Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен облыста жылу беру маусымының өтуі және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шаралары туралы мәселелер қаралды.
Аппарат кеңесі құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіров пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың ант қабылдауымен басталды. Қали Рахметов Қазақстан Республикасы кәсіподақтары федерациясы атқару комитетінің қаулысымен «Ақмола облысы кәсіподақ орталығы» кәсіподақтары аумақтық бірлестігінің төрағасы болып сайлануына байланысты жиналғандарға таныстырылды.
Әлеуметтік сала нысандары үшін жылу беру маусымы 25 қыркүйекте басталды. Ал, қалған нысандар мен тұрғын үйлерге 1 қазаннан бастап жылу беріле бастады. Осыны ескергенде, біздің өңір үшін әдетте ұзаққа созылатын қысқы жылу беру маусымының жартысына жуығы артта қалды деп айта аламыз.
Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Виктор Радченконың баяндағанындай, мау-
сым қалыпты температура сақтала отырып, өз деңгейінде өтуде. Бірен-саран апатты жағдайлар да болмай қалған жоқ. Ол жайында баспасөзде айтылды. Жергілікті билік мұндай төтенше жағдайларға шұғыл шара қолдана білді. Тіпті, өткен жылдың соңында Щучинскіде «Көкшетау Энерго» ЖШС-ның ведомстволық қазандығында бу қазандығы жарылып, шатыр құлап түскенде әрі бір жұмысшы қаза тапқанда, штаб отырыстарынан ұдайы ақпарат беріліп отырды, қолданылып жатқан шаралар туралы дер мезгілінде мәлім етілді. Апат салдарынан екі екіқабатты тұрғын үй және үш екі пәтерлі жекеменшік үй, медицина орталығы жылусыз қалды. Оқырмандарға уақытша төрт электр қазандығы орнатылатыны жөнінде және зардап шеккендерге уақытша баспана берілетіндігі (бірақ, одан олар бас тартты) жайында газет бетінде хабарлаған болатынбыз. 31 желтоқсанда қазандық жұмысы қалпына келтірілді. Басқарма басшысы тағы да осындай екі апат туралы айтып өтті. Зерендіде жарты тәулікке жетпей негізгі магистральдің жылу құбырындағы ақау тез ауыстырылса, 7 желтоқсанда үш ауданның 27 елді мекенінде «Батыс-Ақмола-Ильинка»
ВЛ-110 кВ желісінде сымның үзілуі салдарынан электр қуаты берілмей қалды.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің тарапынан кейбір аудандарда отын қорының жеткіліксіздігіне байланысты сауалдар
туындады. Бұл – Атбасар, Аршалы, Есіл және Бұланды аудандары. Тұтастай алғанда облыста 205 мың тонна көмір бар. Бұл нормаға сәйкес келеді. Оған қоса теміржол тұйықтарында тұрғындар үшін 36,1 мың тонна көмір сақтаулы. Қажетті 662 мың тоннаның орнына 368,8 мың тонна көмір сатып алынған. Дайындау пункттеріндегі орташа баға – 13 мың теңгеден басталады, бұл өткен жылдағымен салыстырғанда 15-20 пайызға қымбат.
Баяндамашының мәлімдеуінше, мазут сатып алуға 1,3 миллиард теңге бөлінген. Қаржы жабдықтаушыларға аударылып, мазут кесте бойынша уақытында жеткізілуде. Бұған қоса, облыстың 4 кәсіпорнына 35,5 мың тонна әлеуметтік мазут бөлінген. Кәсіпорындарға әкімдіктермен бірлесіп, ақпанның аяғына дейін төлемін жасап, осы қалған мазутты жеткізіп алу тапсырылды. Отырыста коммуналдық кәсіпорындардың қаржылық жағдайы туралы да айтылмай қоймады. Мұндай олқылықтар бар. Олар жылумен жабдықтаушылардың жұмысына қатысты. Әсіресе, Атбасар, Бұланды, Бурабай, Целиноград аудандарының, Көкшетау және Степногорск қалаларының ұзап кеткен дебиторлық қарыздары ауызға алынды.
Мәлік Мырзалин кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы басқармаларына, аудандар мен қалалардың әкімдеріне күн сайын бағаға және ай сайын өнім өндіретін кәсіпорындардағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен қолдағы қалған мөлшеріне мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды. Мұндай шешім кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Жақсылықовтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде қолға алынып жатқан шаралар туралы есебінің қорытындысы бойынша қабылданды. Есепке қарағанда, шынында да қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Бұған қоса, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау комитетінің департаменті сары май, ірімшік өндірушілерге, пастерлендірілген сүтті көтерме бағамен сатушыларға бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимылдары үшін тергеу амалдарын жүргізген болып шықты. Сиыр етін, ұсақ қант және жеміс-жидек өнімдерін іске асыру нарығына сараптама жүргізілді. Ербол Жақсылықовтың айтуынша, заңдылықты бұзу белгілерінің жоқтығынан тергеу тоқтатылған. Облыста инфляция деңгейі 7,1 пайызды құрап (республика бо-йынша жетінші орын) болжаммен белгіленген дәліз шегінен аспады.
Дегенмен, өткен жылы картоп, сарымсақ, сәбіз, сиыр еті, сүт, шұжық, жоғары сортты ұн және басқа да бірқатар тауарларға баға қымбаттады. Бірқатар өнеркәсіп тауарлары мен ақылы қызмет түрлеріне де баға өсті. Өткен жылғы бағаның өсу себептерін сараптай келе, Ербол Жақсылықов биылғы жылы инфляцияның болжамды дәлізін 2017 жылғы 6-8 пайызға қарағанда 5 пайыз мөлшерінде ұстап тұру міндеті қойылғандығынан хабардар етті. Демек, қосымша тиімді шаралар керек. Олардың қатарында «Көкше-Қамқор» коммуналдық базарын «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына беру жөніндегі ұсыныс та бар. Мұнда жұмысты «AQMOL» сауда желісінің үлгісімен, яғни, өндірушіден – сатушыға принципімен делдалдарсыз ұйымдастыру ұсынылды.
Инфляция деңгейіне мониторинг жүргізуде басқармалардың өзара берік үйлесіммен жұмыс істеуі, Оңтүстік Қазақстан облысының және Өзбекстанның тауар өндірушілерімен байланысты нығайту тапсырылды. Облыс әкімі он күн ішінде неғұрлым нақты ұсыныстар беру міндетін жүктеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.