Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Қазақстан Республикасының ғылым мен білімді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланған облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысына қатысып, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы білім саласына қатысты міндеттерді пысықтады.
Мәжіліске қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, білім бөлімдерінің, осы ведомствоға бағынышты білім беру ұйымдарының, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары қатысты. Жиында баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтың айтуынша, 2017 жылы облысымыздың білім беру жүйесін қаржыландыру мақсатында шамамен 65 миллион теңге бөлінген. Қазақстан Республикасының ғылым мен білімді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған істермен қатар, әлі де күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелер де бар.
Мәселен, облыста 12 мектеп оқушыларға үш ауысыммен сабақ береді. Осы орайда Көкшетаудағы Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейін 420 орынға кеңейту жұмыстары, облыс орталығы мен Щучинск қаласында 900 және 800 орындық жаңа мектептердің құрылысы аяқталған кезде, үш ауысыммен оқыту мәселесі айтарлықтай шешім табатыны анық. Алдағы екі жылда Целиноград ауданындағы Қажымұқан ауылында да 300 орындық жаңа мектеп бой көтереді. Қоянды, Қосшы, Семеновка ауылдарында салынатын мектептердің де жобалау-сметалық құжаттары дайын тұр. Көкшетау қаласында тағы үш мектепті кеңейту жұмыстары қарастырылуда.
Қазіргі таңда облыс аумағында 600 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар. Оның 23-і өткен жылы ашылған. Шамамен 1900 орынды қамтитын жиырмаға жуық мектепке дейінгі білім беру мекемесін жеке кәсіпкерлер ашқаны айтылды. Соның арқасында Степногорск қаласы мен Сандықтау, Егіндікөл, Ерейментау, Есіл, Жақсы аудандарында 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту жұмыстары 100 пайызға орындалған. Ал, бұл көрсеткіш керісінше Көкшетау қаласы мен Аршалы, Астрахан, Зеренді, Біржан сал аудандарында төмен. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені шешу үшін тек мемлекеттің қаржысына ғана иек артып қоймай, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында да бала бақшалардың құрылысын жандандыру қажеттігін айтты. 2019 жылға дейін еліміз бойынша 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жоспарланғанымен, біздің облыста 25 мың бала балабақша кезегінде тұр.
– Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында балабақша ашу ісінде тәжірибесі мол аудандар өзгелерге үлгі болуы тиіс. Бұл сөзімді Аршалы, Астрахан секілді балабақша кезегі шешілмей тұрған аудандарға қаратып айтып отырмын. 2019 жылға дейін балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтып үлгеруіміз керек, – деді Айна Мысырәлімова өз сөзінде.
Мәжілісте білім саласына қатысты бұдан басқа да мәселелер қамтылды. Әсіресе, облыс орталығында Оқушылар сарайын салу қажеттігін тілге тиек еткен облыстық білім басқармасы басшысының ұсынысы өте орынды. Сондай-ақ, қорытынды жиында Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары Гүлнәр Қадырова, Целиноград аудандық білім бөлімінің басшысы Қанат Ахметовтың баяндамалары тыңдалып, алда тұрған маңызды істер сараланды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: білім көрмесінде.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.