынаспақшы еді. Құрамада Алматы облысының спортшысы Мардан Берікбаевпен спарринг болды да, қарсыласымды жеңіп, «Астана Арлансқа» алындым. Одан кейінгі 2016-2017 жылдары да екі жыл қатарынан Қазақстан чемпионымын. Былтыр Павлодарда финалда Ержан Жомартты екінші рет тізе бүктірсем, биыл Шымкентте алаң иесі Шалқар Айқынбайдан басым түстім.
– Сонымен Теміртас, Қазақстан біріншілігінің неше дүркін жеңімпазысың?
–Төрт дүркін чемпион болдым, бір рет күміс, екі рет қола жүлдегер атандым. Соның бәрі әрине, мені боксқа баулыған алғашқы бапкерлерімнің, жеке жаттықтырушым, ақылшы ағам Қуанышбай Қоқышевтың, Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың еңбегінің арқасы. Олар болмаса, осындай биіктен көріне алар ма едім?!
– Бұл арада біз үнемі көз тігіп, қуанып жүретін «Астана Арланстағы» табысыңды да ұмытпайық.
– Аға, ол да мен үшін Алланың берген бір бағы ғой деп ойлаймын. Осындай жартылай кәсіпқой клубта өнер көрсетуді өз басым үлкен спортта жолымның болғанына балайтыным анық. Мен бұл командаға 2015 жылы қабылдандым. Содан бері арғы жылы және биыл екі мәрте Дүниежүзілік бокс сериясының кубогын жеңіп алдық, тағы екі рет – 2014 және 2016 жылдары үшінші орынға табан тіредік. Өзім осы жарыстарда ұзын-ырғасы 15 жекпе-жек өткізіп, соның 11-інде ұттым, төртеуінде ұтылдым. Себебі, әр құрылық, әр елден жан берісіп, жан алысатын бұл бәсекелерде осал қарсылас жоқ. Бәрі де жарысқа таңдап қосқан бір-бір мемлекеттің мықтылары. Алдыңғы бір сұрағыңызға орай, өзім қатысқан халықаралық турнирлер туралы да біржола айта кетсем. Осыған дейін Германия, Болгария, Қытай мен Әзірбайжанда өткен төрт турнирге қатысып, Софияда бірінші, қалғандарында екінші, үшінші орындарды еншілеппін.
–Осы тұста Теміртас, «құрамада жолың болмай жүрген сияқты» дегенге саятын жаңағы сауалымыздың бір ұшы тағы қылтияды. Сен 2014 және 2016 жылдары Қазақстан чемпионатының ақтық финалында бір емес, екі рет Ержан Жомарттан басым түстің. Оған биылғы чемпиондық атағыңды қосайық. Соған қарамастан, Германияның Гамбург қаласындағы әуесқой бокстан әлем біріншілігіне осы Ержан барды. Осыған байланысты «бұл қалай?» деген сауалдың да туындауы заңды.
–Мұның бәрін жаттықтырушылар штабы шешеді. Жалпы, Ержан біріншілікте жаман өнер көрсеткен жоқ. Қола жүлдегер атанып, елге табыспен оралды. Әрі мен ол кезде «Астана Арланстың» сапында болдым. Бұл жолы қоржынымызға алты медаль салған Қазақстан құрамасы алға тек куба мен өзбек боксшыларын ғана жіберіп, жалпы командалық есепте үшінші орынды иеленгенін білесіздер. Бокс бір орында тұрмайтын, тез дамитын спорттың түрі. Онда бүгін мен мықтымын деуге болмайды. Жыл аралатып жастардан жаңа үміт, жаңа таланттар келіп жатады. Қазір жылдан-жылға ел біріншілігі де тартысты өтуде. Біздің салмақ дәрежесінде ғана жоғарыда аталған боксшыларға қоса, Астанадан Асхат Жүсіпов, Алматы облысынан Несіпжан Жандос секілді небір болашағынан үміт күттірерлік былғары қолғап шеберлері бар. Бұл әлемде мықтылардың бірі саналатын Қазақстан боксының келешегі әлі де зор деген сөз.
–Сонау Кеңес заманында осы қасиетті топырақта Мереке Жүсіпов, Қуанышбек Әжіғұлов, тағы басқа да боксшыларымыздың аты шықса, 2000 жылдары есімі дүрілдеп тұрғандардың бірі – әйгілі Руслан Мусинов екеніне талас бар ма?! Ауыр-ауыр соққыларынан екі рет «таяқ жеп», яғни, жеңіліп, біздің боксшымыздың алдында шләпәсін шешкен екі дүркін Олимпиада және әлем чемпионы кубалық Марио Кинделан еді ғой. Сол тарихи жеңісті содан кейін ақмолалықтардан сен жалғастырып, кубалық екі дүркін әлем чемпионы Йоанис Аргилагосты екі рет ұттың емес пе?!
