• Өткен жылы өнеркәсіп саласында өнім өндіру қарқыны арта түсті.
• Ет, сүт және жұмыртқа өнімдерін өндіру көрсеткіші жақсарды.
• Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 250 миллиард теңгенің 79 жобасы іске асырылды.
• Атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша облыс республикада екінші орыннан көрінді.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен кезекті әкімдік мәжілісі болып өтті. Онда Ақмола облысының 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2018 жылға арналған міндеттер мен облыс бюджетінің өткен жылғы атқарылуының қорытындылары туралы мәселелер қаралды.
Облыс бойынша өткен жылы қол жеткен көрсеткіштер жаман болған жоқ. Әлеуметтік-экономикалық дамудың оң ырғағы қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп саласында бірқатар ілгерілеушіліктер байқалды. Сөйтіп, 545,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл – тауар өнімінің жос-пары 100,2 пайыз орындалды деген сөз. Құрылыс саласында да жоғары нәтижелерге қол жетті. Тұрғын үй құрылысы бо-йынша мемлекеттік бағдарламаның 115 пайызға іске асырылуы соның айғағы. Ауыл шаруашылығы саласында да жалпы алғанда, жыл табысты болды деуге болады. Диқан үміті ақталып, астық тәуір шықты. Бұл саладағы жаңашылдық деп облыс бойынша 35 ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылғанын айтқан жөн. Осының есесінен өнім өңдеу 5 пайызға өсті. Биыл да осындай 28 кооператив құру көзделіп отыр.
Астананың айналасындағы азық-түлік белдеуі бойынша былтыр 10,9 миллиард теңгенің 12 жобасы іске асырылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі 9,2 пайызға артты. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 79 жоба іске асырылып, барлығы 8 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Тағы бір атап өтерлік жетістік, облысқа инвестиция тарту бұрынғы жылмен салыстырғанда 6,1 пайызға өсті. Биыл да жұмыстың осы бағытына үлкен мән беріліп, инвестициялар көлемін кемінде 283 миллиард теңгеге жеткізу қарастырылуда.
2017 жылы халықты әлеуметтік қорғауға да жете көңіл бөлініп, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға дейін қысқартылды. Сонымен бірге, денсаулық сақтау, білім салаларында да белгілі бір оң өзгерістерге қол жеткізілді. Жыл ішінде жергілікті бюджетке кіріс есебінде 61,2 миллиард теңге қаржы түсіп, жоспар асыра орындалды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Б.Мәлғаждаров өз баяндамасында осы жайларды айта келіп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасындағы меморандумның мақсатты индикаторларының көбі орындалғандығын атап өтті. Ал, облыс әкімі мен өңірлердің әкімдіктері арасындағы меморандум 92,5 пайызға орындалған. Баяндамада кейбір көрсеткіштерде облысты артқа тартқан аудандар да аталып, 2018 жылдың міндеттері көрініс тапты.
Бұдан кейін өткен жылғы облыстық бюджеттің орындалуы туралы қаржы басқармасының басшысы Т.Бөлтенов баяндама жасады. Онда бюджеттің кіріс бөлігі 229 миллиард 641 миллион теңгені құрап, 32 миллиард теңгеге өскендігі атап өтілді. Шығыс бөлігі 228 миллиард 786 миллион теңгеге тең болған. Сөйтіп, 99,6 пайызға орындалған. Бұл – облыстар арасындағы тоғызыншы нәтиже. Бірқатар
аудандар мен басқармалардың жұмысындағы кемшіліктерден 855 миллион теңге бюджет қаржысы игерілмей қалып отыр. Осыған байланысты селекторлық тәртіпте өткен кеңесте Қорғалжын, Жақсы, Бурабай және Аршалы аудандарының әкімдері Қ.Рыскелдинов, Қ.Сүйіндіков, Қ.Қарауылов, А.Тайжанов, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары М.Қансейітов есеп беріп, жағдайды түзететіндіктеріне сендірді.
Облыс әкімі өзінің қорытынды сөзінде әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері тұрақты назарда екендігін еске салып, әрбір саланың жай-күйіне жеке тоқталды. Соның ішінде егіншілік саласын әртараптандыруды одан әрі жалғастыруға және азық-түлік бағасын тұрақтандыруға назар аударды. Расында, облыста кейбір азық-түлік, көкөніс түрлеріне баға көтеріліп кеткен. Сонымен бірге, орта және шағын бизнесті дамыту жос-парын да қайта қарап, жүйелей түсу керек.
– Өткен жылды негізінен жақсы аяқтадық. Осы бетімізден таймай, жаңа жылда да экономика мен әлеуметтік салада жұмыстың тиімділігін қамтамасыз етуіміз керек, – дей келе, облыс әкімі нақты міндеттерді белгіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.