Салауатты өмір салтын насихаттау, табиғатты сүю, спорттық балық аулау мен жалпыға қол жетімді демалысты ұйымдастыру мақсатында ауданда балықшылардың спорттық мерекесі болып өтті.
Қараөзек ауылдық округінің аумағында өткізілген бұл спорттық шараны аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды. Балық ұстау жарысына ауданның жиырмадан астам балықшысы жиналды. Бұл шарада балықшылар мұзды ойып, оның астындағы балықтарды қажетті ауамен де қамтамасыз ететіні белгілі.
Жарыстың ашылу салтанатында Қараөзек ауылдық округінің әкімі Қорқытбай Мұхамадиев сөз сөйлеп, балықшылардың жарысына сәттілік тіледі. Тәжірибелі балықшылар балықтың көп жерін біледі. Осы орайда, орын қатысушыларға жеребе тастау арқылы бөлінді. Бұның нәтижесі кейде балық аулаудың сәттілігін немесе сәтсіздігін шешеді. Жарыста балықты екі қармақпен және бірнеше ілмекпен аулауға рұқсат етілді. Мұнда әркім өз жемдері мен әдістерін пайдалана алды. Ұсталған олжа балықшылардың өздерінде қалды. Аязға қарамастан, жарыс өте қызғылықты өтті. Қатысушылардың бәрі жақсы дайындалғандарын көрсетті.
Балықты көп ұстаған Капитоновка селосының командасы жеңімпаз атанды. Макинск қаласының өкілдері екінші орыннан көрінсе, Қараөзек ауылдық округінің командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Соңғы жылдары Ақмола облысында балық аулаудың спорттық жарысы қанатын кеңге жаюда. Табиғаттың аясында өтетін турнирлерге қатысқылары келетіндердің саны өсуде.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.
Бұланды ауданы.