Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шәкірттерін ізгілікке баулуда - АРҚА АЖАРЫ

Шәкірттерін ізгілікке баулуда

Зеренді ауданына қарасты Айдабол орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып абыройлы еңбек етіп, балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген Арайлым Мұқышева – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының алғашқы қатысушыларының бірі. 2006 жылы Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжін тәмамдағаннан кейін осы колледж басшылығының жолдауымен аталмыш ауылға аттанған кейіпкеріміз бүгінде өзін өмірден өз жолымды таптым деп санайды.

Оның әңгімесін тыңдай отырып, адам баласы сүйікті мамандығы мен жанашыр отбасы болса, ол мейлі қалада, я ауылда тұрса да, бақытты бола алатынына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Зерлі Зеренді өлкесі жанына бөтен болмағандықтан ба, өзі де осы өлкеде туып-өскендіктен бе сол кезде колледжді бітіріп келген бойжеткен ауылдың табиғатын, адамдарын жатсынған жоқ. Керісінше, жұмысты да, өзіне тіреу болар ер-азаматын да осы ауылдан тапты.
Әдетте, ауылға жас мамандар жұмысқа келіп жатса, бұл ондағы тұрғындар үшін үлкен қуаныш қой. Ал, енді дипломды сол жастар ұзаққа қалып жатса, ауылдарды көркейтуге үлес қосса, нағыз отансүйгіштік осы болар еді. Арайлым бізбен әңгімелесіп отырғанда оның жары Жанат Мұқышев аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдақ жігіт екен, жанымызға келіп: «Ауылға жас мұғалім көшіп келгенін естіп, ең бірінші бойдақ жүрген мен қуандым. Әйтпесе қалаға кетіп қояр ма еді, кім білсін», – деп күліп жіберді. Айтуларынша, олардың отасқандарына биыл он жыл толады. Ай десе аузы, күн десе көзі бар Мәдина есімді сүйкімді қыздары бар. Үшінші сыныпта оқиды. Ал, 2014 жылы тамыз айында бұл отбасында шекесі торсықтай егіз ұл дүниеге келіпті.
–Бала кезімнен ұстаз болуды армандайтынмын. Бүгін міне, сол арманыма жетіп отырмын. Шыны керек, бала кездегі арман – ол ең таза, ең шынайы, адастырмайтын арман екеніне мен сенемін. Шәкірттерім де өмірден өз орындарын тауып, жүрек қалаулары бойынша бақытты өмір сүрсе екен деймін. Баламыз нағыз ер азамат, азаматша болып өссін десек, оның қабілетіне, бала жүрегінен шыққан сөздеріне сене білуіміз керек. Қазіргі таңда елімізде білім саласына енгізіліп жатқан реформалар ұстаздардан зор білімді, біліктілікті талап етіп отыр. Бүгінгі заман – білім мен ғылымның заманы. Көштен қалмау үшін осы екеуіне қарай ұмтыла беруіміз қажет, – деп есептейді кейіпкеріміз.
Айта кетейік, Айдабол орта мектебінің ұстаздары жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады. Оқушылар болса, түрлі білім додаларында бақ сынап, мектеп мерейін үстем етіп жүр. Атап айтсақ, Арайлым Оңғарқызының шәкірттері жыл сайын «Ақбота» интеллектуалдық марафонына, «Золотое Руно» сайыстарына қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.
Балаға мектеп табалдырығын аттаған кезде қолына әліппесін, қалам мен дәптерін ұстатып, жазу, сызуды үйрететін алғашқы ұстазы қашанда ыстық болатыны сөзсіз. Біздің кейіпкеріміздің де бастауыш сыныпты аяқтаған шәкірттері қазіргі таңда жоғары сыныптарда оқып жүрсе де, Арайлым апайларын үнемі көруге асығып тұрады.
–«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады», – деп Абай атамыз айтпақшы, мен ұстаз ретінде ең әуелі тәрбиеге мән беремін. Шәкірттерім бастауыш сыныпта болғаннан кейін мектептегі тәртіптерімен бірге әрине балалық қылықтары да қатар жүреді. Арасында бір-бірлерімен таласып, ренжісіп қалатын кездері де болады. Сондай сәттерде оларға ұрыспай, ақырын ғана ақылымды айтып, сабырлы, байсалды болуға шақырамын, – деген Арайлымдай парасат, пайымы мол ұстаздың шәкірттері талапты болып өсетініне сеніп аттандық.

Венера Талғатқызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар