Халқымыздың сан ғасырлық тарихында ақтаңдақ жайлардың аз еместігі белгілі. Өз заманында бойындағы табиғат сыйлаған ақыл-парасат, айрықша шешендік қасиетінің арқасында танылған, Орта жүздің Қоңырат тайпасының Жандар руынан шыққан, шамамен 1730-1800 жылдар аралығында ғұмыр сүрген Күлен би туралы ел ішінде естелік сақталған болса, бізге беймәлім деректер болса, жинастырар едік. Кейінгі ұрпақтары – біздерге осы бір мақсат жай таптыратын емес.
Күлен бабамыз Алаштың даңқты ұлдарымен үзеңгі қағыстырып бірге жүріп, ел басына күн туғанда санталай қиын-қыстау кезеңдерді бірге өткізген екен. Абылай ханның қасынан табылған.
Осы пікіріміздің дәлелі ретінде мына бір жайды айта кеткен жөн. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінің ғылыми қызметкері Кенжехан Ісләмханұлы өзінің «Ана тілі» баспасынан 1996 жылы жарық көрген «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты жинағының 147 бетінде мынандай деректер келтірген. Абылай ханның бір ұлы қайтыс болып ат тұяғы жететін жердің игі-жақсылары көңіл айтуға демеп келіп жатады. Қайғының салмағы ханға да, қараға да бірдей. Абылай хан бас көтермей жер бауырлап жатып алған екен дейді. Сонда Орта жүзден келген бір бала қайғының қасіретін шегіп жатқан ханға былай депті:
–Ау, жақсы мен жайсаңдар! Бұл Абылай үш жүздің баласының тілін тапқан хан еді. Бір ойлағаны бар шығар.
Сонда жиналған жұрт:
–Білсең сен айтып тұрғыз,–десе керек.
Әлгі бала осы сөзді тосып тұрғандай термелей жөнеледі:
–Басыңды көтер, Абылай, алтын шірімейді, үш жүздің баласы ағып жатқан үш өзен емес пе еді, үш өзеннің құйылған жеріне біткен бәйтерек емес пе едің, Абылай. Алтын бәйтеректің мың бұтағы бар емес пе еді, мың бұтақтың сан жапырағы бар емес пе еді, мың бұтақтың бірі сынбастай, сан жапырақтың бірі ұшып түспестей, құдайдың сен несі едің, Абылай. Ол ұядан ұшқан сұңқар емес пе еді, Абылай! Сары азамат Сардарбек келгенде сыйламайтын, сөздерін ескермейтін өзіңе не жазып едік, Абылай! Мен өзім тууымды білгенде, өлуімді де білемін,–десе керек.
Сол сәтте Абылай басын көтеріп, айтқан екен дейді:
–Жарайсың, балам! Ақыл оқуым бол, ат арқандайтын қазығым бол, оң тізем орның болсын,–депті.
Сонда жиналған тәмам жұрт баладан сен кімсің деп сұрағанда, әлгі бала руым Қоңырат, атым Күлен депті. Бұл дерек орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорындағы 1076-шы бумадан алынды.
Күлен бабамыз сайын Сарыарқада Абылай ханның сарбаздарының қатарында қызмет еткен екен. Үйленген, балалы-шағалы болған. Бұл деректерді Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Арыс қаласында тұрған 1989 жылы 93 жасында өмірден өткен Бектұрған Боранбайұлы, 1980 жылдардың басында өмірден өткен Арысбай бидің баласы Шақабай шежіреші айтып отырушы еді.
Өшкен жанып, жоғалған табылып жатқан шақта Күлен бабамыздан қалған ұрпақтар болса құлағдар етейік деп едік. Бабамыздың Сарыарқа төсінде өмір сүргеніне Шал ақынның өлеңі дәлел. Ол кісі:
Төрт ауылдың бір биі Күлен Қозған,
Қызыл тілде Қоңыратта Күлен озған,–деп жырлайды. Бұл өлеңдер де 1989 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Бес ғасыр жырлайды» жинағының 117 бетінде таңбаланған.
Абылай хан Түркістанды жайлағанда Күлен атамыз өмірінің соңына дейін аруақты ханмен бірге болған. Билік құрғанда өте абыройлы, қара қылды қақ жарған би болған деседі көнекөз қариялар. Сыр бойында ғұмыр сүрген Майлықожа ақын Жандар ұрпақтары туралы былай депті:
Жандар-жандар болғанда, дарыған
билік Қараға,
Қараның ұлы Құдайқұл, мирас
болған балаға.
Әбдісүгір би өтті, өрнекті болып далаға,
Әйменбет би, Күлен би, Сары би мен
Шүрен би,
Жеті атаға билігі, үзілмей келді-ау арада.
Күлен би шамамен 1800 жылдары өмірден өтіп, Қожахмет Яссауи кесенесіне жерленген. Ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа өнеге болатын айтулы би туралы ақиқат деректер болса jandar13@mail.ru электронды поштасы арқылы хабарлассаңыздар деп едік.
Анарбек МӘНІБЕКҰЛЫ.
Шымкент қаласы,
Оңтүстік Қазақстан облысы.