Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бар дүние жоқ болып жатқандығы жан ауыртады - АРҚА АЖАРЫ

Бар дүние жоқ болып жатқандығы жан ауыртады

Редакцияға осы бір жан толғанысымды жазуыма біздің қазақ ауылдарының біртіндеп жер бетінен жойылуы, мәдениет ошақтарының дені баяғыда-ақ жабылып қалғаны себеп болды.

Өзім 17 жасымнан бастап Көкшетау облысы Чистополь ауданының Шақпақ сегізжылдық мектебінде неміс тілінен сабақ бердім. Жалпы, осы ғұмырымның 31 жылы ауылдық жерде ұстаздықпен өтті. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын бітіріп, өз мамандығым бойынша балаларды оқыттым.
Менің әке-шешем, атам, әкемнің қарындасы да мектепте химия, биология, математика, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, неміс тілі, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген кісілер. Әулетімізде Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздіктері де бар. Мен 1906 жылы туған Қажыбай Баймағанбетовтың отбасындағы ұстаздардың үшінші ұрпағымын. Ал, оның шөпшегі Римма Кенжеболатқызы да Көкшетау қаласында қазақ тілі мен әдебиетінен мұғалім. Ол – біздің мұғалімдер әулетінің төртінші ұрпағы.
Атам Қажыбай көп жылдар бойы мұғалім, мектеп директоры болып қызмет істеді. Қостомар сегізжылдық мектебінің директоры болып тұрғанында қайтыс болған оның жолын осы мектепте басшы болған ұлы, менің әкем Дәукен Қажыбайұлы жалғастырды. Мамандығы тарихшы ол кісі Көкшетау облысының халық ағарту саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Ал, апам Зәйкен Хасенқызы жоғары білімді алғашқы ұстаздардың бірі, өте мәдениетті, зиялы адам болатын. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Бізді де аялап, әлпештеп өсіріп, жоғары білімге қолымызды жеткізді.
Осындай отбасында өскен мен де өмір бойы мұғалімдердің жұмысынан жаныма тек жақсы әсер ғана алдым. Қайда еңбек етсем де, менің тағдырым тек мектеппен, білікті басшылармен байланысты болды.
Ал, енді осыны айтып алып, сөзімнің басындағыдай, өзімді толғандырған мәселеге оралғым келеді. Біз кішкентайымыздан өзіміздің туған ауылымыз Қошқарбайдың әсем табиғатының, жандары жайсаң адамдарының қадір-қасиетін біліп, жанымызға жақын тұтып өстік. Жыл сайын жазда каникулға шыққанымызда ата-анамыз бізді осы ауылдағы әжеміз Әзина Нұғыманқызының үйіне жіберетін. Бұл үйде біз қымыз ішіп, жидек теріп, табиғат аясында болып, жаз бойы керемет дем алып қайтатынбыз. 1990 жылдың басында, Кеңес Одағы әлі бар кезінде ауылдан қоныс аударған неміс ұлтының өкілдері де демалысқа келіп, Қошқарбайға қызығып, қимай аттанатын.
Сол Қошқарбай ауылының қазір бұрынғы келбеті жоқ. Әсіресе, Айдарлы ауылынан осы елді мекен арқылы өтетін жолдың сұрықсыздығы жаныңды қинайды. Әкімдер жиі ауысатын аудан басшылығы қашан осы жолдың дұрыс болуына қол жеткізеді? Ара-тұра оған қиыршық тас төселгенімен, Кеңөткел су көзінен су алатын «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының 16 тонналық ауыр салмақты цистерналы көліктері бұл алты шақырым жолды ойдым-ойдым етіп, тоздырып тастаған. Қыста әйтеуір, қармен бітеліп, онша білінбейді, ал, жазда онымен жүріп-тұру қайтадан қиындайды. Төленіп жатқан салық, кәсіпорынның бюджетке түсіріп жатқан қаржысынан осы жол дұрыс қалыпқа келтірілсе, бұл да әділдіктің бір салтанат құрғаны емес пе. Сол судың пайдасын басқа көріп, азабын осы жақтағы ауылдар тартуы дұрыс па?!
Кейінгі жылдардағы заманның ауыртпалығынан Қошқарбай да қазір іргесі сөгіліп, үй саны азайып қалған. Жұмыстың тапшылығынан жастар жағы қалаға кетуде. Әйтеуір, осы ауылға ие болып отырған ел азаматы Қайыркен Хасеновтың арқасында біраз адамға жұмыс бар. Ауылды тараудан осы жағы, сондай-ақ, облыс пен аудан орталықтарына жақындығы, соларға апаратын күре жолдың бойында отырғандығы ғана сақтап қалуда. Сосын байырғы тұрғындардың ата мекенге деген ыстық ықыласы, туған жерге, ата-баба топырағына адалдығы дер едім.
Үлкен ауылдардың өзінде болмай жатқан мәдениет ошақтары, жастардың кешкілік уақыттарын мазмұнды өткізулеріне қолайлы жағдай біздің шағын ауылдарымызда қайдан болсын. Қошқарбайда да клуб жоқ. Ол қирап қалған. Ал, ауылдардағы екінші мәдениет, білім ошағы – кітапхана бар еді, оның да ғимараты бұзылып, жарамай қалған соң, кітапханашы Күндерай Нұрғазина барлық кітаптарды өздерінің ескі үйіне көшіріп, сонда жұмыс істеп жатқан. Аудандық мәдениет бөлімі, Зеренді ауылдық әкімдігі ол кітаптарды басқа ауылға беріп, білім ошағын жапты да тастады. Сөйтіп, арнайы білімі бар кітапханашыны азын-аулақ айлығынан, ал, ауылды рухани азығынан, 60-70 жыл тірнектеп жинаған кітап қорынан айырды. К.Нұрғазинаның жұбайы Серіктің жүрегіне екі рет ота жасатқан мүгедек азамат екенін, балалар үйінен патронаттық тәрбиеге 4 бала алғандарын да ескермеді. Сөйтіп, өз ісін шексіз сүйетін Күндерай жұмыссыз қалды. Осының бәрін ауылға барғанда естіп-біліп, жүрегім ауырды. Бүгінде онсыз да жағдайы тұралап жатқан ауылдарға қол ұшын берудің орнына, оны кітапханасынан айырған мына кереғарлыққа не деуге болады?!. Кітапханашы өз жұмысын әрі жалғастырсын, Қошқарбайға кітапханасын қайтарып беріңіздер, осыны істеген басшылар!

Светлана БАЙМАҒАНБЕТОВА,
зейнеткер ұстаз.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар