Арқаның қатты аязының беті әлі қайтар емес. Соңғы бірер күнде қаһарына мінген үскірік аязға байланысты облыс аумағында ішкі істер және төтенше жағдайлар департаменттері, автожолдар мен коммуналдық қызметтер, жедел медициналық қызмет көрсету салаларының қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті.
Өткен аптада ақтүтек боран ақмолалықтарды біраз әбігерге салғаны белгілі. Сол кезде біраз ғимараттың шатыры жұлынды. Ондаған автокөліктер қар құрсауында қалып, жүзге жуық адам құтқарылған еді. Боранның соңы саршұнақ аязға ұласып отыр. Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі келтірген деректерге қарағанда соңғы бірер тәуліктің ішінде полицейлер жолаушылар тасымалдайтын үш бірдей автобусқа көмек көрсетті. Мәселен, 21 қаңтар күні түнгі сағат 23:45-тер шамасында «Астана-Петропавл» тасжолының бойында «Петропавл — Сарыағаш» бағытындағы «Van Hool» автобусының дизель отыны аяздан қатып қалған. Сол кезде көлік ішінде 43 адам болыпты. Оның ішінде екі жүргізуші Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да, қалғаны Өзбекстан Республикасының азаматтары. Жолда кезекшілік жасап жүрген тәртіп сақшылары мен құтқарушылар автобусқа көмекке келіп, жүргізушісі мен жолаушыларын Шортанды ауданының Бозайғыр ауылындағы кәсіптік-техникалық училищесіне жайғастырды. Жолаушыларға ыстық тамақ ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «Көкшетау-Астана» тасжолының бойында 10 жолаушысы бар «Хюндай старекс» шағын автобусының дизель отыны қатып, істен шыққан. Бұл жолы автобус жолаушылары өзге көліктерге отырғызылып, сапарларын одан әрі жалғастырды. Ал, 21 қаңтар күні түнгі сағат 01:50-лер шамасында Бұланды ауданының Макинск қаласы маңында «Мерке-Түмен» бағытындағы «Сетра» рейстік автобусы да сынып жолаушылар жолда қалды. Автобуста 55 жолаушы мен 2 көлік жүргізушісі болғаны анықталды. – Жолаушылардың дені Тәжікстан Республикасының азаматтары. Олардың барлығы Макинск қаласына жеткізіліп, ыстық тамақ және түнейтін орынмен қамтамасыз етілді, – деп хабарлайды баспасөз қызметіндегілер.
Облыс орталығында үй-күйсіз еш жерде тіркелмеген қаңғыбастарды әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастыру жұмыстары да қолға алынды. Үстіміздегі жылдың 21-22 қаңтары күндері əлеуметтік патрульдің мобильді қызметі мен жергілікті полиция қызметі бірлесіп жүргізген рейдтің алғашқы күні аталмыш бейімдеу орталығының түнгі бөлімшесіне 21 адам, келесі күні 29 адам жеткізілді. Қазіргі кезде облыс аумағындағы ауа райы жағдайына байланысты əлеуметтік бейімдеу орталығы тәулік бойы жұмыс істеуде. Орталық 100 адамға арналған. Оның ішінде 50 орын күндізгі, 50 орын түнгі бөлімшеде. Оған қосымша, тағы 50 кереует дайындалды. Күннің күрт суытуына байланысты қаңғыбастар күніне 3 рет ыстық тағам, жататын орын, алғашқы медициналық көмек, киім жəне санитарлық-тұрмыстық қызметтермен қамтамасыз етілген. Қолданыстағы стандарттарға сәйкес, қыс айларында баспанасыз адамдар кешкі сағат 18:00-ден таңғы 10:00-ге дейін қабылданады. Денсаулығына байланысты қозғала алмайтындар болса, оларға медициналық көмек көрсетіледі. Сауығып кеткенше орталықтан сыртқа шығарылмайды. Ең бастысы, орталықтан пана тауып отырған қаңғыбастарға алкогольдік ішімдік ішуге тиым салынған.
Арқада аяздың былайша күрт көтерілуі қалыпты жағдай. Мұндай суықтарда мектептерде сабақ тоқтатылды. Білім басқармасында аяз күшейген кезде сабақтың болмайтындығы туралы ата-аналарға алдын ала хабарлап отыратын арнайы бөлім жұмыс істейді. Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты үш күннен бері облыс аумағындағы барлық мектептердегі 1-11 сыныптар мен колледждердің 1-2 курсында оқитын оқушыларға сабақ уақытша тоқтатылды.
Синоптиктер 24-26 қаңтар күндері Ақмола облысында минус 45 градусқа дейін аяз болатынын болжауда. Осыған орай, облыстық төтенше жағдайлар департаменті «112» арнайы телефоны арқылы ескерту «смс» хабарламалар таратуда. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындарға осы уақытта үсіп кету, жол апаты, ыстан уланып қалу сияқты қайғылы жағдайларға ұшырамау үшін жаяу, автокөлікпен алыс жолға шықпауға, үйде пеш жаққанда өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауды ескертеді.
Әзірге қатты аяздың беті қайтар түрі жоқ. Тек аптаның соңында температура түседі деген болжам бар. Осы орайда, «сақтансаң сау боларсың» деген қағиданы естен шығармаған абзал дер едік.