Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне облыстағы мекемелерде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына байланысты тексеріс шаралары, мемлекеттік қызметтердің сапасы жөнінде ақпарат берілді.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Манарбек Шапағатовтың айтуынша, өткен жылы департамент қызметкерлері мемлекеттік мекемелердің, шаруашылық нысандардың өртке қарсы жағдайын бақылау үшін 820 тексеріс жүргізген. Олардың 523-і өрт қаупі аса жоғары нысандарға жатады. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігіне қатысты 3701 ереже бұзушылық анықталды. 387 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 367 адамға 14 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, брифингте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Әділбек Мұхамеджанов сөз алып, egov.kz порталы арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді қалай алуға болатыны жайлы тоқталып өтті. Бұрындары осы сайт арқылы қандай да бір анықтама алу үшін электронды сандық қолтаңба қажет болса, енді тұрғындар ұялы телефон нөміріне келген кодты теру арқылы да мемлекеттік қызмет түріне қол жеткізе алады. Ол үшін телефон нөміріңізді халыққа қызмет көрсету орталығына тіркетуіңіз қажет. Айта кетейік, жылдан жылға электрондық мемлекеттік қызметті пайдаланушылар саны көбейіп келеді. 2016 жылы бұл көрсеткіш 2 миллион 455 мың адамды құраса, өткен жылы 4 миллион 760 мың адамнан асқан. Журналистер брифингтің пікір алмасу бөлімінде баяндамашыларға толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар ала алды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.