– Жастайымыздан бокстағы біздің кумиріміз де сол кездегі осы Руслан, Аман Батырбаев сияқты ағаларымыз еді ғой. Куба боксшысымен болған айқаста сіз айтқан екі жеңіске де Дүниежүзілік бокс сериясында қол жеткіздім. Алғашқысында «Куба Домадорес» клубының сапында өнер көрсеткен куба қабыланын айқын басымдылықпен 2015 жылы тізе бүктірсем, биыл Астанада өткен осындай кездесудегі екінші жекпе-жек те менің пайдама шешілді. Сөйтіп, екі маңызды бәсекеде де, жеңіл салмақтағылар шаршы алаңға бірінші болып шығатындықтан, өз клубыма жалпы командалық жеңіс жолын бастап бердім.
–Осы орайда, сол күндері арландардың бас бапкері Нұрлан Ақүрпековтің «жасы отызға таяса да Теміртас 49 келіде Қазақстанда теңдесі жоқ боксшы. Осы жобада командамызға талай жеңістер сыйлап, жанкүйерлерінің көңілінен шығып жүр» деген сөзі бар-ды. Кім біледі, биылғы әлем чемпионатына жолдама саған бұйырғанда, жұлдызды сәтің де күтулі ме еді? Өйткені, осы жолы Ержан Жомарттың алдын орап кеткен кубалықтың сен оңдап тұрып екі рет мысын басқан едің ғой.
– Олай сәуегейлік жасау да спортта болуын болып жатады. Шынында, биылғы Германиядағы әлем біріншілігінде менің салмағымда барған Ержанның жолын жартылай финалда нақ осы Йоанис Аргилагос кесті. Мұнымен қоймай, ол ақтық сында да дара шығып, екінші мәрте әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Егер осы біріншілікке бара қалып, онымен тағы бір қолғап түйістірсем, әрине, үшінші жеңіске де бар күш-жігерімді салатыным анық еді. Бірақ, қазақтың бап шаба ма, бақ шаба ма деген сөзі рас. Бәрін бағың біледі.
– Бәрібір жерлестеріңде осындай бір өкініш жоқ емес, бар, бауырым. Жә, енді мұның бәрін былай қоя тұрып, туған өңіріміздегі шаруаларға оралайық. Өз көзқарасың бойынша Ақмола, Көкше боксы қалай дамып жатыр?
– Жаман емес. Жақсы боксшылар, жақсы бапкерлер бар. Биылғы үлкен бір жаңалық, облыстық бокс федерациясы құрылды. Бұрын да Қазақстанда жаман санатта емес едік, енді боксымыз одан сайын дамиды деп отырмыз. Қазір облыс орталығы Көкшетау қаласына қоса, Жақсыда да үлкен бокс орталығы қалыптасып отыр. Осы мектептің түлегі Бақберген Сабыржанов биыл Қазақстан чемпионатында екінші орыннан көрініп, құрамаға алынды. «Астана Арланста» да бұрыннан осы жақсылық Нұрдәулет Жарманов, көкшетаулық Нұрсұлтан Қосшығұлов бар. Облыста жеңіл, орта салмақтағылар жеткілікті, тек 91 келі, одан жоғары салмақ дәрежесіндегілер шықпай тұр. Федерация кубогында да осыдан ғана жолымыз болмады. Сосын Олимпиада, әлем додаларында ежелден алтын әкеліп, қазақтың салмағы болып кеткен 69 келіде де бізде анау айтқандай боксшы жоқ. Демек, соларды жер-жерден тауып, тәрбиелеуіміз керек.
– Теміртас, өзіңдей әр қазақтың жігітінің мынадай жыл асуы, жыл айырығында жанына өте-мөте жақын бір арманы болады. Өз арманың жайлы не айтасың?
– Менің басты арманым – 2020 жылғы жазғы Олимпиада. Әлі спортта жасым келді демеймін. Құрама сапында жақсы өнер көрсетіп, осы төрт жылда бір болатын әлем додасына жолдама алып көруге ұмтыларым сөзсіз. Мен туған Ақмола облысында әлі бокстан Олимпиада, әлем біріншілігінің жеңімпазы не жүлдегері жоқ. Сол олқылықтың орнын толтырғым-ақ келеді.
– Әңгімеңе көп-көп рахмет. Лайым айтқаның келсін!
Сұхбатты жүргізген
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар